Тағзым • Бүгін, 10:15

Батыр ерлігі ұмытылмайды

35 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Ұлттық қорғаныс университетінде «Рахымжан Қошқарбаев: Рейхстаг үстіндегі ту» атты ғылыми-тәжі­рибелік конференция өтті. Іс-шараға Қорғаныс министр­лігінің өкілдері, әскери ғалымдар мен магистранттар, әскери оқу орын­дарының курсанттары мен батырдың ұрпақтары қатысты.

Батыр ерлігі ұмытылмайды

Биыл 100 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде тойланып жатқан қазақтың ержүрек батыр ұлы, Берлиндегі Рейх­стагқа алғаш болып жеңіс туын тіккен, Халық қаһар­маны Рахымжан Қош­қарбаевтың есімін ұлықтау мақсатында, ұлы тұлғаның туған күнімен орайлас­тыра ұйымдастырылған кон­фе­ренцияның шымыл­дығын Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситетінің бастығы, PhD, доцент, генерал-майор Асқар Досбосынұлы Мұстабеков ашты.

– Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат бергенін бәріңіз білесіздер. Сол сұхбатта Мем­лекет басшысы «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміз­дің жалпы ұлттың бірегейлігін нығайта түсуге зор септі­гін тигізеді» деді. Ұлттың бірегей­лігін сақтау үшін батырлар рухына құрмет көрсетіп, олардың көзсіз ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау ісін үздіксіз жүргізе беруге тиіспіз. Бүгінгі іс-шара соның нақты мысалы бола алады, – деді Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы.

Сондай-ақ Асқар Досбо­сын­ұлы конференция қо­­нақ­тарын әйгілі ғалым Қаныш Сәт­баевтың туғаны­на – 125, даңқ­ты батырлар Сағадат Нұр­­мағам­бетов пен Рахым­жан Қошқар­баевтың туғанына 100 жыл толуымен құттықтап, іс-шара барысында еліміздің әс­кери тарихына қатысты кең көлемдегі теориялық және тәжіри­белік мәселелердің талқы­ланатынына сенім білдірді.

Қарулы Күштер Бас штабы академиясы жедел өнер және әскери тарих кафедрасының аға оқыту­шысы, PhD, запастағы пол­ков­ник Дәурен Май­хиев Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесін қою­да Берлиндегі шайқас­­тың маңызын арнайы да­йындалған көрнекі құрал­дар­мен деректерге сүйеніп баяндап шықты.

Баяндамада ғалым «Рахым­­жан Қошқарбаевтың Рейхс­тагқа ту тігу ерлігін ұрпақ санасына сіңіреміз десек, фашизмді түпкілікті талқандауда кеңес әскері­нің қандай тәуекелдер­ге бар­ғанын, Берлинді алу шайқа­сының адамзат тарихындағы мән-мағына­сын тереңірек біліп алуға тиіспіз» деген ойын ортаға салды.

Мұнан кейінгі баяндамаларда Рахымжан Қошқар­баев­­тың Рейхстагқа ту тігу үшін 360 қадам жерді жеті сағат бойы қалай жыл­жығаны, Қош­қарбаев қызмет еткен полктің жауын­гер­лік ерліктері, Халық қаһар­маны туралы жазылған әдеби туындылар мен зерттеу еңбектердің әскери маман­дарға әсері туралы көптеген мәсе­лелер айтылды.

Сондай-ақ конференция барысында ғалымдар «Қазақ­станның егемен мемлекет ретіндегі әскери заңнамасын жетілдіру» тақырыбында да өз ойларын ортаға салды.

Іс-шараға онлайн қатысқан Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты, Ұлттық ұлан академиясы, Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж мамандары мен Ұжым­дық қауіпсіздік шар­ты ұйы­мының өкілдері фа­шизмді талқандаудағы батыр­­лар­дың ерлік істеріне ғы­лы­ми тұрғыда баға беру мәсе­­лесін күн тәртібінен түсір­меуді ұсынды.

Конференция соңын­да Ұлттық қорғаныс уни­верси­теті­нің бастығы, генерал-майор, PhD Асқар Мұста­беков әскери мамандар мен ғалымдарға алғыс білдірді.