Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір қалада тұрса да сәннен қалмайтындар бар. Соңғы жылдары ел назары жеті қазынаның біріне ауып, тұщымды тақырыпқа айналғалы қолы жеткен жұрт таза қанды төбет, қақпан бел тазы ұстауға көшкен. Ермекбай да сондай адамдардың бірі.
– Аң қағасың ба? – деп сұрадық біз, – ауызданған тазы ма?
– Жоға, күшік кезінен бері байлаулы тұр.
– Апырмай, желмен жарысқан жүйрік иттің киесі бар емес пе? Сайын даланың сәніне айналған қайран тазыны қор қылып шынжырға байлап қойғаның не?
– Ара-тұра үйге қонақ келгенде көрсетуге жақсы, – деп қарқ-қарқ күлді Ермекбай, – күшік кезінен аттың тізесіне үйрету керек деп еді аңшылар, оған ат жоқ. Аңға да шығып жатқан жоқпын. Сән үшін ғой, сән үшін. Енді бір төбет алсам ба деп ойланып жүрмін.
Мәнсіз әңгімені әрі қарай созудың реті жоқ еді. Тек сән қуғанның жөні осы екен деп, жалпақ далада бұла өскен тазы мен төбетті шынжырлап бағып, босағаға байлап, телміртіп қойғанның несі жақсы? Жүні жығылып, көздері мөлдіреген, тумысында қолтығын сөгіп бір жүгіріп көрмеген қайран тазыны осылай қорлағаны адамшылыққа жата ма?
Көкшетау