Пікір • 16 Қазан, 2024

Экспорт көлемін арттыру үшін логистикалық бағыттарды көбейту керек - депутат

31 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Ресей мен Қазақстан өнімдерінің ел аумақтарына өту мәселесін қозғады, деп жазады Egemen.kz.

Экспорт көлемін арттыру үшін логистикалық бағыттарды көбейту керек - депутат

Фото:prosports.kz

Мәжілісменнің айтуынша, 2024 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Ресей Федерациясы Қазақстанның астығы мен ауылшаруашылығы өнімдерінің Ресей аумағы арқылы өтуіне біржақты шектеулер енгізген.

«Осы теріс шешімнің нәтижесінде астыққа, дән өнімдеріне, күнбағыс тұқымына, қызанақ, бұрыш және басқа да өнімдерге фитосанитарлық сертификат беру тоқтатылды. Халықаралық келісімдер жайына қалды. Нәтижесінде осындай кедергілер біздің елдің ауылшаруашылығы саласына, жалпы алғанда экономикамызға салмақ салып отыр: Қазақстан экспорттаушылары үлкен қаржылық шығынға ұшырады; вагондар тоқтап қалды, өнімдерді жеткізу мерзімі өтіп жатыр», деді Айдарбек Қожаназаров. 

Сонымен қатар Қожаназаров келісімшартта көрсетілген міндеттемелер бұзылғанын атап өтті. Ел азаматтары сол үшін айыппұл арқалап, қарайған шығынға батып жатқанын тілге тиек етті.

«Олжас Абайұлы, енді мынаны қараңыз, Россельхознадзордың осындай әрекеті биыл жинадық деп жар салған 25,2 миллион тоннаға дейінгі астықтың бұзылу қаупін төндіріп отыр. Тағы да сападан ұтыламыз, уақыт жоғалтамыз. Бұл асыра айтылған әңгіме емес, бірақ ала жаздай бел жазбай еңбек еткен диқандардың еңбегі зая кетуге шақ. Қысқасы, Россельхознадзор енгізген шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың талаптарын бұзып тұр. Онымен қоймай Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тауарлар мен транзиттің еркін қозғалысының басты принциптеріне қайшы келіп отыр», деді Мәжіліс депутаты.

Айдарбек Қожаназаров экономикалық залалдарды ескере отырып «Respublica» партиясының фракциясы Үкіметке төмендегі мәселелер бойынша тез арада шешім қабылдауды сұрады:

  1. Ресей Федерациясымен ресми келіссөздерді бастау керек. Қазақстандық өнімнің транзитіне негізсіз фитосанитарлық шектеулер жойылсын. Егер Россельхознадзор бұл талабымызды орындаудан бас тартса, бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одақтың сот алқасында қаралуы қажет;  
  2. Олай болса біз де қарап отырмайық, тәуелсіз мемлекетпіз, өз билігіміз өзімізде. Ендеше Қазақстан арқылы өтетін ресейлік өнімдердің транзитіне тарифтерді қайта қарау керек. Керек болса жоғарыдағы мәселелер шешілгенге дейін көрші елдің тауарларын Қазақстан нарығына кіруін шектеу сияқты қарсы шараларды енгізу қажет;
  3. Россельхознадзордың әрекеттерінен зардап шеккен қазақстандық экспорттаушылар бар. Өз азаматтарымыздың мүддесін заңмен қорғауды қамтамасыз етуіміз керек. Жетпей қалған тауарлардың кідірісі мен бұзылуына байланысты шығындарды өтеу үшін ресейлік серіктестерге талап қойылсын;
  4. Отандық өнімнің экспорты үшін басқа да логистикалық бағыттарды іске қосуымыз керек. Мысалы Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның қатысуымен тасымалдауды ұйымдастыру қажет. Керек болса өнім тасымалы үшін субсидия қарастырыңыздар. Бұл Ресейлік транзитке тәуелді болудың жолын кеседі;
  5. Қытаймен ынтымақтастықты жандандырып, Қазақстан астығы мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға арналған квоталарды ұлғайту мәселесін қарау қажет.