- Жұптық сайыстардағы еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге Қытайдың Ухань қаласында өткен WTA 1000 турнирде топ жарды. Финалда олар АҚШ-тың өкілдері – Айша Мұхаммад пен Джессика Пегуладан 6:3, 7:6 есебімен басым түсті.
- Грэпплингтен Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің жасөспірімдер (U15, U17) мен жастар (U20) құрама командалары табысты өнер көрсетті. 88 жүлде (16 алтын, 29 күміс, 43 қола) жеңіп алған жерлестеріміз жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Бұл жарыста барлығы 30 мемлекеттен келген 1 800 спортшы күш сынасты.
- Астанада футзалдан еліміздің суперкубогі сарапқа салынды. «Сайран Аренада» ұйымдастырылған матчта ел чемпионы «Семей» мен ел кубогі иегері «Қайрат» шеберлік байқасты. Бұл тартыс 3:1 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Бәсеке барысында екі допты Алиссон Невес соқса, Кайо Руиз үшінші голдың авторы атанды. Семейліктер сапынан Кайо Торрес мергендік танытты.
- Мәнерлеп сырғанаудан Алматыда өткен Денис Теннің мемориалында бас жүлдені олжалаған Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте екі сатыға жоғарылап, қазірде 11-орында тұр. Енді ол Францияда шымылдығы түрілетін Гран-при додасына қатысады. Егер осы турнирде де сәтті өнер көрсетсе, онда жерлесіміз ТОП-10-дыққа енетіні анық. Бүгінгі таңда үздіктер көшін америкалық Илья Малинин бастап тұр.
- Футзалдан еліміздің әйелдер құрамасы келесі жылдың 21 қарашасы мен 7 желтоқсан аралығында Филиппинде жалауы желбірейтін әлем чемпионатының іріктеу турниріне даярлығын бастады. Бұл күндері қыздарымыз Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Іріктеу сынының элиталық тобында күш сынасу құрметіне ие болғымыз келсе, алдымен Нидерланд пен Польшаны ұтуымыз керек. Бұл бәсекелер елордадағы «Сайран Аренада» өтеді.
- Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) биылғы маусымында жеңілістен көз ашпаған Астананың «Барыс» клубының бас директоры Борис Иванищев өз орнын босатты. Енді оның орнына Олег Болякин («Барыстың» бас менеджері), Рахат Маржықбаев («Барыстың» спорттық директоры), Вячеслав Борисов (жеке хоккей клубының басшысы), Бауыржан Гайсаның (Көкшетау қаласының бұрынғы әкімі, кәсіпкер) бірі келуі мүмкін деген сөз бар.
- Алматыда шаңғымен трамплиннен секіруден ел чемпионаты аяқталды. К125 жаттығуында Данил Васильев бас жүлдені олжаласа, Сабыржан Момынов пен Илья Мизерных күміс пен қола медаль еншіледі.