Еліміздің Ұлттық павильоны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен алғаш рет беделді көрмеде ұсынылып отыр. Оның комиссары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
«Jerūiyq» (Жерұйық) мифтік жер туралы ежелгі аңыздың заманауи интерпретициясы көрмеге келушілерді таңғалдырғаны рас. «Шетелдіктер барлық жерде» атты кезекті Венеция өнер биенналесіне 90 елдің суретшілері қатысып отыр. Көрменің негізгі тұжырымдамасы көші-қон, мәдени плюрализм мәселелерін және жаһандық Оңтүстік елдерден келген модернистік суретшілердің есімдерін қайтадан таныстырады.
«Jerūiyq» – бүгінге дейін ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазақ аңызы бойынша «құтты мекенді» іздеу. Экспозицияда футуристік көкжиектер мен қазіргі порталдан бөлек өлшемге дейінгі қиял әлемі ұсынылған. Қазақ суретшілерінің туындылары тақырыпты бірнеше буын тұрғысынан көрсету үшін мұқият іріктеліп алынған: ХХ ғасырдың 70-80-90 жылдарында қалай қабылданғаны, оны жаңа медиамен жұмыс істейтін заманауи суретшілер қайтадан бастан кешіргені көрінеді.
«Қазақстанға өз өнерін көрсету өте маңызды. Тарих пен қазіргі заманды ұштастыру идеясы мен тұжырымдамасы қызықты және маған ұнады», деді германиялық арт-сыншы әрі суретші Валерия Абентрот.
Қазақстан павильонын көпшілік жылы қабылдады. Оған павильонның бірегей тұжырымдамасы мен суретшілердің ұрпақтар сабақтастығы байқалатын ерекше жұмыстары сеп болды. Мәселен, өткен онжылдықты бейнелейтін Камил Муллашев пен Ерболат Төлепбайдың жұмыстары, Сәкен Нарынов пен Сергей Масловтың заманауи диалогі қазақ өнерінің модернизмнен жаңа медиаға дейінгі эволюциясын көрсетеді.
Әсіресе «The2vvo» суретшілер тобының «Қатысу» саунд-инсталляциясы мен Анвар Мүсіреповтің «Аластау» бейне-эссесі сияқты дәстүрді жаңа медиамен үйлестіретін жұмыстар көпшіліктің назарын аудартты.
«Біріншіден, маған қатты әсер еткен дүние – сіздер ата-бабаның даңқты дәстүрін жалғастырып, сонымен бірге оны қазіргі заманмен ұштастыра алатындарыңыз. Өткен мен болашақты үйлестіре отырып, алға ұмтылып жатырсыздар. Мұның нәтижесі керемет болады. Бұл – үлкен жетістік, өйткені Батысқа жетпейтіні – осы», деді Мысыр мен Солтүстік Африкадағы италиялық радиотелевизия бюросының жетекшісі Марк Иннаро.
Дәстүрлі қазақ иірімдері мен заманауи көркемдік тәжірибелердің ерекше үйлесімі сыншылардың ғана емес, жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Павильон жұмыс істеген күндері келушілер саны артып, жобаны талқылап, пікір білдіргендердің де қарасы көп болды.
Айта кетейік, отандық суретшілердің өнер көрмесіне қатысуы «ViledFashion» ЖШС бас демеушісінің, «Qazaq oil» ЖШС, «Universal Energy Kazakhstan» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды.
«Navale» мұражайының тарихи ғимаратында өтіп жатқан 60-шы Венеция өнер биенналесі 24 қарашаға дейін жалғасады.
Еске салсақ, халықаралық өнер көрмесі алғаш рет 1895 жылы Венецияда өтіп, бірден өнер әлеміндегі басты оқиғалардың біріне айналды. Екі жылда бір рет өткізілетін биенналеге жарты миллионға жуық адам қатысады.