Университет • 15 Қазан, 2024

ҚБТУ – озық білім берудің үлгісі

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ-Британ техникалық университеті – республикадағы мұнай-газ өнеркәсібі мен жоғары технологиялар саласындағы жетекші оқу орны. Университетте ширек ғасырдан бері экономика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергетика, кибернетика және геологиялық барлау салаларына білікті кадрлардың бірнеше толқыны даяр­ланып, түлектер ірі компанияларда жемісті еңбек етіп жүр.

ҚБТУ – озық білім берудің үлгісі

Университетте 7 700 жас білім алады

Қазіргі кезде Қазақ-Британ техникалық университеті орналасқан ғимараттың іргетасы 1957 жылы қаланған. Тарихи ғимарат қаладағы көрнекті архитектуралық ескерткіш саналады. Кезінде Қазақ КСР Үкімет үйі болған ғимаратта 1990 жылы Егемендік декларациясы қабылданған болса, қазіргі кезде халықаралық стандартқа сай білікті кадрлар даярланып келеді.

«ҚБТУ мамандары тарихи ғимаратта жұмыс істейтінін мақтан етіп, NNEF қорының қолдауымен осынау ерекше нысанды дамытуға мүмкіндік алып отырғанын үлкен мәртебе санайды. Қордың қолдауы нәтижесінде білім бағдарламалары 16-дан 68-ге дейін артты, 35-тен астам зертхана ашылды. Осы инвестициялар университетті жаңа деңгейге көтерді. ҚБТУ көшбасшыларды даярлауға жол ашты. Ұрпақтар сабақтастығының рәмізін көрсете отырып, тарихи мұралар мен заманауи технологияларды тиімді ұштастырудың үлгісіне айналды», деп атап өтті ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин.

ҚБТУ Ғылым және инновациялар жөн­ін­дегі проректоры Дидар Батрышев атап өткендей, студенттер заманауи жабдықталған ғимаратта сапалы білім алумен қатар, айтулы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың және тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында ел дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар өмірбаянымен танысып, өз елінің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, жаңа технологиялы салаларды игеруде білімділер үдесінен шығу мүмкіндігі жоғары.

ҚБТУ Әлеуметтік және тәрбие жөніндегі проректоры Екатерина Смолякова баспасөз туры аясында қатысушыларды күрделі жөндеуден кейінгі университет аудитория­ларымен таныстырып, ғимараттың тарихи кезеңіне шолу жасады. Қазіргі кезде ҚБТУ-да бакалавриат, магистратура мен докторантурада 7 700 жас оқып жатыр. Студенттердің 82 пайызы – мемлекеттік грант иегерлері.

 

Білікті кадрлар даярлайды

Университеттегі оқу залдары, зертханалар заманауи құралдармен жабдықталған. Сту­денттер осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, білімнің озық үлгісін игеріп, халықаралық кеңістікте бәсекеге қабілет­тілік қағидаттарына толыққанды жауап беріп келеді.

 «Smaty field Airankol» жобасы – студенттер үшін «Airankol» кен орнының нақты деректеріне қол жеткізе алатын айрықша зертхана. Мұнда теориялық білімді прак­тикалық іс-әрекетпен ұштастыруға толық­қанды жағдай жасалған.

Энергетика және мұнай-газ индус­триясы мектебінің деканы Абдулахат Исмаи­ловтың айтуынша, Атыраудағы «Airankol» кен орны қазіргі кезде толығымен автомат­тандырылған. Зертханада студенттер кен ор­нының жұмысымен танысып, ұңғы­ларды, бұрғылау жұмыстарын мобиль­ді карта арқылы көріп отырады. Студент­тер мұнымен қоса «Алатау» еркін эконо­микалық аймағында орналасқан бес ұң­ғылау өндірістік оқу алаңында тәжіри­беден өтеді. Университеттегі индус­триялық комитетте еліміздегі кәсіпо­рын­дар, компаниялардың өкілдері жылына екі рет жиналып, тәжірибесін бөлісіп отыруы дәстүрге айналған. Бұл дәстүр аясында жаңа әдістер мен технологияларды өндіріске енгізудің модульдік курстары өткізіліп тұрады.

«Shneider Elektric» өнеркәсіптік автоматтандыру зертханасында студенттер өнеркәсіптік үдерістерді автоматтандыруды оқып-үйреніп, технологиялық басқарудың мейлінше жаңа жүйелерін меңгереді.

«Halil Akademy» киберқауіпсіздік зертханасы – студенттерге ақпараттық қауіпсіздік пен этикалық хакерлік әдістерді зерттеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар мен бағдарламалық қосымшалармен жаб­дықталған оқыту платформасы.

Баламалы энергетика мен нанотехнологиялар зертханасы – жел, күн энергетикасы, жұқа пленкалар синтезі саласындағы зерттеулерді қамтитын ғылыми қызметтегі жетекші бағыттың бірі.

