Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Эйджизм» ұғымын алғаш 1969 жылы енгізген АҚШ-та адамның қартаюын зерттейтін ұлттық институтының директоры Роберт Нил Батлер: «Эйджизм – адамды немесе бір топ өкілдерін жасына қарай алалау (дискриминация) немесе олар туралы жағымсыз стереотип көзқараста болу», деген анықтама беріпті. Ондай адам жетерлік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сенсек, жер бетінде әрбір екінші адам эйджизм көзқарасын ұстанады екен.
Әуелде бұл термин тек егде жастағыларға қатысты айтылыпты. Өйткені егде кісілер кәрілік деменциясы, ескішіл көзқарасы, психикалық, әлеуметтік ерекшелегіне қарай дискриминацияға ұшырайды. Тіпті кезінде Батыс қоғамында эйджизм түйінді түйткілдің біріне айналған. Халықаралық ұйымдардың зерттеуі бұл мәселенің әлі күнге дейін жаһандық деңгейде өзекті екенін алға тартады. Мәселен, БҰҰ-ның 2020, 2021 жылдағы баяндамаларында эйджизм тақырыбы талқыға түседі. БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшысы Клаудия Малер 2020 жылғы қарт кісілерге қатысты баяндамасында егде адамдардың эйджизмге көп ұшырағанын айтады. Сарапшының сөзіне қарағанда, пандемия кезінде қоғам егде жастағыларды «ауыр жүк» ретінде көре бастаған, оларға медициналық-әлеуметтік көмек дұрыс берілмеген. Ал 2021 жылы жарияланған баяндама авторлары бұл үрдістің әлі де бар екенін анықтаған. Олар әлеуметтік жағдайы төмен елдерде қарт адамдар жасына қарай жиі алаланатынын мәлімдеген.
Психолог Балжан Қанапияеваның айтуынша, эйджизмнің түрлері көп, бірақ адамдар оны өмірлік тәрбиесіне, өскен ортасына, салт-дәстүріне байланысты байқамайды.
– Батлердің зерттеуіне сүйеніп айтсақ, эйджизмнің төрт түрі бар: бірінші, джейнизм – егде жастағыларды алалау. Мысалы, үлкен кісілер көбіне жұмысқа орналасқанда қиындыққа тап болады. Бұған қоса қоғамда медицина көмегі кезінде де джейнизм белгілері байқалады. «Организмі ескірді, ауру емес, қарттық қой» деген сияқты салғырттыққа салады. Екінші, эдалтизм – жастарды алалау. Бұл «жастар кіші болғандықтан, үлкендерге жол беруі керек» деген идеяны міндеттейді. Үшінші, Ювенал эйджизм – кәмелет жасына толмағандарды алалау. Бұған көбіне балалар мен жасөспірімдердің пікірін елемеу, ойымен санаспау немесе оларды жеке тұлға ретінде тануға, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік бермеу жатады. Төртінші, хроноцентризм – ұрпақтар арасындағы кемсіту, кейінгі буынға көңілі толмау. Яғни «ой біз кезінде от едік, қазіргі жастар оқымайды, білімсіз, әлжуаз» деген секілді аға буынның өзінен кейінгілерді күстаналауы жатады, – дейді маман.
Шынтуайтына келсек, сарапшының бұл айтылған сөзінің ішінде бәріміз жүрміз. Жауырды жаба тоқып қайтеміз, осы нәрсенің бәрі біздің қоғамда өршіп тұрғаны белгілі. Бір қарағанда бұл елеусіздеу, аса зиянсыз құбылыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның салдары салмақты.
Сарапшының айтуынша, адамның эйджизмге әуес болуының негізгі себептері – ішкі психологиясы, әлеуметтік, саяси жағдайлар, насихат әсер етеді. Дегенмен ол эйджизм бейсаналы түрде жүретінін ескерген жөн дейді. Адамның ішкі қорқынышы оны эйджизмге итермелеуі мүмкін. Мысалы, үлкендер «Қазіргі жастар ештеңе білмейді, оқымаған» деп жатады. Оның бұлай айтуына ішкі қызғанышы әсер етуі мүмкін, себебі жастар оның орнын тартып алуы ықтимал. Екіншіден, жастар ойын ашық айтады, үлкендер бүгежектейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, эйджизм адам денсаулығы мен әл-ауқатына зиян: адамның психологиялық саулығы нашарлайды, қоғамнан оқшауланады, жалғызсырайды, қаржы қауіпсіздігі төмендейді, өмір сапасы нашарлайды, мерзімінен ерте болатын өлім-жітім саны артады. Ұйымның статистикасына сенсек, дүние жүзіндегі депрессияға қатысты 6,3 миллион жағдай эйджизммен байланысты екен. Эйджизм жыныс, нәсіл, мүгедектік сияқты басқа да стереотиптермен біріккенде, жағдай одан әрі ушыға түспек.
Мәселен, әлемде 10 миллионнан астам фобия бар екен. Соның бірі – герантрофобия, яғни қартаюдан қорқу. Қарттықтан үрейленетіндер күйзеліске ерте ұшырайды. Ал жүйке жұқарып, тән мен жанның жаралануынан келетін кесел бәрімізге мәлім. Оған әсер ететін нәрсе шау тартқан адамдарды қоғамнан күресінге итеру секілді әрекеттер екенін мойындауымыз керек. Мұндай мерез біздің қоғамда да жиі ұшырасатынын жазушы, журналист Шархан Қазығұл тарқатып айтып берді.
