Фото: gov.kz
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мектеп оқушылары барлаушы, ұшқышсыз басқарылатын құрылғы операторы, зенитші, барлаушы химик, радиациялық және химиялық барлау саласының маманы сияқты мамандықтар бойынша оқуды аяқтап отыр. Үздік түлектер алғыс хаттармен марапатталды.
Курсанттар ұшқышсыз басқарылатын құрылғылары басқару, дрондарды анықтау-жою тұрғысында және инженерлік дайындық элементтері бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
«Осында оқып жүргенде әрқайсымызға жаңа дүниенің есігі ашылғандай болды. Мен барлау химигі мамандығын меңгердім. Мұнда алған білім мен дағдылар азаматтық салада да кәдеге жарарына сенімдімін», деді түлек Мәулен Нұрдәулет.
Айта кетсек, Алматы әскери-техникалық мектебін жыл сайын 700-ден астам түлек тәмамдайды. Оқу орны екі бағдарлама бойынша – азаматтарды Қарулы күштердегі қызметке тегін дайындайды және резервті қалыптастыру үшін ақылы оқытады. Аталған мектеп – армияда да, азаматтық өмірде де сұранысқа ие 28 мамандық бойынша білім береді.