Сурет: ru.freepik.com
Дүниежүзіндегі тоғызыншы аумақ атанған еліміз қазір автожолдардың ұзындығы бойынша – 32-орынды, сапасы бойынша – 93-орынды місе тұтып отыр. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында жолдың санынан гөрі сапасы маңыздырақ екенін қадай айтып, салада инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданумен қатар, қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Шынында да, мемлекеттік бюджеттен жыл сайын бөлініп келе жатқан қыруар қаржыға салынған автожолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін Техникалық қадағалау қызметі мен Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталықтың бақылауы жеткіліксіз екенін өмір көрсетіп берді. Тек ел ішіндегі азаматтық ұстанымы берік, белсенді азаматтар дер кезінде дабыл қаққаннан кейін салынып жатқан жолдардағы көрінеу ақаулар жойылған мысалдар аз емес. Мәселен, былтыр Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Саумалкөл – Сырымбет – Светлое автожолын қайта құрылымдау барысында мердігер ұйым тарапынан жол берілген өрескел кемшіліктерді тиісті қызметтер мен жергілікті шенеуніктер байқамаған сыңай танытқандықтан, оларды қарапайым тұрғындардың өздері әшкерелеп, әлеуметтік желіде шу көтерген. Ақыры жолшыларға тиісті шара қолданылып, сапасыз салынған жол учаскелері қалпына келтірілді.
Биыл Қарағанды облысы Шет ауданының тұрғындары Қарағанды – Балқаш автожолының кейбір учаскелерін қайта құрылымдау барысында жол берілген ақауларға шағымданған. Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрған арнайы мониторинг тобы сапарға шығып, жол жабыны ақауларының негізгі себебі – ауыр жүк көліктерінің қозғалысынан түсетін жүктеме екендігін анықтаған. Нәтижесінде, кемшіліктерді жоюды түрік қосалқы мердігері өз мойнына алыпты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ұлытау облысы бойынша департаменті құрған мониторингтік топ биылғы маусым және шілде айларында Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан, Домбауыл кесенесі, Қаражал – Атасу және А-16 Жезқазған – Петропавл (143-163 км) жол учаскелерінде әртүрлі ақауларды анықтаған. Мердігер ұйым барлық кемшілікті жоюға міндеттелген.
Мониторингтік топ Батыс Қазақстан облысындағы Барбастау – Ақжайық – Индер автожолын қайта құрылымдау кезінде асфальтбетон жабынының бұзылғанын әшкерелеген. Осыған байланысты, бас мердігерге ескерту жасалып, барлық ақауды жою және қажет тұстарына жаңа жабынды орнату талап етілген. Осындай кемшіліктер Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Жамбыл және басқа облыстар мен қалаларда анықталған. Өңірлердегі мониторингтік топтар жолдарды салу және жөндеу аяқталғанша ай сайын сапарға шықпақшы.
Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биыл еліміздегі 217 жол учаскесіне мониторинг жүргізуді қолға алып отыр. 12 ауқымды жоба – ерекше бақылауда. Оларды салуға және жөндеуге бөлінген мемлекет қаржысының көлемі – 2 трлн теңгеден астам.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау барысында 15 өңірде 6,9 млрд теңгенің қажетсіз, қайталама жұмыстарды, күтпеген шығыстарды, оның ішінде артық пайданы қосу есебінен сметаны асыра бағалауға байланысты жүйелі жемқорлық тәуекелдері әшкереленген.
Жол құрылысы саласында негізгі жемқорлық тәуекелдерінің бірі – мердігерлік ұйымдар белгілеген кепілдік мерзімі. Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша Ұлытау және Ақтөбе облыстарында жаңа жолдарды салу және қайта құрылымдау үшін кепілдік мерзімін 7 жылға дейін, ал орташа жөндеу үшін – 5 жылға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданған. Ал бұрынғы кепілдік мерзімі небәрі 2-3 жыл ғана болатын. Бұл шара мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп, жолдарды жөндеу және салу сапасын арттыруға септігі тиері сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кейінгі 3,5 жылда 65 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеген. Олар бойынша келтірілген залал шамамен 9 млрд теңге болған. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімінің орынбасары, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директорынан аудандық маңызы бар автожолдарды ағымдағы жөндеуден өткізгендігі жөніндегі актілерге қол қою үшін 10 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталып, үшеуі де тергеу сотының санкциясымен қамауға алынған.
Жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тұран ауданының «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және Төлеби ауданының «Жарық-Жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалған бухгалтерлік құжаттар жасау арқылы үлестес кәсіпорындарға қаражатты заңсыз аударған, сондай-ақ өткен жылы нақты жұмыс істемеген адамдарға жүйелі түрде жалақы аударып отырған. Осылайша, жымқырылған ақшаның жалпы сомасы 99 миллион теңгеден асқан. Сот үкімімен екі бухгалтер сәйкесінше 8 және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Күз айлары – жол құрылысы жұмыстары аяқталатын кез. Осы уақытта жергілікті жерлердегі белсенді азаматтар жаңадан салынған және жөнделген жолдардың сапасына былтыр қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заңға сәйкес қоғамдық бақылау орнатып, байқалған кемшіліктер жөнінде мүдделі мемлекеттік органдар мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті хабардар етсе, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы жарияласа, құба-құп. «Көптің көзі – көреген» демекші, жол сапасын осылай ғана түбегейлі жақсарта аламыз.