Спорт • 16 Қазан, 2024

Ақтауда ашық Азия кубогі өтті

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстауда өңірден шыққан алғашқы фермер, спорт жанашыры, марқұм Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер ара­сында ашық Азия кубо­гі өтті. Өңкей мықты­ны бел­дестірген бәсекеге Әзер­байжан, Гонконг, Үн­діс­­тан, Иран, Қырғыз­стан, Моңғолия, Өзбек­­стан, Тәжікстан, елімізден барлығы 200-ге жуық татами шебері қатысты.

Ақтауда ашық Азия кубогі өтті

Биыл 15-рет ұйымдас­тырылған жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты. Париж Олимпиадасының чем­пио­ны Елдос Сметов пен қола жүл­дегері Ғұсман Қырғызбаев жа­рыстың құрметті қонағы бол­ды. Жарысқа 9 елден, атап айт­қан­да, Қазақстан, Сауд Ара­бия­сы, Ө­з­бекстан, Моңғолия, Қырғыз­стан, Иран, Иордания, Тә­жікстан, Үн­дістаннан 14 төреші төрелік етті.

Халықаралық дзюдо федера­ция­сының күнтізбесіне сәйкес өт­кен жарыста спортшылар 14, яғ­ни әйелдер 7, ерлер 7 салмақ дә­ре­­жесінде өзара мықтыны анық­тады.

Маңғыстау облысы денешы­нық­тыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Еркін Орынбасаровтың айтуынша, Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған республика­лық ашық турнир Ақтау қала­сында 2009 жылы бастау алып, 2018 жылдан бері ашық Азия кубогі дәрежесіне көтеріліп, лицен­зия­лық жарысқа айналған.

– Бұл – халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енгізілген маңызды спорттық іс-шара. Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясы Маңғыстау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан 2015 жылы 12 мамырда аккредиттеуден өтті. Қазіргі таңда облысымызда 12 мыңнан аса адам дзюдо спортымен шұғылданады. Сонымен қатар 67 дзюдо жаттықтырушысы бар, – деді Е.Орынбасаров.

Маңғыстау облыстық дзюдо федерация­сының вице-пре­зиден­ті Нұрлыбек Әдековтің ай­туын­­ша, Азия кубогі – тек спорт­тық сайыс емес, сонымен қа­тар еліміздің спорт­­тық имид­­жін арттыруға, ха­лық­аралық дең­гей­де таны­мал­­­ды­лық­қа жетуге бағытталған маңыз­ды іс-шара.

– Аталған турнир спорттың дамуына, жас дзюдошылардың шеберлігін жетілдіруге, халық­аралық байланыстарды нығайтуға, спорттың рухын арттыруға үлкен үлес қосады, – дейді Қазақстан дзюдо федерациясының атқару­шы директоры Айбек Имашев.

Ерлер арасында 60 кг салмақ дәрежесінде әзербайжандық М.Мурадли, 66 кг салмақта жер­­­ле­сі­міз А.Жұбатқанов, 73 кг сал­мақта И.Тоқтасын, 81 кг  сал­­мақ­­­та А.Ғайнуллин, 90, 100 кг сал­мақ дәрежесінде тиісін­ше отан­­­дастарымыз А.Арапов, Б.Мә­диев, 100 кг-нан жоғары салмақ­та өз­бек­стандық А.Шахна­заров жеңім­паз атанды. Ал қыздар ара­сын­да барлық салмақта, яғни 48, 52, 57, 63, 70, 78, +78 кг сал­мақ дәре­желерінде Д.Буркеева, Т.Әбеуо­­ва, Д.Мұханбет, С.Ерға­лие­ва, М.На­рынова, А.Жангел­дина, А.Той­шыбекова сын­ды ба­л­уан қызда­рымыз жеңісті еш­кім­ге бермеді.

Екі күнге созылған сайыс қоры­тындысында Халықара­лық дзюдо федерациясының ере­жесіне сай рейтингтік жарыс саналатын ашық Азия кубо­гінің жеңімпаздары мен жүл­дегерлеріне рейтингтік ұпай­лар беріліп, сый-сияпат табыс­талды.

 

Маңғыстау облысы