Аймақтар • 18 Қазан, 2024

Даланың дәмі – қаланың қамы

78 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенбі күні ертемен қала тұрғындары «Global City» көтерме-сауда орталығына ағылды. Өйткені күздің алғашқы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтпек. Дарқан дала дәмі қалаға өзі келді. Мұнда құстың сүтінен басқасының барлығы бар. Сөредегілер нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзанға сатылады.

Даланың дәмі – қаланың қамы

Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жәрмеңкедегі сауда таңғы 6-дан бастап қызған. Әсіресе бұл уақытта «еттің таңдап жү­ріп, тәуірін алушылар» келеді дейді сату­шылар. Абай ауданы Ақ­бастау ауы­лындағы «Арқа таңы» шаруа қожалығы жемде тұр­ған бір жылқы мен он бес қой әке­ліп­ті.

– Ауыл әкімдігінен жәрмеңке өте­тінін естіп, қуана қатысқымыз келді. Биыл алғаш рет ет өнімдерін жәр­меңке сөресіне қойдық. Бұған дейін базарға әкеп делдалдарға өткізетін едік. Оңтүстіктен де келіп алып кететін. Бірақ бұл жолы өзіміз саттық. Дәл қазір елдің күздік соятын уақыты ғой. Сол себепті, ет алған ел көп. Үш-төрт сағаттың ішінде әкелген етіміз өтіп кетті. Жылқы етін 2 350 теңгеден, қой етін 2 100 теңгеден саудаладық. Негізі, бұл екі тарап үшін де тиімді дер едік. Келесі жәрмеңкелерге келеміз деп отырмыз, – дейді Нұрсұлтан Сейсенов.

Бұл күзгі жәрмеңкенің «Global City» сауда орталығында өтіп жат­қанына да көп бола қой­ған жоқ. Мұндағы орынның кең­дігі сатып алушылар мен жүк тасу­шы­ларға ыңғайлы болды. Бір аңғарғанымыз, кезек күткендерде кептеліс болған жоқ.

пр

– Мен таңнан тұрып, келдім. Мұздатқышымызда ет азайса, көңіліміз түсіп кетеді. Күздік іздеп, жұмыстан шыға алмаймыз. Содан әлеуметтік желіден жәрмеңке өтетінін көріп қал­дым. Жаңаарқаның етін алдым. Сиыр етінің килосы 2 100 теңгеден саудаланды. Семіз, далада жайылған малдың етін таңдап алдым. Жарты сиырдың еті әзірге жетеді. Келін­шегім тұшпараға, мантыға, бәлішке тапсырыс қабылдайды. Сол үшін де ет керек. Алдағы уақытта тағы да жәрмеңке өтеді екен. Сонда тағы келіп, соғым да аламыз деп отырмыз, – дейді қала тұрғыны Жалғас Советқалиұлы.

Осы аптаның сенбісінде Астанада Қарағанды облысының жәрмеңкесі өтеді. 24 қазан, 2 қарашада Қарағанды қаласында, 9 қарашада Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск, Саранда өтеді.

– Жылда дәстүрлі түрде өтетін жәр­меңкенің алғашқысына 7 аудан­нан 100-ден аса ауыл шаруа­шы­лығы тауарын әкеліп сатты. Басқа да өңіріміздегі «Natige» ЖШС секілді кәсіпорындар да өз өнімдерін сөреге шығарды. Яғни бұл сауданың тиімді тұсы – тауарларын нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен ұсынуында. Бірінші жәрмеңкеде 538 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде, 52 тонна ет, 340 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі, 7 тонна балық пен 175 мың тауық жұмыртқасы, 10 тонна өзге де өнімдер өтті, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Бұқар жырау ауданы Құры­лыс ауылынан келген Анар Алпыс­бай­қызының саудасы қызу. Әсіресе мамырда шайқаған сап-сары майына сұраныс көп.

– Жаз бойғы еңбегіміз ғой. 20 келі май әкелгенмін. Бәрі өтіп кетті. 5 500 теңгеден саттым. 100 кило сүзбе, 50 литр қымыз алып келдім ауылдан. Бәрін өз қолымызбен дайындадық. Қолдың қаймағы да тез өтіп кетті. Оның килосын 3 000 тең­ге­ден өткіздік. Жазда жайған құртымызды да көптеп сатып алды. Түске қарай сөреміз бос қалды. Елдің бәрі қысқы азығын жинап алып жатыр ғой. Оның үстіне алғашқы жәрмеңке болған соң да шығар сауда кәдімгідей қызу. Бұл қала тұрғындары үшін ғана емес, өзіміз үшін де мүм­кін­дік. Ақ адал еңбегімізбен жи­на­ған сөреміздегі сүт тауарымызды қолайлы бағаға сауда­ла­дық. Қала тұрғындарының қал­та­сын­ да қақпайды. Енді жәр­мең­кеден қалмаймын деп отырмын. Бізде өнімімізді сау­далау арқылы қажет­тімізді өтеп аламыз. Қысқа көмір, шөп түсіреміз деген секілді шаруаларды тапқан пайдамызбен шешеміз ғой. Айналып келгенде барлығы еңбек, – дейді А.Алпысбайқызы.

Жәрмеңкеде жергілікті шар­уа­шылықтар әкелген көкөніс­ пен жұмырт­қа ұзын-сонар кезек болды. Әсіресе Абайдан ке­ліп, картоп пен пияз саудалаған «КамАЗ» жүк көлігінің қап-қап өнімі түске дейін өтіп кетті.

– Мұнда өтетін әр жәрмеңкені қалт жібермеймін. Өйткені ауыл­дың қазағы болған соң, дала­ның дәмін аңсап тұрамыз. Бала­ларымды ертіп келдім. Көкөністі үйіп-төгіп аламыз. Пияз, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді ас әзірлеуге қажетті көкө­ністі қабымен алдық. Бағасы базар­да­ғыдан тиімді. Мұнымен қоса, айран, қымыз алдық. Барлық дәру­мен осында. Бұл жолы ет алмадық. Келесі жәрмеңкеде аламыз. Жылқының етін. Бала­ларым түйенің жүнінен жа­салған аяқ киім сыйлады. Сол үшін ерекше қуаныштымын, – дейді қала тұрғыны Неғизама Иманғалиқызы.

Жәрмеңкенің жуан ортасынан облыс әкімінің ауыл шар­уа­­шы­­лығы жөніндегі орынба­сары Бауыржан Асанов табылды. Сауданың қалай өтіп жат­қанын бақылап, бағаларын бір қадағалап өтті.

– Жәрмеңкенің ырысы мол. Шаруалардың тек тауары ғана емес, жаз бойғы еңбегі сөреге қо­йы­лады. Дарқан даланың дә­мін аңсаған қала жұрты қыс­тың азығын түгендеп, қамын жасайды. Бұл үрдісті үзбей­міз. Ауыл шаруашылық жәр­мең­кесіне сұраныс жоғары. Шаруалар тарапынан да, қала тұр­ғындарынан да, – дейді Бауыржан Қоңырбайұлы.

 

Қарағанды облысы