22 Маусым, 2010

БАС ҚАЛАНЫҢ ТЕМІР ЖОЛ ҚАҚПАСЫ

524 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бас қаланың темір жол қақ­пасы жылдар өткен сайын елор­дамен бірге өркендеп, өсіп келеді. Жолаушыларға түрлі қызмет көрсету сапасы бұрынғыға қара­ғанда едәуір жақсарған, келіп-кетіп жататын жолаушылардың демалып, тынығуларына барлық жағдай жасалған. Астананың темір жол вокзалы бүгінде елорданың көркіне көрік қосатын, ажарын айшықтай түсетін, тоғыз жолдың торабына орналасқан еңселі орын-жайдың біріне айналып отыр. – Жолаушы пойыздарын жө­нел­ту және қабылдау Астана стан­сасы бас паркінің үш жолы арқылы төрт бағыт бойынша жү­зеге асырылады, – деді Астана те­мір жол вокзалының бастығы Қайрат Майдин бізбен әңгіме­сін­де. – Бірінші бағыт – Астана – Алтын шоқы бойынша Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолына қо­сылады. Екінші бағыт – Астана – Петропавл, үшінші – Астана – Құлынды, ал төртінші бағыт – Астана – Мойынты-Саяқ станса­ла­ры бойынша Қырғызстан мен Қытай Халық Республикасына шығады. Жалпы, Астана арқылы 76 пойыз, оның ішінде 58 жо­лау­шылар және 18 қала маңына жүретін пойыздар қатынайды. Астана темір жол вокзалының бастығы Қайрат Майдиннің ай­туын­ша, қазіргі кезде Астана стан­сасы 52 жолаушылар пойы­зын қабылдап, жөнелтіп жүр. Оның 10-ы, яғни бес жұбы – халықаралық бағыттарға, ал 24-і – облысаралық бағыттарға қа­тынайтын жолаушылар пойыз­да­ры. Сонымен қатар, елорданың те­мір жол стансасынан транзиттік пойыздар да өтеді. Астаналық те­мір жол вокзалы еліміздің барлық облыстары орталықтарына, сон­дай-ақ ТМД елдерінің Мәскеу, Минск, Киев, Брест, Санкт-Пе­тербург, Свердловск, Бішкек, Таш­кент, Омбы және халықара­лық бағыттар бойынша қатынай­тын Берлин, Варшава, Үрімжі қа­лаларымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. – Темір жол вокзалының сыйым­дылығы 1800 жолаушыға есеп­телген, – деді вокзал басты­ғы әрі қарай. – Пойыздардан түс­кен және пойыздарға отыра­тын жолаушыларға арнайы жабдықталған екі отырғызу платформасы қызмет көрсетеді. Жолаушыларға қолайлы жағдай туғызып, оларға сервистік қызмет көрсету мақсатында вокзалда эскалаторлар және мүгедектер үшін лифтілер орнатылған. Біз бұған вокзал ішін және перрондарды аралау кезінде анық көз жеткіздік. Жарнамалық құ­рал­дар, жолаушыларға қажетті ақ­параттар, телемониторлар, тағы басқалар жеткілікті. Диктор қайсы пойыздың келгенін, қашан жү­ре­тінін, олардың қайсы жолға тоқ­тайтынын қазақ және орыс тіл­дерінде жиі-жиі хабарлап тұрады. Вокзал ғимараттарында тоғыз ақ­параттық стенд орнатылған. Оның үшеуінде жолаушылар пойыздарының кестесі, алтауында ақпараттық ережелер көрсетілген. – Жол жүру құжаттары (би­леттер) “Жолаушы тасымалы” АҚ-тың 19 билет кассалары арқылы сатылады, – деді Қайрат Майдин билет сататын кассалар залына келгенімізде. – Бұлардан бөлек вокзалда жолаушылар пойыздарына бос орынның бар немесе жоқ екенінен ақпарат бе­ре­тін электронды табло, “105” нө­мірлі біртұтас көпарналы “жа­бық” анықтама бюросы да орна­тылған. Сонымен қатар, жолау­шылардың жол жүру билеттерін интернет арқылы рәсімдеу желісі де енгізіліп отыр. Оларға билеттер кезектен тыс сатылады. Билет сататын және жолау­шы­лардың күту залдарында да адам саны едәуір мол көрінді. Кас­са алдында кезекте тұрған орта жастағы жігітті әңгімеге тарт­тық. Өзін Қожаназар Ақ­бүр­кітов деп таныстырған азаматтан вокзал қызметі жөнінде сұраған едік. “Жұмыс бабымен Астанадан Алматыға жиі барып тұрамын, – деді ол. – Келгеніме 10-15 ми­нөт­тің шамасы болды. Билет са­та­тын кассалардың барлығы жұмыс істеп тұр. Вокзал қызметі бұ­рынғыға қарағанда жақсарған. Кемшілік, олқылықтар байқал­май­ды. Еңселі елорданың темір жол қақпасы, оның ішінде темір жол вокзалы осындай болуы қажет”. Вокзал кешенінде төрт күту залы, бір қонақ үй, үш жүк сақ­тайтын орынжай, екі сервистік орталық, он банкомат, валюта айырбастайтын пункт, дәріхана, намазхана, тағы басқа да көптеген орындар жолаушыларға қызмет көрсетіп тұр. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтайтын полиция қыз­меткерлері мен көші-қон поли­ция­сы, әскери комендатура, сани­тарлық эпидемиялық станса күндіз-түні жұмыс істеуде. Вокзал бастығынан әңгіме ба­рысында вокзалдың жолаушы­лар­ға қызмет көрсету сапасын арт­ты­рудағы перспективалық жоспар­ларын да сұраған едік. – Алда тұрған жұмыс жос­пары­мыз ауқымды, – деді Қайрат Майдин осы жайында. – Ең бас­тыларын атап өтейін, диктордың жұмыс орнын автоматтандыру, 2011 жылы өтетін қысқы Азия ойындарына байланысты вокзал қызметкерлеріне ағылшын тілін үйретуді тереңдету, анықтама-ақ­параттық жабдықтарға жаңа тех­нологияларды енгізу, тағы бас­қалар. Бұл жұмыстардың барлығы жолаушыларға сапалы қызмет көр­сетуді көздейді. Өйткені, елор­даға атбасын бұрғысы келетіндер қатары жыл өткен сайын еселеп артып келеді. Оларға ойдағыдай қызмет көрсету – біздің мін­детіміз. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.