1941 жыл. Рудольф Гесс концлагерьде аяусыз кісі өлтіріп, газ камералары мен крематорийлерді керемет деп танып жүрді. Ол комендант болған «Освенцим» нацистік «Холокост» саясатының ең үлкен орталығына айналып, шамамен 1,1 миллион адам жан тәсілім етті.
1947 жыл. Соғыстан кейін Гесс тұтқынға алынып, Нюрнберг процесінде әскери қылмыстары мен адамзатқа қарсы қатыгездігі үшін айыпталып, өлім жазасына кесілді.
2014 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ауыр трагедияның бірін басынан өткерген Ева Мозес тыныш өмірін сүріп жатты. «Освенцим» концлагерінде азапталған ол өзегін өртейтін қасіретті есіне де алғысы келмейтін. Кенет киелі тыныштық тарс бұзылды. Еваның алдына жоғарыда жазылған Гесстің немересі келді. Өзіне адам шошырлық қатыгездік көрсеткен адамның ұрпағы екенін білгенде, көз алдына барлық қасіреті елестеді. Жек көрді, кек алғысы келді. Бірақ бәрі әп-сәтте сап тыйылды. Себебі коменданттың немересі атасының әрекетіне кешірім сұрап келген екен. Рейнер атасының жасаған сұмдықтарын білгенде, Холокостың құрбандарының бәрінен дерлік кешірім сұрап шыққан. Бірақ Олжас Сүлейменовтің жырындағыдай, көбінің жауабы «біз ешқашан ұмыта алмаймыз, мыңжылдық өкпе-ренішті» болған. Ал Еваның әрекеті бәрін таңғалдырды. Ол кешірімге жауап ретінде Рейнерді рухани түрде «отбасына қабылдап», татуласу арқылы байырғы зұлымдықты жеңуге болатынын дәлелдеді.
Лирикалық шегініс. Осы тұста Қасым Қайсеновтің әрекеті есімізге түсті. Берлинге барғанда, атақты партизан сөз сөйлеген. Трибунада «мен ең алдымен неміс халқынан кешірім сұрағым келеді» деп иілген. Залда отырған немістер таңырқап, кеңес делегациясының есі шыққанда, Қасым атамыз «Мүмкін мен өлтірген жауларымның арасында сіздердің балаларыңыз, әкелеріңіз болған шығар, сондықтан мені кешіріңіздер!» деген екен. Ал қиян-кескі шайқаста жаудың барлық солдатын жайратып салып, енді кете бергенінде, окоптан кішкентай «жау баласын» тауып алғандағы ісі – жүрек елжіретеді. Осы ерлігі туралы: «Өлтірейін деп едім, қолым бармады. Бейкүнә балдырғанның қандай жазығы бар? Сөйтіп, өзіммен бірге орманға алып кеттім. Жаудың баласы болғанына қарамастан, ағалық қамқорлық көрсетіп, бір айдай бағып-қақтым. Барлауға кеткенімде партизан жолдастарым балдырғанды байқамасын деп жасырып кететінмін. Содан былай жалғаса берсе, баланың өміріне қауіп төнетінін біліп, Украинаға апарып тастадым. Сол жақта оған азаматтық алып беріп, тегін өзгертіп, балалар үйіне өткіздім. Кейін де неміс баласының қал-жағдайын біліп тұрдым. Ол бала сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін де хат-хабар жазып тұрды», деген екен.
Шіркін-ай дерсің! «Соқыр көретін, керең еститін тіл – мейірім» деген – осы шығар. Өз-өзімізді өгейсініп, өз ішімізде өзіміз өлермен болып жүргенде, ата жауларынан өзін аямағандарды көргенде, қандай сезім кешеріңді білмей де қалады екенсің...