Сурет: ru.freepik.com
Конференцияны ашқан Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат референдумға қатысқан азаматтардың 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдап дауыс бергенін атап өтті. Осылайша, көп жыл бойы қызу талқыға түскен мәселе шешімін тапты.
– Семей ядролық полигонын жабу және оның ядролық арсеналын жою арқылы Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші мемлекет болды және әлемдік антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі мәртебесін лайықты түрде алғанын әлем біледі. Ядролық сынақ 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 40 жыл бойы жүргізілгенін еске салғым келеді. Осы уақыт ішінде елімізде атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтарын қоса алғанда 456 жарылыс болды. Егер 40 жыл 480 айды құрайтынын ескеретін болсақ, онда сынақтар айына бір рет өтіп тұрған. Бұл ауыр экологиялық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелді. 1,5 миллионнан аса адам радиацияның жойқын әсеріне ұшырады. 300 мың га шаруашылық жер жарамсыз болып қалды, мұны Италияның жер көлемімен салыстыруға болады. Радиоактивті жұқтыру аймағында Өскемен, Семей, Риддер қалаларын қоса алғанда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының бірнеше жүздеген елді мекені болды. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Осыдан соң біз бейбіт атомды ғана қолдаймыз, – деді Б.Темірболат.
Ал Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету, оның ішінде инновациялық технологияларды енгізу және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік белгілеген қауіпсіздік стандарттарын енгізу мәселелерін сөз етті.
Оның айтуынша, жаңа буын реакторларының конструкциялары тіпті төтенше жағдайларда да қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ететіндей жасалған.
– Төмен байытылған уран банкін құру еліміз үшін жоғары имидждік құндылыққа ие. Халықаралық қауымдастық елімізді МАГАТЭ-нің адал мүшесі және ядролық материалдарды сақтайтын қауіпсіз орын ретінде бағалады. МАГАТЭ басшылығы біздің кәсіпорынды төмен байытылған уран банкінің операторы ретінде жоғары бағалағанын атап өткен жөн. Біз қол қойылған халықаралық құжаттар аясында барлық міндеттемені орындауды жалғастырамыз, – деді Үлбі металлургиялық зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий.
Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық компанияның атқарушы директоры Мелисса Парк болса, ядролық қару азайып қана қоймай, толығымен жойылатын әлемге сенетінін алға тартты.
– Біз ешбір ел, ешбір халық ядролық қарудың қасіретін бастан кешірмейтін әлемге сенеміз. Қазақстан биліктің орнына бейбітшілікті, жойылудың орнына қауіпсіздік пен адамгершілікті таңдауға болатынын көрсетті. Бірақ Қазақстан мұны жалғыз өзі жасай алмайды. Халықаралық қауымдастықтар қол жеткен жетістікті дамытуға, оны сақтап қалуға бірігуі керек. Біз қарусыздануды ілгерілету, ядролық тәуекелдерді азайту және өзара жойылу қаупіне емес, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздікті ілгерілету жөніндегі күш-жігерімізде бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек, – деді М.Парк.
Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Ерлан Батырбеков те елімізде атом электр стансасын салуға қатысты өткізілген референдум жөнінде сөз қозғады.
– Атом энергетикасы елеулі инновациялық әлеуетке ие және адамзаттың кем дегенде үш жаһандық мәселесін шешуге ықпал етеді. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық өсу және экологиялық жағдайды жақсарту, – деді ол.
Халықаралық конференцияның соңында қатысушылар бейбіт атом болашақта мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық өсуінің негізгі факторларының біріне айналатынына сенім білдірді.