Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Ықпалдастықты нығайтатын қадам
Мемлекет басшысы Армения Президентіне ілтипат көрсетіп, еліміздің қазақ-армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты.
– Бүгінгі уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал етеді деп сенемін. Біз қазақ-армян серіктестігінің негізі саналатын жоғары деңгейдегі кездесулерімізге ерекше мән береміз. Қазақстан Армениямен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Қазақ елінің армян халқына ықыласы ерекше. Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі. Біздің халықтарды берік достық, ортақ тарих және ұқсас мәдени-гуманитарлық құндылықтар байланыстырады. Екіжақты қатынастар барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Армения арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толғаны аталып өтетінін, осы уақыт аралығында ауқымды институционалдық база қалыптасқанын айтты.
– Сауда-экономикалық ықпалдастықтан бөлек, қос халық арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар соны серпінмен дамып келеді. Былтыр Ереванда Армениядағы Қазақ театрының күндері өтті. Келесі жылы Сіздің еліңізде Қазақстан мәдениетінің онкүндігін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгін Өзіңізбен бірге Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысамыз, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Ваагн Хачатурян Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін жеткізді.
– Қасиетті қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Қазақстанның даму және өркендеу қарқынына тәнті болдым. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар ұзақ жылдарға жалғасады деп сенемін. Өйткені оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақстан – біздің сенімді әрі достас серіктесіміз. Бұған қоса, екі ел арасындағы экономикалық байланыс табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді, – деді Армения Президенті.
Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, мәдени-гуманитарлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапы Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Алматы алаңын алдағы уақытта да ұсынуға дайын екенін растады.
Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысты. Осынау концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті.
Президенттер, ең алдымен, даңқты армян кинорежиссері және суретшісі Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған театр фойесіндегі фотокөрмені тамашалады.
Концертте Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі мен Инга Аршакян, Гор Суджян секілді өнерпаздары әлемге әйгілі армян композиторлары Комитастың, Шарль Азнавурдың, Жорж Гарваренцтің және Арно Бабаджанянның музыкалық шығармаларын орындады.
Сонымен қатар кеше басталған Астанадағы Армения киносының күндері бүгін де жалғасады. Ал Сос Саркисян атындағы «Амазгаин» театры көрермен назарына Даниил Хармс шығармасының желісімен қойылған «Лю-Беф» спектаклін ұсынады.