Саясат • 18 Қазан, 2024

Қазақстанның БРИКС-тегі орны: жаңа мүмкіндіктер мен стратегиялық таңдаулар

88 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

23-24 қазан күндері Қазан қаласында БРИКС саммиті өтеді. Бұл іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «аутрич» форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді деп күтіліп отыр. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның БРИКС-тегі орны: жаңа мүмкіндіктер мен стратегиялық таңдаулар

Аталмыш сұхбат барысында Берік Уәли Қазақстан қазіргі уақытта және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалатынын айтты.

«Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен мұқият бақылап отыр. Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекеттер басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды. Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Халықаралық қауымдастықтың жауапты және беделді мүшесі ретінде біздің елімізге мұндай ұсыныстың түсуі қалыпты дүние. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр. Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады», деді Берік Уәли.

Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің осындай мәлімдемесі серіктес елдерде күтпеген, тіпті ерекше реакцияларға себеп болды.

1

«Неге мүше болмайды деген сұраққа келер болсақ, менің ойымша, мұнда бірнеше маңызды тұстар бар. Біріншіден, Президент айтқандай, мәселені Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қарау қажет. Осы жағынан алғанда, БРИКС ұйымына мүше болу біз үшін қазіргі таңда тиімді емес және қажет емес деп есептеймін. Неге десеңіз, БРИКС ұйымын халықаралық ұйым ретінде қарастыруға болмайды, өйткені ол ресми түрде тіркелмеген. Қазақстанның құрылтай мемлекеті болмауы, сондай-ақ ұйымның ережелерінде кіру мен шығу мәселелерінің нақты көрсетілмегені бұл жағдайды қиындатады. Сонымен қатар қазіргі геополитикалық ахуал да күрделі: Украинадағы қақтығыс, Израиль мен Палестина арасындағы жағдай — осының бәрі біздің Президентіміздің БҰҰ-ның бағытында жұмыс істеу қажеттігі туралы айтқан сөздерін растайды», дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.

БРИКС ұйымы 2006 жылы құрылған. Қазіргі уақытта оған он ел кіреді: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка (олардың ағылшынша атауларының алғашқы әріптерінен аталуы қалыптасқан), Египет, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы және Эфиопия.

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пайымдауынша, аталмыш жобаның нақты құрылымдық ұйымы немесе тұрақты жұмыс органдары жоқ.

2

«БРИКС – бұл саяси одақ емес (мысалы, Еуропалық одақ немесе АСЕАН сияқты ресми сауда ассоциациясы). Дегенмен, оның G7 мемлекеттері тәрізді күшті экономикалық блок құру әлеуеті бар. Қазақстан БРИКС-тің мүмкіндіктері мен перспективаларына қызығушылық танытып отыр, ел бұл бастаманың іске асырылу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның Қазан қаласында өтетін саммитіне қатысады. БРИКС жобасының негізгі мақсаты – қатысушы елдер арасында тиімді ынтымақтастық жағдайларын қалыптастыру, олардың экономикалық және технологиялық әлеуетін едәуір арттыру, сондай-ақ бір-бірімен белсенді ынтымақтастық арқылы әлемдегі позицияларын нығайту. Дегенмен, жобаның нақты құрылымдық ұйымы немесе тұрақты жұмыс органдары жоқ. Мұндай кең ауқымды белгісіздік жағдайында не істеу керек? Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды қолдайды», дейді саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Өз кезегінде, әзербайжандық саясаттанушы Надир Шафиев БРИКС-ке Қазақстанның шақырылуының бірнеше маңызды себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті және халықаралық аренадағы тұрақты саясаты БРИКС-тің негізгі мақсаттарына сәйкес келеді. Сонымен қатар маманның пікірінше, Қазақстанның шақырылуы тек елдің ішкі саясатына ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңірдің экономикалық және саяси тұрақтылығына да оң әсер етуі мүмкін.

3

«БРИКС өз құрамын нығайта алатын елдер есебінен кеңейуге ниетті. Осы тұрғыда Қазақстан Президентіне және Қазақстанның өзіне ерекше назар аударылып отыр. Қазақстан бүгінгі таңда экономикалық және саяси тұрғыдан күшті ел болып табылады. Оның үстіне, Қазақстанның геостратегиялық және геосаяси жағдайы өте қолайлы. Осы орайда, Қазақстанның БРИКС-ке қосылу туралы ұсыныс, ел беделінің артып, көптеген адамның ескеретін мемлекетке айналып келе жатқанын көрсетеді», деді саясаттанушы.

