Сурет: ru.freepik.com
Отырысқа модераторлық еткен палата спикерінің орынбасары Дания Еспаева еңбек нарығын тиімді басқару тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізіп жатқанын жеткізді. Осылай деген ол Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кадрлық әлеуетті арттыру мәселелерінде бірқатар басым бағытты белгілеп, Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін алға тартты. Айталық, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары» жылы болып жарияланды. Сарапшылардың мәліметінше, қазір кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттілік 70%-ға артып отыр.
«Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек. Экономикамызды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларын қайта қарастырып, экономиканың нақты секторларымен байланысын күшейту қажет», деді Д.Еспаева.
Ал оны іске асырудың негізгі тәсілдері Еңбек нарығын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген. Алайда тұжырымдаманы іске асыруда берілетін баяндамалар мен жұмыспен қамту шараларының арасында алшақтық көп. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ашылған 1,5 мың жұмыс орнының 90 пайызы – уақытша, ал «2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобасындағы 67 мың жұмыс орнының 81 пайызы – маусымдық. Депутаттың айтуынша, жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен, орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар да уақытша сипатқа ие. Бұған қоса, елімізде бейресми экономиканың жоғары үлесі және халықтың мемлекеттік қолдауға тәуелділігінің өсуі сақталып отыр.
«Ерекше алаңдаушылық тудыратын – жастардың жұмыссыздығы. Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру үшін мемлекет жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқу үшін гранттар береді. Бірақ оқуды аяқтағандардың барлығын жұмысқа орналастыру үлкен алаңдаушылық туғызады. Айталық, биыл мамандығы бойынша колледж түлектерінің 40%-ы жұмысқа орналастырылды. Оның өзінде мемлекеттік органдар олардың жұмысқа орналасуынан нақты жағдайда таныс емес», деді палата төрағасының орынбасары.
Әйткенмен, Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сөз басында экономикалық дағдарысқа, Covid-19 пандемиясына, сондай-ақ кейінгі 5 жылда бастан кешкен бірқатар ішкі сынға қарамастан, еңбек нарығында тұрақтылықты сақтауға қол жеткізілгенін атап өтті. Мысалы, еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің бірі – жұмыс күші 5 жылда 420 мың адамға өскен.
Министр еңбек нарығындағы тұрақты өсімге қарамастан, мемлекет тарапынан тең мүмкіндікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін одан әрі күш салуды талап ететін бірқатар осал тұсын да жоққа шығармады.
С.Жақыпова тиімді, әділ және серпінді еңбек нарығын құру және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға министрлік 5 негізгі жұмыс бағытын айқындап отырғанын жеткізді. Бұл – мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру, сапалы жұмысшылар санын ұлғайту, кадрлық әлеуетті күшейту, жұмыспен қамтуды заңдық тұрғыдан ресімдеу, жұмыспен қамтудың экожүйесін дамыту. Ал бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін министрлікке еңбек нарығының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, оның ішінде мониторинг пен болжаудың жаңа құралдарын ескере отырып, депутаттардың жан-жақты қолдауы ауадай қажет.
Министр депутаттарға саланың халықты жұмыспен қамту саласындағы цифрлық жобалары туралы егжей-тегжей айтып, электрондық штаттық кесте жобасы сәтті іске асып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Еңбек министрлігі мемлекет мүддесіне сай келетін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін теңдестірілген көші-қон саясатын құру бойынша жұмысын жалғастыра береді. Ең маңыздысы, министрлік 2030 жылға қарай әбден теңдестірілген еңбек нарығын құруды стратегиялық мақсатқа айналдырмақ.
Осы орайда депутаттар елдің әлеуметтік қорғалуында жылдар бойы айтылып келе жатқан мәселе көп екенін жеткізді. Мысалы, министрлік жыл сайын кадрларға перспективалық қажеттілік болжамын қалыптастырады.
2024 жылға арналған электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының қысқамерзімді болжамына сәйкес мәлімделген бос жұмыс орындарының саны шамамен 1,3 млн бірлікті құрайды. Бірақ бос жұмыс орындарының ең көп саны кәсіби мамандарға тиесілі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. Себебі маусымдық жұмыстар кезінде фермерлер мен аграршыларға жұмыс күші жетіспейді.
Депутат Асхат Аймағамбетов 2008 жылдан бері жұмыспен қамтудың бақандай 5 бағдарламасы қабылданғанын айтады. Бұл дегеніңіз екі жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырғанын көрсетеді екен. Әйткенмен, осы шаралар жағдайды концептуалды түрде айтарлықтай өзгерте алмаған, негізінен уақытша сипатта болғанын байқатады.
Сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту, қайта оқыту, шағын несие беру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру секілді «тізесі шыққан» шараларды қолданамыз. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмайды. Бұлардың қаншалықты тиімді екенін де зерттеп жатқан ешкім жоқ. Осылай деген депутат: «Үкіметтің есебіне сәйкес, жылына шамамен 900 адам жұмысқа орналасады екен. Сонда «жылына миллионға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр?» деген сұрақ мазалайды? Мынандай қарқынмен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді ғой», дейді.
Сондай-ақ ол ведомстволық бытыраңқылық барын айтты. Ал барлық жұмыс орындарының 70%-ын немесе жалпы жұмыспен қамтудың 50 пайызына жуығын бизнес емес, мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламада бекітілген көрсеткіштер тек қағаз жүзінде қалып қойған. Ұлттық жобалар сапалы жұмыс орындарын жетілікті деңгейде қамтамасыз етпей отыр.
Осындай бірқатар түйткілді тарқатқан депутаттар министрліктің жұмысында алға жылжу барын да жоққа шығармады. Алға қойылған жоспарлар мен мақсаттарына жоғары баға берілді. Десе де әлеуметтің мәселесі бір министрліктің емес, барлық мемлекеттік органның жұдырықтай жұмыла көтеріп шешетін жұмысына байланысты екенін айтып тарқасты.