Тағзым • 11 Қазан, 2024

Ақын есімі асқақтады

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елім деген ері барда, ерім деген елі де болары даусыз. Тұтас саналы ғұмырын ұлт жолына арнаған тұлғалар бар. Бар ғұмыры ел тағдырымен бір қолдың саласындай байланысқан ардақты ерлер жетерлік. Солардың бірі һәм бірегейі – Сәкен Сейфуллин.

Ақын есімі асқақтады

Елордада С.Сейфуллин атын­дағы ҚазАТЗУ-дың мәжіліс залында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ақын, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толу құрметіне орай «Сәкен Сейфуллин: халыққа арналған өмір» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сәкен Сейфуллин: халыққа арналған өмір» атты ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырушыларға, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ұжымына алғысын айтып, жолдаған құттықтау хатын оқудан бастады.

Келелі кеңесте Парламент сенаты­ның төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құт­тықтау хатын сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев оқып берді.

– Сіздерді қазақ руханиятында орны бөлек талант иесі, ағартушы, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған халықаралық ғылыми кон­ференцияның ашылуы­мен шын жүректен құттық­таймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихында ерекше орын алатын қайраткерлердің мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту, жалпыұлттық бірегейлігімізді ны­ғайтатын маңызды дүние деп айтқан еді. Сәкен Сейфуллин небәрі отыз жасында «Өткен күндер» жинағы арқылы ұлтына үн қатып, ерекше парасат-пайымымен танылды. Қазіргі қазақ әдебиетінің және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы ретінде ұлттық мүддеге өлшеусіз, зор еңбек сіңірді. Барлық істе қазақты оқуға, үйренуге шақырып, елін егемендікке жетеледі және сол жолда басын бәйгеге тікті, – деген Мәулен Сағатханұлы құттықтау хатында.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов­тың құттықтау хатын депутат Серік Егізбаев жеткізсе, Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің құттық­тауын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп көпшілік қауымға таныс­тырды.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы – ректор Қанат Тіреуов жиналған көпшілікке алғыс білдіріп, университеттің жұмыс барысы жөнінде бірқатар мәліметтер беріп өтсе, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы елімізде қайбір саланың маманы болсын, ұлттың ұлы тұлғаларының тағлымымен сусындап, рухты болып өсуге тиіс екенін айтты.

Белгілі ғалым Зиябек Қабылдинов сирек мұрағаттардан жиналған құ­жат­тар мен білікті зерттеушілердің пікіріне сүйене отырып, ақын өмі­рінің елеулі тұстары жөнінде жаңа мағлұматтарымен бөлісті.

– Елдің тұтастығына аянбай қызмет еткен, ұлты­мыз­дың ұлағатын танытқан қазақтың қасқа азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллинге бүгін лайықты құрмет көрсетудеміз. Сәкен өте өнегелі отбасында дүниеге келгені анық. Әкесі Сейфолла сегіз қырлы бір сырлы, аңшылықты кәсіп еткен, домбыраға, өнерге жүйрік кісі болса, анасы ел аузында жүрген ежелгі фольклор нұсқаларын жақсы білген. 1913 жылы С.Сейфуллин сол замандағы өте беделді оқу орны Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Қарқынды түрде өздігінен білім алумен айналысады, көп оқиды. Оқу жылының басынан бастап ол қаланың мәдени және қоғамдық өміріне белсенді түрде кіріседі. «Бірлік» атты жас қазақ ұйымының құрамына енеді. Олардың алдында қазақ халқына білім мен ғылымды және мәдениетті насихаттау мақсаты тұрды. Өз құрдастары арасында Сәкен Сейфуллин дарынды ақын, талантты публицист ретінде белгілі болды, – деді ол.

Ал «Қазақ газеттері» серіктес­ті­гінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жастар бірегей тұлғаның елшіл еңбектерінен көп дүние табатынын дәйектеді.

– Сәкен Сейфуллиннің өмірін жаңа қырынан тануға атсалысып отырған ғалымдар аз емес. Әрбір жастың санасында «Сәкен Сейфуллиннің шығар­машылық, қайраткерлік мұрасы туралы біз нені білуіміз, қай қырын темірқазық етуіміз керек?», деген сұрақ тұруы қажет деп есептеймін. Сәкен – саналы ғұмырында елеулі еңбек жасаған, тарихтағы орнын анықтаған, қилы кезеңде өмір сүрсе де азаматтығын асқақ ұстаған тұлғаларымыздың бірі. Бүгінгі қо­ғамдағы күрделі мәселелерге әрбір жас өзін жауапты сезіне білуі керек. Өзекті мәселе Сәкен заманында да болды, ол кісілер жас болса да мәселелерді дұрыс, лайықты шешіп отырған. Міне, бүгінгі ел жүгі сіз бен біздің мойнымызда тұр, – деп, ақын мұрасын жан-жақты талдап, жырларының астарлы мәніне тоқталды.

Сәкен Сейфуллин атындағы музей директоры, тарихшы, ғалым Марат Әбсемет ақынның «Асау тұлпарын» Түркияның Егей университетінің ғалымдары зерттегенін, Сәкен Сей­фуллин ұшаққа алғаш мініп ел ара­­лаған қайраткер екенін баяндаса, профессор Серік Негимов ақынның айдарлы жырларына тоқталып, көрнекті тұлғаның азаматтық борышын адал атқарғанын тілге тиек етті.

Сонымен бірге әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­­­тетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Светлана Ананьева, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМЗУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМЗУ профессоры Шапағат Жалмаханов, сахнада Сәкен рөлін сомдап жүрген актер, драматург Қанат Жүнісов, С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының оқу­шысы Махаббат Нұртазина баянда­ма жасап, тың ойларын ортаға салса, С.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық зерттеу уни­верситетінің 3-курс студенті Елдар Әмірхан дауылпаз ақынға арнап жырдан шашу шашты.