Фото: Ақмола облысының әкімдігі
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында нысандардың құрылысына бюджеттен 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. 43 мыңнан астам ауыл тұрғындары медициналық қызметке қол жеткізеді деп жоспарланған.
Алғашқылардың бірі болып Егіндікөл ауданы, Бауманское ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған. Оның құрылысына бюджеттен 246 миллион теңге бөлінген. ФАП күніне 40 науқасты қабылдай алатыны атап өтілді.
«Қазір басқа да медициналық нысандардың құрылысы жүріп жатыр, олар жыл соңына дейін кезең-кезеңімен ашылады. Барлық МСАК ауруханалары шалғай ауылдық елді мекендерде салынып жатыр, бұл ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады. Бұл ретте 20-дан астам денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үшін бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл медициналық инфрақұрылымның тозуын азайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға септігін тигізеді», деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, фельдшерлік-акушерлік пункт 800-ге жуық адамды құрайтын Бауманское және Қоржынкөл ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ол әртүрлі медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы кабинеттермен жабдықталған.