Көрме • 19 Қазан, 2024

Жаһанданған «Jerūiyq»

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Венеция биенналесінде ұсынылып жатқан еліміздің Ұлттық павильоны көрмеге келушілердің назарын аударды. «Jerūiyq: көкжиектен тыс көзқарас» атты Қазақстан павильонына халықаралық сыншылар да жақсы пікір білдіріпті. Жалпы, көрме ашылғаннан бері мифтік аңыздың заманауи үлгісін көрсеткен экспозиция биенналеге қатысушылар мен қонақтар арасында көп талқыға түскен еді.

Жаһанданған «Jerūiyq»

Еліміздің Ұлт­тық павильоны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен алғаш рет беделді көр­меде ұсынылып отыр. Оның комис­сары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

«Jerūiyq» (Жерұйық) мифтік жер туралы ежелгі аңыздың заманауи интерпретициясы көрмеге келушілерді таңғалдырғаны рас. «Шетелдіктер барлық жерде» атты кезекті Венеция өнер биеннале­сіне 90 елдің сурет­шілері қатысып отыр. Көрменің негізгі тұжырымдамасы көші-қон, мәде­ни плюрализм мәселелерін және жаһандық Оңтүстік елдерден келген модернистік суретші­лер­дің есімдерін қайтадан таныс­тырады.

«Jerūiyq» – бүгінге дейін ауыз­дан-ауызға тарап, ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткен қазақ аңызы бойын­ша «құтты мекенді» іздеу. Экспо­зицияда футуристік көк­жиек­тер мен қазіргі порталдан бөлек өлшемге дейінгі қиял әлемі ұсынылған. Қазақ суретшілерінің туындылары тақырыпты бірнеше буын тұрғысынан көрсету үшін мұқият іріктеліп алынған: ХХ ғасырдың 70-80-90 жылдарында қалай қабылданғаны, оны жаңа медиамен жұмыс істейтін заманауи суретшілер қайтадан бастан кешіргені көрінеді.

ва

«Қазақстанға өз өнерін көрсе­ту өте маңызды. Тарих пен қазіргі заманды ұштастыру идеясы мен тұжырымдамасы қызықты және маған ұнады», деді германиялық арт-сыншы әрі суретші Валерия Абентрот.

Қазақстан павильонын көп­­ші­лік жылы қабылдады. Оған па­вильонның бірегей тұжы­рымдамасы мен суретші­лердің ұрпақтар сабақтастығы байқала­тын ерекше жұмыстары сеп бол­ды. Мәселен, өткен онжыл­дық­­ты бейнелейтін Камил Мул­ла­шев пен Ерболат Төлепбай­дың жұмыстары, Сәкен Нарынов пен Сер­гей Масловтың заманауи диа­логі қазақ өнерінің модернизмнен жаңа медиаға дейінгі эволюциясын көрсетеді.

Әсіресе «The2vvo» суретші­лер тобының «Қатысу» саунд-инс­тал­ляциясы мен Анвар Мүсі­ре­повтің «Аластау» бейне-эссесі сияқ­ты дәстүрді жаңа медиа­мен үйлестіретін жұмыстар көпші­ліктің назарын аудартты.

«Біріншіден, маған қатты әсер еткен дүние – сіздер ата-бабаның даңқты дәстүрін жал­ғастырып, сонымен бірге оны қазіргі заманмен ұштастыра ала­тындарыңыз. Өткен мен болашақты үйлестіре отырып, алға ұмтылып жатырсыздар. Мұның нәтижесі кере­мет болады. Бұл – үлкен жетіс­тік, өйткені Батысқа жетпейті­ні – осы», деді Мысыр мен Солтүс­тік Аф­рикадағы италиялық ра­диотелевизия бюросының же­текшісі Марк Иннаро.

Дәстүрлі қазақ иірімдері мен заманауи көркемдік тәжі­рибе­лердің ерекше үйлесімі сын­шы­лардың ғана емес, жалпы жұрт­шылықтың қызығушылығын тудырды. Павильон жұмыс істе­ген күндері келушілер саны артып, жобаны талқылап, пікір біл­дір­гендердің де қарасы көп болды.

Айта кетейік, отандық сурет­шілердің өнер көрмесіне қа­тысуы «ViledFashion» ЖШС бас демеушісінің, «Qazaq oil» ЖШС, «Universal Energy Kazakhstan» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды.

«Navale» мұражайының тарихи ғимаратында өтіп жатқан 60-шы Венеция өнер биенналесі 24 қарашаға дейін жалғасады.

Еске салсақ, халықаралық өнер көрмесі алғаш рет 1895 жылы Венецияда өтіп, бірден өнер әлеміндегі басты оқиғалардың біріне айналды. Екі жылда бір рет өткізілетін биенналеге жарты миллионға жуық адам қатысады.