Сурет: enbek.kz
Өткен айда Enbek.kz электрондық еңбек биржасында ұзын-саны 136,6 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Бұл тамыз айындағы дерекпен салыстырғанда 4%-ға (4,9 мың) артық. Осы ретте жұмыс іздеушілердің белсенділігі төмендегені байқалады. Қыркүйекте еңбек биржасына 122,5 мың түйіндеме жарияланса, бұл тамыздағы көрсеткішке қарағанда 5%-ға (6,4 мың) аз. Кадрларға сұраныстың айтарлықтай өскені күзгі-қысқы жылыту маусымы мен өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшыларына сұраныстың артқанынан қалыптасып отыр. Мұндай жұмыстарға 1,1 мың бос орын ұсынылыпты.
Еңбек нарығындағы түрлі өзгерістерге қарамастан, білім беру саласы ең сұранысқа ие сала болып қала береді. Өйткені еңбек биржасында орналастырылған бос жұмыс орындарының үштен бірінен астамын осы сала құраған (53,2 мың). Өзге де қызмет көрсету түрлері саласына тағы 15,8 мың қызметкер қажет болыпты. Сол секілді 9,5 мың бос жұмыс орнын денсаулық сақтау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласының ұйымдары орналастырған. Тарқатып айтар болсақ, білім беру саласында тәрбиешілерге 2,7 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Математика мұғалімдеріне 2,1 мың, бастауыш сынып мұғалімдеріне 2,1 мың бос жұмыс орны сұранысқа ие болыпты. Осыған қоса денсаулық сақтау саласында санитарларға 1,3 мың бос жұмыс орны, медбикелерге 1,3 мың, жалпы практика дәрігерлеріне 604 бос жұмыс орны ұсынылыпты.
Бос жұмыс орындарының көбеюіне қарамастан, қыркүйекте аумақтарға қатысты динамика айтарлықтай өзгерген. Бос жұмыс орындарының өсуі Жамбыл (40%-ға), Түркістан (39%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (34%-ға) тіркелген. Бұл аталған өңірлерде экономикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді. Керісінше бос орындар санының айтарлықтай төмендеуі Атырау (28%-ға), Шығыс Қазақстан өңірлерінде (23%-ға), Абай облысында (17%-ға) байқалған. Бұл маусымдық жұмыстардың аяқталуына немесе басқа жергілікті факторларға байланысты болуы мүмкін дейді мамандар.
Түйіндеме саны Атырау облысында, Алматы қаласында, Абай облысында едәуір төмендеген. Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарындағы көрсеткіш 10%-дан аса азайған. Астана қаласында түйіндеме саны 9%-ды құраған. Бір қызығы, кейбір аймақтарда керісінше, түйіндемелердің көбейгені байқалған. Мысалы, Жамбыл облысында 18%-ға, Қостанай облысында 16%-ға, Ақмола облысында 14%-ға, Түркістан облысында 11%-ға көбейген.
Тағы бір статистиканы келтірсек, қыркүйекте жұмыс берушілер бас құрылысшыларға (айына 716 мың теңге), авиация саласындағы инженерлерге (565 мың теңге), тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет басшыларына (502 мың теңге) жоғары жалақы ұсынған. Ал жұмыс іздеушілер болса өндіруші өнеркәсіптің құрылымдық бөлімшелерінің басшылығына (1,2 млн теңге), ақпарат, байланыс саласындағы басшылардың орынбасарлығына (858 мың теңге), коммерциялық сектордағы маркетинг қызметінің басшылығына (847 мың теңге) жоғары жалақы сұраған.