1954 жылы Төлеу Көбдікұлы Балқаш қаласында тұратын қызы Шәрбәттің үйіне қонаққа барады. Сол кезде суырыпсалма ақын болып көпке танылған сөз иесіне Алаш арысы Әлихан Бөкейханның інісі, тектінің тұяғы Смахан төре арнайы келіп сәлем береді. Сібірге жер аударылып, қуғын көрген Смахан Бөкейханов 1953 жылы Сталин өлген соң елге қайтып, Балқаш өңірінен мекен-тұрақ табады. Оның Балқаш қаласындағы Жұмысшылар поселкесіндегі 14-үйде тұрғаны туралы деректі Шығыс Түркістан Республикасы тарихындағы елеулі тұлға, ғалым, журналист Балқаш Бафиннің шығармалар жинағынан кездестіруге болады.
Смахан Бөкейханов Төлеу ақынмен шер тарқатып, ұзын-сонар әңгіме-дүкен құрады. Халық ақынының қайтуға айналған сәтінде төре ақынға «таяғымызды алмастырайық» деп, інілік ізетпен Төлеу Көбдікұлына өзінің балдағын ұсынған екен. Екі тарихи тұлғаның арасын жалғаған, сыйластық куәгері болған бұл жәдігер бүгінде Мұрат Төлеуұлы ұрпақтарында сақталған.
«Атамыздың Смахан төремен байланысы туралы әкеміздің өз аузынан көп естідім. Ол кісі Төлеу Көбдікұлын іздеп Топчихаға екі рет барыпты. 1955 жылы Шар қаласынан келіп, басына барып құран оқығаны туралы жоғарыда тоқталып өткен Мұрат Төлеуұлының естелігінде айтылады», дейді Төлеу Көбдікұлының немересі Шынар Мұратқызы.
Бекзаттық белгісіндей болған бір емес, екі бірдей тарихи тұлғаға қатысты тарихи жәдігер өткен мен бүгінді жалғап, ғылыми-танымдық көрмелерден орын алып келеді.
Абай облысы