Соңғы жылдары әлемдегі саяси және экономикалық ахуалдың күрделенуі Қазақстанның сыртқы саясатына ерекше назар аударуды талап етіп отыр. Бұл тұрғыда елдің ұлттық мүдделерін қорғау және халықаралық деңгейде өз орнын нығайту мақсатында қабылданған шаралар маңызды рөл атқарады. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед Қазақстанның сыртқы саясатының даму бағыттары мен оның әлемдік қауымдастықтағы ықпалы туралы өз пікірлерін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанның бұл қадамдары тек еліміздің ғана емес, басқа мемлекеттердің де үлгі алуына ықпал етуі мүмкін.

«Менің ойымша, Қазақстанның сыртқы саясаты дұрыс бағытта дамып отыр. Себебі ол біздің ұлттық мүдделерімізді білдіреді. Екіншіден, Қазақстанның бұл қадамы басқа мемлекеттер үшін үлгі боларына үміттімін. Кейбір елдер мұндай қадамдарға бару үшін сыртқы қолдауға жүгінеді, ал біздің Қазақстанның мәлімдемесі оларға көмек ретінде қабылдануы мүмкін. Өздері шешім қабылдағанда, біздің тәжірибеміз маңызды рөл атқарады. Саясаттанушы ретінде мен Қазақстанның сыртқы саясатын дұрыс деп есептеймін, себебі мұндай бағытта жұмыс істеу қажет. Бірақ бұл шаралардың қандай нәтиже беретіні уақыт көрсетеді. Халықаралық деңгейде осындай пікірлер мен позициялар көбірек айтылған сайын, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің көзқарастарының өзгеруі мүмкін екеніне сенемін», дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.

Соңғы жылдары әлемдік саяси сахнада көптеген өзгерістер байқалады, бұл елдер арасындағы қатынастарды жаңа тұрғыдан қарастыруды талап етеді. Қазақстанның БРИКС-ке қосылудан бас тарту туралы шешімі де осы үрдістің бір бөлшегі болып саналады. Бұл туралы әзербайжандық саясаттанушы Надир Шафиев айтты.

«Қазақстанның БРИКС-ке қосылудан бас тартуды жақын арада жоспарлап отырғаны туралы айтқанда, бұл мәселені бірнеше аспектіден қарастыру қажет. Бүгінгі таңда әлемде күш орталықтарының арасындағы бөлініс жүріп жатыр. Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия сияқты елдер белгілі бір тарапты таңдауына тура келеді. Аймақтық деңгейде бір нәрсені шешуге мәжбүрміз, ал жаһандық деңгейде бір-біріне қарсы тұратын ірі ойыншылар бар, сондықтан қалған елдер қандай одаққа қосылу керектігін немесе қосылмау керектігін терең ойланып шешулері керек. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның күтпелі позициясы түсінікті. Екінші жағынан, Қазақстан бүгінгі таңда БРИКС елдерімен де, Батыс елдерімен де сәтті ынтымақтастық орнатып отыр, бұл факті БРИКС-ке қарсы келеді. Бұл тек мәлімдеме жасағандықтан емес, Батыс елдері БРИКС-тің экономикалық әлеуетін өзіне қауіп ретінде көретініне байланысты. Сондықтан меніңше, Қазақстанның таңдаған күтпелі позициясы әлемдегі болып жатқан процестерде өз бейтараптылығын сақтауға тырысатындығымен байланысты», дейді маман.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары халықаралық қатынастарда күрделі өзгерістер мен шиеленістер қаптап, мемлекеттердің өзара байланыстарында жаңа сын-қатерлер туындап жатыр. Бұл жағдайларда орта деңгейдегі мемлекеттердің рөлі мен мүдделерінің ескерілмеуі әлемдегі тұрақтылықты әлсіретіп, конфликтілердің туындауына себеп болуы мүмкін. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаттағы жаңа бағыттары мен стратегиялық шешімдері осы контексте ерекше назар аударады. Оның орта деңгейдегі мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, халықаралық аренадағы бейбітшілікті сақтау мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымы қазіргі замандағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

«Менің ойымша, Президент осы қадамымен орта деңгейдегі мемлекеттердің мүдделерін көрсетіп, саясатты осы принциптерге сүйене отырып жүргізіп отыр. Президенттің айтуынша, БҰҰ-ның бірнеше мәселесін шешу, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалау үшін орта деңгейдегі мемлекеттердің мүддесін назарға алу қажет. Бұл, меніңше, болашақта соғысқа жол бермей, бейбіт шешімдерге алып келетін қадамдар. Қазіргі жағдайда алпауыт державалар өз саясаттарының негізінде әлемді батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстікке бөліп, көп конфликтілерге алып келуі мүмкін. Осы процесті тоқтату немесе оны басқа бағытқа бұру үшін Президентіміздің осындай мәлімдемелері мен пікірлерін халықаралық қауымдастыққа жеткізіп отырғаны өте маңызды», деп санайды саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.

 

Гүлмира СЫЗДЫҚҚЫЗЫ