– Біздің қоғам – жер бетіндегі ең қызық қоғам. Алпыс жастан асқан адамдарды сыйлайды. Бірақ өтірік сыйлайды. Автобуста орын беруі мүмкін. Дегенмен сені күнің бітіп бара жатқан адам ретінде санайтынын көзінен оқып тұрасың. Жалпы, қоғамда адамдарды жасына қарай бөлу қағидаты міндетті түрде дискриминацияға алып келеді. Бұл – әрине, эйджизмнің нақ өзі. Қазір көптеген байлық, барлық, билікке семірген жігіттер жақтырмаған жасы ұлғайған адамын «осы бір шал да әбден шаршатып бітті» деп қағытып сөйлейтін болды. Айтары жоқ, әлімсақтан үлкенді сыйлайтын ұлттың салт-санасы сұйылып бара жатқаны осындайда анық көрінеді. Өткенде таксиде кетіп бара жатып жүргізуші жас жігітпен сөзге келіп қалдым. Өзімше жол сілтеп едім. Түсінгісі келмеді. Әкіреңдеп шыға келді. Абайламай: «ойбай-ау, қарағым-ау, мен әкеңдей адаммын ғой» деп қалып едім, «Сен – менің әкем емессің, әкемде шаруаңыз болмасын» деп қақ маңдайымнан бір-ақ қонжитты. Осындай кішігірім эйджизмнің элементтері бізде өте көп. Оның бәрін тізіп жатқым келмейді. Жалпы, өз басым жастарға жасымды бұлдағанды жақсы көрмеймін. Бір рет байқаусызда аузымнан шығып кеткенде естігенім анау. Сондықтан да эйджизмнің элементтерін біздің қоғамға экспорттап отырған – адамдардың эгоизмі. Альтуризмнің ауылы әлі алыс сияқты, – дейді жазушы.
Қаламгердің айтысына қарағанда, қазір қоғамда ұрпақтар сабақтастығы жоғалып барады.
– Қазақта елдің бәрі атам заманнан айтып отыратын сөз тіркесі бар: «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың». Осы қағидаттай көрінетін мақалды енді өзгертетін уақыт туды: «Өз балаңды өскенше, немереңді өнгенше, шөбереңді өлгенше бағасың». Бір адамның ұзақ өмір сүргенінен ештеңе өзгермейді. Ал жалпы ұлт ұзақ өмір сүруге құлшынса, оның пайдасы ұшан-теңіз. Алдыңғы толқын ағалардың көп болуы кейінгі толқын інілерге – мол тәжірибе. Ұлт болашағы ең алдымен ұрпақтар тәжірибесімен өлшенеді. Сапалы ұрпақ сабақтастығы төрт ұрпақ бірдей өмір сүргенде қалыптасады. Сондықтан да төрт ұрпақтың бірге тату тұруының ең басты алғышарты – ұрпақтар эгоизмінен арылу. Ең алдыңғы ұрпақ өкілдері абызға айналсын. Ең болмаса, ауылдың ақсақалы не түтіні түзу шығып тұрған үйдің қариясы болуға құлшынсын. Ел ағалары ертеңімізді тереңнен қопаратын ойшыл ақылшымыз болып, аман жүрсін. Жас жігіттеріміз жарқылдап жүріп тау қопарсын. Балдырғандарымыз алдыңғы үш ұрпақтың алақанын бірдей сезініп өссін. Сол кезде біз эйджизмді жеңіп шығамыз, – дейді жазушы.
Әрине, парадоксальді ойлаудың шебері Шархан ұстазымыздан бұл жөнінде асырып бірдеңе айту қиын. Өйткені ол мәселенің шешімі ұлттық түсініктегі ұрпақтар сабақтастығы дейді. Ал өркениетті тұрғыда мұның заңды жағын да қарастыру артық болмас па екен дейміз. Өйткені кей елдерде эйджизммен күресуде құқықтық шара қолдануды қолға алған елдер де бар. Мысалы, АҚШ-та 1967 жылдан бері 40 жастан асқан адамдарды жұмысқа аларда дискриминация жасауға қатаң тыйым салатын заң бар. Ал Нидерландта адамдарды жасына қарай алаламау мақсатында вакансияларға профилактикалық тексеру жүргізіледі. Еуропалық одақта жұмыспен қамту кезінде теңдікке қатысты директива бар. Тіпті көршіміз Ресейдің Еңбек кодексінде ұлт, нәсіл, жыныс сияқты ерекшелікпен қоса, жұмысқа орналасу кезінде жасты кемсітуге болмайтыны нақты жазылған. Яғни заңда жұмыс беруші бос жұмыс орны туралы хабарландыруында қандай жастағы қызметкерді жұмысқа алғысы келетінін жазуға тыйым салынған.
Ал бізде еліміздің Ата заңының 14-бабы, 2-тармағына сәйкес, тегіне, әлеуметтік, лауазымына, мүлік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар да ешкімді алалауға болмайды. Демек қоғам арасындағы алалаудың бұл түрі де Конституцияға қайшы әрекет.
Қорыта айтқанда, қазір қоғамда жік-жікке бөліну, бір-бірін алалау секілді ел тұтастығына сына қағатын қырсыз әрекет көп. Оның үлкен-кішісі болмаса керек. Жасына қарай алалау, әсіресе үлкенге деген құрметтің азаюы – елдігімізге сын. Өйткені ұлттың ұзақ жасауы ұрпақтар сабақтастығымен байланысты екенін ұмытпауға тиіспіз.