«Таза Қазақстан» • 11 Қазан, 2024

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

65 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күздің жанға жайлы, шаруаға қолайлы қоңыржай күндері бүкіл облыс көлемін қамтыған сенбіліктер, экоакциялар жүріп жатыр. 8 қазанда Қостанай қаласы мен Әулиекөл, Федоров, Қарасу аудандарында саябақтар мен тұрғын үй аулалары, көшелер күзгі жапырақтардан аршылып, өзен-көл жағалаулары тазартылды.

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

Көп болып қолға алынып жатқан таза­лық акцияларына жер­гілікті атқарушы билік өкіл­дері, табиғат жанашырлары, қо­ғамдық бірлестіктер, ерікті жастар, белсенді тұрғындар атсалысып жатыр. Экологиялық іс-шаралардың дені тұрғындарды тазалыққа, қоршаған ортаны аялап ұстауға, табиғатты қорғауға үндейтін көңілді ойын, байқау, фестиваль түрінде өтіп, кейде бұқаралық спорт жарыстарына да ұласып кетеді.

«Таза Әулиекөл» экоакциясы аясында Әулиекөл ауы­лының үлкен-кішісі бір кісідей жұмылып, көше сыпырып, орталық саябақты, бір­неше аллеяны жапырақтан тазартты. Біраз шаруаның басын қайырып тастаған соң тұрғындар 3 ша­қырым қашыққа жүгіруден жарысты. 14 жасқа енді толған жас балалар да, сексенді алқым­дап қалған қариялар да қалыспай жү­гірген көңілді жарыстан кейін шағын ғана мерекелік жи­ын өтіп, жеңімпаздарға, ауыл тазалығын сақтауға үнемі атсалысып жүрген жастарға, зейнет­керлерге аудан әкімінің Алғысхаты табыс етілді.

Аудандық ТКШ бөлімінің бастығы Егор Черновтың айтуынша, Әулиекөл ауданында «Таза Қазақстан» экоакциясы басталған сәуір айынан бері ар­найы полигонға 9 220 тонна қоқыс шығарылып, қырықтан астам заңсыз қоқыс үйіндісі жойылған.

«3 260 ауланы абаттандырдық, иесіз қалған 46 ғимарат бұзылды, 40 000 шаршы метрден астам жердің шөбі шабылды, 11,5 км

қор­шау орнатылды, «Таза Қа­зақстан» экологиялық бағдар­ламасы аясындағы сенбі­лік­терге 6342 адам қатысты, 102 техника жұмылдырылды. Ор­талық алаңдар абаттандырылып, 2 су­бұрқақ жөнделді. Ал бүгінгі «Таза Әулиекөл» спорт­тық экоакциясы аудан тұр­ғын­дарын таза ортада өмір сүруге шақыру, экологиялық мәде­ниетті қалып­тастыру мақса­тында өтіп жатыр», дейді ТКШ бастығы.

Дәл осы күні Федоров ауда­нының Баннов ауылындағы Тоқтас көлінде «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Бұл іс-шараға қатысқан 200-ден астам тұрғын он шақты топқа бөлініп көлдің жағасын, ауылға кіреберіс жолдардың бәрін тазартып шықты. Акция барысында тұрғындар пластикалық бөтелкелерді, пакеттер мен бас­қа да қатты қалдықтарды қоса ал­ғанда, шамамен 1,5 тонна қоқыс жинады.

«Бұл акция көп болып жұ­мыла білсек, үлкен күшке айналатынымызды көрсетіп берді. Бүгін ауылға тиіп тұрған әсем көлдің жағалауын тазалап едік, айналамыз мүлде басқаша кейіп­ке еніп, түрленіп шыға келді. Бұл ең алдымен өзімізге жақсы емес пе?», дейді аудандық мәслихаттың депутаты Алексей Байназаров.

Қарасу ауданында өтіп жат­­­қан сенбіліктер, эко-квест, санитарлық тазалау, елді ме­кендерді абаттандыру жұмыс­тары да – көпке үлгі. Қазанның сегізінде аталған ауданға қарасты Черняев ауылдық округінің ақ­сақалдары сенбілікке шықты.

«Өз ауылымыздың айна­ласын таза ұстауға болады ғой. Көптің күшімен бітетін мұн­­дай іс-шаралардың жалпы ауыл тұрғындарының ын­ты­мағын арттыруға, кейінгі жас­тардың үлгі-өнеге алуына септігін тигізеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы біздің округте, жалпы аудан көлемінде апта сайын өтіп тұратын болады», дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұртан Ақшалов.

Ауыл ақсақалдарының бас­тамасы көпшілік қолдауына ие болып, жүзден астам тұр­ғын экоакцияға атсалыс­ты. Өнер­паздар ән салып, күй әуе­летсе, жергілікті шаруашылықтар көше асханасын ұйымдастырып, дастарқанға ыстық шай, дәмді тағамдарын жайып қойды.

Бұл күні қостанайлықтар да қарап қалған жоқ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған өңір белсенділері Арыстанбеков көшесі бойында орналасқан саябаққа ағаш отырғызды. Таяу­да ғана бұл көшедегі бос жатқан аумақ абаттандырылып, жаңа шағын саябақ ашылған. Жаңа саябақта спорт алаңқайы салынып, тұрғындар демалысына қолайлы жағдай жасалған. Жа­қын арада бұл маңда бала­ларға арналған ойын алаңы мен қо­ғамдық дәретхана іске қо­сылады.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысында белсенді жүзеге асып жатыр. Жыл басынан бері рұқсат етілмеген 185 қоқыс полигоны жойылды. Сондай-ақ 86 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Облыстық бюджеттен абаттандыру жұ­мыс­тарын атқаруға 11 млрд тең­­геден астам қаржы бөлінді. Нә­тижесінде, 327 саябақ пен сквер тазартылып, қалыпқа келтірілді. Мұның сыртында, сол қаржының көмегімен жаңадан саябақтар ашылып жатыр. Облыс орталығы болғандықтан, әрине, Қостанай қаласына ерекше көңіл бөлінеді. Биыл «Триатлон-паркті» қалыпқа кел­тірдік. Тобыл өзенінің жа­ғалауы реттелді. Ол маң қазір тұрғындар мен қала қонақтары демалатын өте қолайлы әрі кө­рікті орынға айналды. Орталық саябақта да 200 млн теңгеге бір­аз жұмыс атқарылды. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс келер жылы да жалғасады. Ескірген атрак­цион­дардың орнына жаңа заманауи атракциондар қойылатын болады», деді облыс әкімі.

 

Қостанай облысы