Руханият • 15 Қазан, 2024

Отандық «Jerūiyq» павильоны халықаралық сыншылардың назарын аударды

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен алғаш рет беделді көрмеде ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық «Jerūiyq» павильоны халықаралық  сыншылардың назарын аударды

фото Мәдениет және ақпарат министрлігі

60-шы Венеция биенналесінде «Jerūiyq: көкжиектен тыс көзқарас» қазақстандық павильонына халықаралық сыншылар жағымды пікір білдірді.

Jerūiyq – бүгінге дейін ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазақ аңызы бойынша «құтты мекенді» іздеу. Экспозицияда футуристік көкжиектер мен қазіргі порталдан бөлек өлшемге дейінгі қиял әлемі ұсынылған. 

«Қазақстанға өз өнерін көрсету өте маңызды. Тарих пен қазіргі заманды ұштастыру идеясы мен тұжырымдамасы қызықты және маған ұнады», деді германиялық арт-сыншы әрі суретші Валерия Абентрот.

Қазақстан павильонын көпшілік жылы қабылдады. Оған павильонның бірегей тұжырымдамасы мен қазақстандық суретшілердің ұрпақтар сабақтастығы байқалатын ерекше жұмыстары сеп болды. Мысалы, өткен онжылдықты бейнелейтін Кәмил Муллашев пен Ерболат Төлепбайдың жұмыстары, Сәкен Нарынов пен Сергей Масловтың заманауи диалогы қазақстандық өнердің модернизмнен жаңа медиаға дейінгі эволюциясын көрсетеді.

пав

The2vvo суретшілер тобының «Қатысу» саунд-инсталляциясы мен Анвар Мүсіреповтің «Аластау» бейне эссесі сияқты дәстүрді жаңа медиамен үйлестіретін жұмыстар көпшіліктің назарын аударды. Бұл биенналенің негізгі тұжырымдамасы көші-қон мәселелері мен мәдени плюрализм тақырыбын көрсетеді.

«Біріншіден, маған қатты әсер еткен нәрсе – сіздер ата-бабаның  дәстүрін жалғастырып, сонымен бірге оны қазіргі заманмен ұштастыра алатындарыңыз. Сіздер соның ортасын таба білдіңіздер. Өткен мен болашақты үйлестіре отырып, алға ұмтылып жатырсыздар. Мұның нәтижесі керемет болады. Бұл үлкен жетістік, өйткені Батысқа жетпейтіні  осы»,  деді Египет және Солтүстік Африкадағы италиялық радиотелевизия бюросының жетекшісі Марк Иннаро. 

Дәстүрлі қазақ иірімдері мен заманауи көркемдік тәжірибелердің ерекше үйлесімі сыншылардың ғана емес, жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Павильон жұмыс істеген күндері келушілер саны артып, жобаны талқылап, пікір білдіргендердің де қарасы көп болды.

Айта кетейік, қазақстандық суретшілердің өнер көрмесіне қатысуы «ViledFASHION» ЖШС бас демеушісінің, «Qazaq oil» ЖШС, «Universal Energy Kazakhstan» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды.

Navale мұражайының тарихи ғимаратында өтіп жатқан 60-шы Венеция өнер биенналесінде қазақстандық павильон 24 қарашаға дейін жұмыс жасайды.