Спорт • 15 Қазан, 2024

Абу-Дабиде бұйырғаны – үш қола

59 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дзюдодан Абу-Дабиде «Grand Slam» турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста еліміздің 12 балуаны өнер көрсетіп, солар­дың үшеуі жеңіс тұғырына көтерілді.

Абу-Дабиде бұйырғаны – үш қола

Жарыстың бірінші күні Әбиба Әбу­жа­қынова алғашқы жүлдені қоржынға салды. 48 кг салмақта күрескен ол ой­да жоқта ресейлік Ма­рина Во­ро­бьевадан ұтылып қалға­нымен, франциялық Лаура Эспанинья мен германиялық Сара Иштыдан айласын асырып, қола медальды мойнына ілді. 60 кг салмақ дәрежесінде үшінші орынға тартыс қазақтың қос өрені – Дәурен Сүйкенов пен Мағжан Шамшаддин арасында өтті. Оның алдындағы бәсекелерде Дәурен Александру Тирцина (Молдова), Бала­бей Ағаев (Әзербайжан), Ко­молиддин Бахтиеровтан (Өз­бекстан) басым түсіп, Изнаур Са­аев­­қа (Ресей) есе жіберді. Мағ­жан Ника Хузаурашвили (Грузия) мен Самараддин Қош­қаровты (Өзбекстан) қапы қал­­дырып, Ри­­вол Седрике (Франция) жол берді. Шешуші бәсе­кенің тағ­ды­ры «шидо» арқы­лы ше­шіл­ді. Шам­шад­дин үш ескерту ал­ғандық­тан, жеңіс Д.Сүй­кеновке берілді.

Әйелдердің аса ауыр салмақ дәрежесінің алғашқы кездесуінде қазақтың қос бұрымдысы бел­десті. Назгүл Маратова мен Ка­ри­на Тәкиева арасындағы бел­десу біріншісінің пайдасына ше­шілді. Қатысушылар санының аз­дығынан бірден жартылай фи­налға жолдама алған Назгүл фран­циялық Корали Хэймнен же­ңілгенімен, қола медальға тартыста ресейлік Анастасия Хо­ло­динаны қапы қалдырды. Дәл сол межеден көрінуге Каринаның да мүмкіндінгі болды. Алайда ол шешуші тұста хорватиялық Хе­лена Вуковичтің осал тұсын таба алмай, бесінші орынды қанағат тұтты.

Өкінішке қарай, өзге жерлес­теріміз сенім үдесінен шыға алмады. Тұсаукесер кезде­су­ле­рінде Дархан Қойбағар (66 кг) Байсангур Багажевтен (Сербия), Жалғас Қайрола (81 кг) Абдул-Керім Та­суевтан (Ре­сей), Руслан Мұсаев (81 кг) Вин­ченцо Пеллиградан (Ита­лия), Мәди Еділбаев (+100 кг) Өткірбек Тұробоевтан (Өз­бекстан) ұтылды. Екінші ке­зең­де Әділбек Берікұлы (66 кг) Мұхрид­дин Тилоловтан (Өзбекстан), Ер­мек Амангелді (73 кг) Татсуки Ишихарадан (Жа­пония), Есмигүл Кую­лова (63 кг) Карлотта Аван­затодан (Италия), Әділет Сапар­ғалиев (100 кг) Арман Адамянан (Ресей) айласына асыра алмады.

 

Жарыс жеңімпаздары

ЕРЛЕР: 60 кг – Изнаур Сааев (Ресей), 66 кг – Мұрат Шопанов (Ре­сей), 73 кг – Махмадбек Мах­мадбе­ков (Тәжікстан), Ерлан Ше­ров (Қырғызстан), 81 кг – Зелим Цакаев (Әзербайжан), 90 кг – Мансур Лорсанов (Ресей), 100 кг –Майкл Коррел (Нидерланд), +100 кг – Валерий Ендовицкий (Ресей).

ӘЙЕЛДЕР: 48 кг – Сабина Гилязова (Ресей), 52 кг – Бишрел­тийн Хорлоодой (Моңғолия), 57 кг – Сейя Балльхаус (Германия), 63 кг – Манон Декетер (Фран­ция), 70 кг – Маргит де Вогд (Ни­дерланд), 78 кг – Анна Монта Олек (Германия), Корали Хэйм (Франция).