Мамандардың айтуынша, көктем мен жаз мезгіліндегі ауа райының қолайлы болуы, топырақтағы ылғал қорының жоғарылығы диқандарға жайлы мүмкіндік берді. Бүгінде дәнді, дәнді-бұршақты дақыл алаңының 90,8%-ға жуығы жиналып болған. Орташа өнімділік гектарына 15,1 центнерді құрап, 409,7 мың тонна астық бастырылды. Бидай жинау алаңы 239,0 мың гектарды құраса, дәл қазіргі күні 218,0 мың гектар аумақтан, 329,6 мың тоннадан астам өнім алынды. Картоп егілген 5,8 мың гектардың 5,0 мың гектары жиналды. Орташа өнімділігі – гектарына 224,0 центнер. 5,4 мың гектарға егілген көкөністің 4,8 мың гектары жиналған. Орташа өнімділік – 230,3 центнер. Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да басталды. Бүгінде 11 мың гектардан 11 мың тонна өнім алынған.
Науқан кезінде жеке шаруа иелерінің өтінімдеріне сәйкес, жеңілдетілген бағамен 11,3 мың тонна дизель отыны бөлінген. Қазір 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн, қосымша 700-ден астам сұранысқа ие техинкака егін жинау жұмысына араласып, қамбаларды қазынаға толтырып жатыр. Облыста 206 мың тонна астық сыйғыза алатын қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Арнайы лицензиясы бар 4 элеватор мен жалпы сақтау көлемі 870,9 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің астық қоймалары қызу жұмысқа кіріскен.
«Сақтау қоймаларының қуаттылығы болжамды егінді сақтауға жеткілікті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнім көлемін арттыруға 49,0 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Күзгі дала жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Басқарманың тікелей бақылауында тұрған тағы бір мәселе – төрт түлікті қажетті азықпен толық қамтамасыз ету. Облыс көлемінде өтпелі қалдық ескеріле отырып, 1 720,0 мың тонна шөп, 48,8 мың тонна пішен, 85,1 мың тонна сабан, 109,8 мың тонна кұнарландырылған жем дайындалды», дейді Абай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Мүбаракұлы.
Су ресурстары министрлігімен бірлесіп 2024-2030 жылдарға арналған су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлерді ұлғайту жоспары әзірленген.
Облыс көлеміндегі 13 850 гектар алаңда су үнемдеу технологиясын қолдану ойдағыдай жүзеге асып, жаңбырлату әдісімен 12 257 гектар, тамшылату әдісімен 1 573 гектар қамтылды. Алдағы уақытта су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып 71 718 мың гектар алаңда 20-дан астам жобаны іске асыру мақсат етіліп отыр.
Абай облысы