Маңғыстау облысында мал санының көрсеткіші өңірдің табиғи ерекшеліктеріне, экономикалық өзгерістерге байланысты өзгеріп отырады. Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өңірде мал саны кейінгі 20 жылда 546 631 басты құрап, 24,2% өскен, яғни 2003 жылы 440 187 бас мал болған. Есеп түйе санының 2003 жылғы 30 252 бастан 89 476 басқа жетіп, үш есеге, жылқының 20 жыл ішінде 26 569 бастан 131 269 басқа жетіп, бес есеге өскенін, ал қой мен ешкінің 2003 жылғы 376 957 бастан 306 846 басқа кемігендігін көрсетеді.
Биыл ауыл шаруашылығы саласында 18,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш кейінгі он жылда 3,5 есеге өскен, оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 17,0 млрд теңгеге немесе 3,6 есеге көбейген. Агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту үшін инвестиция тартуға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде облыста кейінгі бес жылда 3 000-нан астам агроөнеркәсіптік кешен нысандарына 5,2 млрд теңге көлемінде субсидия берілген. Нақты айтсақ, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында, 2,8 млрд теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 490 агроөнеркәсіп нысандарына 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. 2024 жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында, жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаражат қарастырылып, 283 нысанға 483,6 млн теңге субсидия төленген.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылы қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын арттыру мақсатында 1,2 млрд теңгеге 165 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін масштабтау тұрғысында «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру» жаңа бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен Маңғыстау облысына 3,0 млрд теңге бөлініп, аталған бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Аталған мемлекеттік қолдау нәтижесінде жеке инвесторлардың көмегімен ауыл шаруашылығы саласында кейінгі 5 жылда 13,2 млрд теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба іске асырылды. 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалар аясында жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 209 жаңа жұмыс орны ашылса, 2023 жылы жалпы құны 1,0 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ұсынған 4 жоба жүзеге асырылды. Аталған бағытта 2024–2026 жылдары жалпы сомасы 13,8 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың арасында биыл Ақтау қаласында орналасқан «ОРЦ Ақтау» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын, Бейнеу ауданында орналасқан «Карибаев» ЖК жылыжай кешенін, Жаңаөзен қаласында орналасқан «Найзабеков» ЖК шағын құс фермасын, 2025 жылы жоспарға сәйкес жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайтын, 81 жаңа жұмыс орны бар 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту бағытында басқа да ауқымды жұмыс қолға алынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы шопандар тойына жаңа жоба, тың жоспарлармен келді.
Киіз үйлер қаз-қатар тігіліп, ән-күй төгілген шопандар тойы тып-тыныш дала төріне сән-салтанат сыйлады. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, сала ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысқан тойда аламан, тай бәйгелері, ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп, жергілікті өнімдер мен шеберлер көрмесі ұйымдастырылды.
Дала еңбеккерлерінің мерекесіне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
«Ауыл шаруашылығы – экономиканың адамзаттың өмір сапасына тікелей әсер ететін басты салаларының бірі. Сіздердің тіршілікке қажетті тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор тұрақты дамып келеді. Ауыл шаруашылығы саласы – өңірде қарқын алып келе жатқан салалардың бірі. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласында 18,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,7%-ға артық. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 17,0 млрд теңгеге немесе 22,5%-ға көбейді. Агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытуға инвестиция тарту күн тәртібінен бір де түскен емес. Атқарушы билік бұл мәселені қашанда назарында ұстап келеді. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жеке инвесторлардың көмегімен ауыл шаруашылығы саласында кейінгі 5 жылда жалпы сомасы 13,2 млрд теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба іске асырылды. Қазіргі таңда 15 жоба жұмыс істеп тұр. Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, дегенмен Маңғыстау облысындағы инвестициялық жобалар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етіп, облыс экономикасының өсуіне серпін беретініне сенім мол. Бұл кәсіби мереке – кәсібін жермен байланыстырып еңбек ететін, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін еліміздің, өңіріміздің қажеттілігіне сай азық-түлікпен қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың басын қосатын ортақ мейрам. Жерімізді дұрыс пайдалана алсақ, таусылмайтын қазына, молайып отыратын зор байлық. Бізге ата кәсіпті жаңғырту – ұлттық мұрат, мемлекеттік мақсат», деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Итқұсов іс-шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, облыс мал шаруашылығында ерекше орын алатын жылқы, түйе, қой шаруашылықтарын дамыту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті. Салтанат барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан сала ардагерлері мен облыс ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Аламан бәйгенің жеңімпазына автокөлік сыйға берілді. Бір күн бойы даңғайыр дала төсін көркем күйге, ән-думанға бөлеген шопандар тойы барша бұқараның көңілінен шықты.
Маңғыстау облысы