Сурет: inbusiness.kz
Осы заң аясында Бас прокуратураның жанынан активтерді қайтарумен айналысатын жеке ведомствоның қызметі жолға қойылды. Сондай-ақ түскен қаражатты жинақтауға Арнаулы мемлекеттік қор мен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС құрылды. Бұл компанияның негізгі міндеті – мемлекетке қайтарылған активтерді тиімді басқарып, сақтау әрі сатуды қамтамасыз ету. Осылайша, түскен қаражат еліміздегі әлеуметтік жобаларды қолдау үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі. Компанияның мемлекеттік үлесіне Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті иелік етеді. Осы арқылы ұйым қызметінің қоғамға ашықтығы реттелген.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 14 қазандағы жағдай бойынша компанияның балансында зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және өндірістік базаларды қоса алғанда 254 актив бар. Ұйым активтердің сипаттамаларына байланысты басқарудың түрлі әдістерін қолданып келеді. Мысалы, электронды аукциондар өткізу, талап ету құқықтарын беру, қор биржасында активтерді сату және басқа да заңды тәсілдер қарастырылған. Активтерді сату E-Qazyna порталы арқылы жүзеге асырылады.
Бүгінде компания 6,3 млрд теңгеден асатын активтерді сатқан. Оның ішіндегі 4,4 млрд – шетелдік активтерден
түскен қаражат. Барлық қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі. Ал ол қордан Ұлттық экономика министрлігінің ережелеріне сәйкес іріктелген маңызды әлеуметтік жобалар қаржыландырылады.
9-11 қазан күндері өткен сауда-саттық аукционы тіркелушілер болмауына байланысты өтпеді деп танылды. Осы орайда аукционға қойылған активтерге тоқталып өткеніміз жөн.
9 қазанда аукционда екі ЖШС-ге қатысу үлесі ұсынылды. Атап айтқанда, жеке қазандықтары бар, жылу энергиясын өндіру қызметі жолға қойылған «Тұлпар» ЖШС, сондай-ақ суды жинау, өңдеу әрі тарату қызмет түрімен айналысатын «Zharkent SU» ЖШС. Бұл активтер – коммуналды сала мен энергетикалық секторда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға инвестиция салғысы келетін инвесторлар үшін тартымды бағыт.
Ал 11 қазанда саудаға жалпы құны 414 271 364 теңге болатын монеталар, сағаттар мен зергерлік бұйымдарды қоса алғанда, коллекциялық заттар қойылды. Жалпы құны 1 564 810 теңге болатын коллекциялық монеталар (5 лот) болды. Әр монетаның құны – 150-ден 690 мың теңгенің аралығында. Бұған қоса құны 314 742 586 теңгені қамтитын әйгілі бренд сағаттары (8 лот) сатылымға шықты. Оның ішінде қолдан жасалған Ulysse Nardin Сlassic 789-80 және 18К алтын элементтері бар шектеулі сағаттар сериясы 214,4 млн теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ Franck Muller Genève асыл тастармен безендірілген қызғылт алтын корпус құны – 29,2 млн теңге, Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser ақ алтыннан жасалған корпус – 29 млн теңге, Breguet 882u №3271 корпусы зақымданған алтыннан жасалған сағаты – 10 379 740 теңге.
Жалпы құны 97 963 968 теңге болатын зергерлік бұйымдар (5 лот) бар. Ең қымбат лот – сырға, алқа, шынжыр және сақинадан тұратын гауһар жиынтығы 85 млн теңгеге бағаланған.
Осы жолғы аукционда қызығушылық танытқан сатып алушылар болмады. Дегенмен компания сатып алушыларды іздеу жұмыстарын жалғастырып, бұл активтерге сатып алушы табылғанға дейін аукциондарды өткізе береді.
Сондай-ақ биыл 7 қазанда саудаға Алматы қаласындағы жер учаскесі бар аяқталмаған құрылыс қойылды. Бастапқы бағасы – 6 278 384 321 теңге (ҚҚС есептемегенде). Бұл аукционды өткізу 24 қазанға белгіленіп отыр.
Аталған аукциондар нәтижесінде түсетін қаражат тек мемлекеттік бюджетке ғана бағытталмайды. Өтелген қаржы денсаулық сақтау, білім беру және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады. Бұл активтерді сатып алу арқылы аукцион қатысушылары маңызды бастамаларды қолдап, қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.
Саудаға қатысу үшін E-Qazyna порталында тіркеуден өту қажет. Жеке тұлғалар ЖСН мен дербес деректерді, ал заңды тұлғалар БСН мен бірінші басшыға қатысты мәліметті көрсетуге тиіс. Өтінім электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану арқылы жіберіледі және кепілдік жарнаның төленуімен расталады.
Сондықтан аталған аукционды құнды активтерді сатып алу ғана емес, еліміздің келешегіне үлес қосу мүмкіндігі деп білуге де болады. Басқарушы компания қаржылық көрсеткіштерді барынша арттыруды ғана емес, сонымен қатар барлық рәсімде ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жұмыстың тиімділігі бірнеше негізгі көрсеткіш бойынша бағаланады. Оның ішіне Арнаулы мемлекеттік қорға аударылған қаражат көлемі, активтерді іске асырудың табысы, сондай-ақ басқару үдерістерінің әрбір кезеңіндегі ашықтық пен қауіпсіздік деңгейі кіреді. Таяу жылдары компания мемлекеттік активтерді басқару саласында өз қызметін одан әрі жетілдіре түсуді мақсат етіп отыр. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – құрылымды жаңғырту, www.kuva.kz веб-сайтын жаңартып, дамыту. Бұл азаматтар мен бизнестің сенімін арттырып, аукциондарға қатысу үдерісін жеңілдетуге жол ашады.