«Honeywell» зертханасы – ҚБТУ 2018 жылы «Honeywell International Inc.» компаниясымен меморандумға қол қойып, нәтижесінде автоматтандыру орталығы құрылған болатын. Зертханада студенттер зауыттың цифрлық негіздерін жасауға мүмкіндік беретін үдерістерді игереді. Зауытты басқару бағдарламасын меңгерген түлектер өндіріске жылдам бейімделеді.

Қазақстан Теңіз академиясы – еліміздің теңіз саласына халықаралық талапқа сай кадрлар даярлайтын бірден-бір факультет. «2012 жылдан бастап Каспий өңірінің теңіз индустриясына кадрлар даярлаудың жаңа стандарттары бекітілді. Бүгінде біздің түлектер үшін теңіз кеңістігіне ашылған мүмкіндік көп. Оқуды бітіргеннен кейін «Қазақтеңізкөлікфлоты», «NCOC», «COC», «Topaz Marine», «ТШО» сияқты және басқа да ірі корпорацияларға барлық талапқа сай мамандар осы академияда дайындалады», деп атап өтті факультет деканы Рамиль Бикташев. Мұнда ағылшын тілінде оқи жүріп, студенттер түрлі теңіз зертханалары мен тренажерларын, сондай-ақ халықаралық теңіз тәжірибесін игереді. Академияда Германия, Оман, АҚШ және Нидерландта дайындалған білікті оқытушылар дәріс береді.

 

Инновациялар мен халықаралық ынтымақтастық

ҚБТУ-да Ұлыбритания, Норвегия, басқа елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жолға қойылған. Нәтижесінде, студенттер халықаралық жобалар мен студент алмасу бағдарламаларына қатысып, жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп келеді. Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің деканы Азамат Иманбаевтың айтуынша, университетте студенттерге идеяларын жүзеге асырып, жаңа технологияларды қолдана алатын, болашақта нақты мәселелерді шеше алатындай жағдай жасалған. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық студенттерге теориялық және практикада мол іс-тәжірибе жинақ­тауға жағдай жасайды.

Қазіргі кезде Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінің студенттері жасанды интеллект, роботтехника саласындағы заманауи білімді игеріп, әлеммен ықпал­дастықта дамып келеді. Студенттер құрас­тырған роботтар адам жұмысын жеңіл­детіп, қауіпсіздік саласында, қолжетімсіз кеңістікте жаңа технологиялардың мүм­кіншілігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Студенттер технологиялардың көмегімен жаңа әзірлемелер жасап, олардың прототипін құрастырумен айналысып жатыр. Мобильді роботтар, дрондар, индустриялды роботтар зертханада ірі зауыттардағы автоматтандыру, электроника құрылғыларымен кешенді жұмыстарды үйренуге мүмкіндік береді.

 

Ұрпақтар сабақтастығы және тарихи мұраларды сақтау

Пресс-тур бағдарламасы күні бүгінге дейін тарихи бастапқы қалпы сақталып келген, кезінде академик Д.Қонаев отырған кабинетті көрумен жалғасты. Мұнда әрбір бұйым, суреттер, жиһаздар ел тарихының кешегісінен сыр шертіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа жаңа заман технологиясын үйрене отырып, білім мен ғылым кеңістігін игеруге үлкен жауапкершілік жүктеп тұрғандай әсер береді. Мұнда студенттер күнделікті лекция тыңдап, ел тарихына қатысты құнды мәліметтерді зерделейді.

Университеттің 20 жылдығына орай әрі ҚБТУ-дың келешек студенттер буынына арналып салынған уақыт капсуласы жобасы – оқу орны басшылығының білім беру үрдісінде жылдамдық пен терең білімді бас­ты қағидат етіп ұстайтынының дәлелі.

ҚБТУ студенттеріне тәулік бойы білім алуға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда заманауи жабдықталған ғылыми кітапханада 200 мыңнан астам кітап қоры бар. Соның 100 мыңнан көбін электронды форматтағы әдебиеттер құрайды. Биыл қорды толықтыру үшін 24 млн теңге қарастырылыпты. Кітапхананың кіреберісінде студенттер әзірлеген Face ID қолданыста. Автоматтандырылған кітапхана порталы инклюзивті жүйемен де студенттердің білім алуын жеңілдетіп отыр. ҚБТУ-да студенттерге жасалған толыққанды жағдай олардың әлемдік білім үрдісінің бір бөлшегі ретінде қарқынды дамып жатқанын айғақтайды.

Баспасөз туры аясында өткен брифингте университет өкілдері журналистер мен блогерлердің сұрақтарына жауап берді. Оқу орны басшылығы қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақты экскурсиялар ұйымдастыру жоспарлары туралы баяндап, сондай-ақ тарихи ғимараттарды сақтау және дамыту мәселелері бойынша қаланың Қоғамдық кеңесінің көшпелі кеңесін өткізуге ұсыныс жасады.

 

АЛМАТЫ