Талбесік • 19 Қазан, 2024

Орманы көптің олжасы көп

372 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірдің табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы мекемелері 2021 жылдан бастап биылғы жылдың көктеміне дейін 8,6 мың гектар алқапқа 54,5 миллион көшет отырғызды.

Орманы көптің олжасы көп

Көгілдір Көкшеден нулы, сулы Қорғалжынға дейін кең көсілген сайын дала сыңсыған орманымен де ерекшеленеді. Былай қарағанда қолдың саласындай ақ қайың мен мәңгі жасыл қарағай қаулап өсіп, ән мен жырға арқау болып тұрғандай көрінгенімен, облыс аумағының орманды жері небары 5 пайыз ғана. Міне, сондықтан жыл сайын орман дақылдарын егу алаңдарын мейлінше ұлғайту қажеттігі туындап отыр. Ілкі заманнан бері ит тұмсығы өтпейтін орманды алқаптардың табиғи жаңаруына қол жеткізген жөн.

Дүйім ел болып қолдаған «Таза Қазақ­стан» акциясы орманға біршама шарапатын ала келді. Елді мекендердің маңайындағы жасыл аймақ күл-қоқыстан тазарып, түлеп сала берді. Шын мәнінде бұл жалпақ жұрт болып көңіл аударатын келелі мәселе-тұғын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қазақ­станның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 па­йызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуан­дығын сақтау үшін біз орман алқап­тарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет елі­міздің тұрақты әлеуметтік-экономи­калық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін», деді. Президент өзекті мәселені тап басып, нақты тапсырма беріп отыр. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында да екі миллиардтан астам ағаш отырғызу міндетін жүктеді.

Өңірдегі орман шаруашылықтары 2021 жылы 1370 гектар алқапқа ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Алғашқы меже – 970 гектар. Ел байлығын еселеуге білек сыбана кіріскен орманшылар бұл тараптағы жос­парды 141 пайызға орындап шықты. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, 7,6 миллион көшет егілді. Жоспар 110 пайызға орындалды.

2022 жылы орман шаруашылығы ме­кемелері 1280 гектар алқапқа ағаш кө­шеттерін егуді межелеген. Бұл жылы межеленген жоспар 222,8 пайызға орын­­далды. Ұйымшылдықпен атқарылған іс нәтижелі болады емес пе? 15,755 миллион көшет құнарлы топырақтың төсіне орнығып, бой салып өсіп, көрген жанның көзін қуантады. Тұқым жеткілікті, алқап дайын болғаннан кейін бар жұмыс тиянақты атқарылып, көзделген межеден 1,9 миллион дана көп егілді.

2023 жылы өңірдің орман шаруашылығы мекемелері 2410,8 гектар алқапқа көшет егіп, жоспарды 123,6 пайызға орындады. Биыл көктемде 13,8 миллион көшет отырғызылды. Көшет егу жұмыстары ыл­ғалы мол, көшеттің тез жерсініп, бой салып өсетін қолайлы маусымы қоңыр күзде де жалғасын табады.

Мемлекет басшысының орман қорына екі миллиард көшет егу жөніндегі тапсырмасы 2027 жылға дейін ұзартылып отыр. Алдағы жеті жыл ішінде атқарылатын бар жұмыс екшелген. 2025-2027 жылдары 15 мың гектар алқапқа 99 миллион ағаш көшеті егілмек.

Соңғы жылдары Щучинск-Бурабай курортты аймағын басып өтетін күре жол­дың бойында өсіп келе жатқан жасыл белдеу өкпек жолаушының ғана емес, жер­гілікті тұрғындардың да мақтанышына айналған. 2021 жылдан бастап өңірдің орман шаруашылығы мекемелері 2,6 мың гектар алқапқа ағаш көшеттерін отырғызды. Игілігін ел көріп отыр. Сыңсыған орманның іші флора мен фаунаға бай. Іргедегі елді мекендердің тұрғындары жаз бойы жидек теріп, жеңсік ас – саңырауқұлақ жинайды. Дарқан даланың сыйын әжетке жаратып, жол бойындағы сауда сөрелерінде сатып, табыс тауып отырғандар аз емес. Демек, «Жасыл орман – ел қазынасы» деген қанатты сөздің шындық екендігі дау тудырмайды.

Орман қорын молайтуға ең алдымен тұқым қажет. Бұл тарапта тәп-тәуір же­тістік бар. Басқармаға қарасты 13 орман шаруашылығының әрқайсында бір-бірден тұқымбақ бар. Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды орман шаруашылықтарында тұрақты тұқымбақтар қажетті көшетпен қамтамасыз етсе, 10 уақытша тұқымбақта қыруар кө­шет өсіріледі. Жыл сайын орман шаруашылығы мекемелерінің осы тұқымбақтарында 1-2 жылдық 10 миллион­нан астам көшет дайындалады. 15 мың­нан астам ағаш-бұта тұқымдас үш жылдық көшеттер де кәдеге жаратылып жатыр. Тұ­қымбақтарда негізінен қарағаш, қайың, үйеңкі, алма ағашы тәрізді көшет түрлері бар. Санын көбейтумен бірге сапа­лық сипаттамасына да назар аударылады. 2013 жылдан бері Ресейдің Түмен өңіріндегі «Ахмечет» тәлімбағынан тез өсетін, сәндік тұқым түрлері сатып алынып отыр. Осындай ізденістің арқасында тәлімбақтардағы көшет түрлері жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Жаңа технологияларды енгізу де ба­тыл қолға алынған. Бір ғана мысал келтіре кетелік. 2015 жылы Ақкөл орман ша­руа­шылығы мекемесінде заманауи там­шылатып суару жүйесі қолданысқа енгізілді. Жалпы ауданы 51 гектарды құрайтын тұ­қымбақ қайта жаңғыртылып, тиімді жұмыс істей бастады. Жағымды жаңалықтың ерекшелігі – көшеттерді суару кезінде суды 70 пайызға дейін үнемдеуге болады. 1972 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келе жатқан, жалпы ауданы 51 гектар болатын Кіші Түкті орман шаруашылығы мекемесінің тәлімбағында 2013 жылы суару желісі орнатылды. Тәлімбақтың қоршауы қайта жаң­ғыртылды. 2017 жылы жабық жерде ағаш, бұта көшеттерін отырғызуға арналған жылы­жай салу қолға алынды. Алдағы жоспар да толымды. Облыс бюд­жетінің есебінен жалпы ауданы 86 гектар алқапты құрайтын екі тұрақты орман тәлімбағын салуға қатысты құжаттар әзір­леніп жатыр. Олардың бірі Зеренді ауда­нында, екіншісі Атбасар ауданында орналаспақ.

Тапсырма орындала бастағалы қолға алынғалы 300-ден астам маусымдық жұмыс орындары ашылды. Бұл да жергілікті тұр­ғындарға тиімді жай. Ойға алған шаруа оңынан оңға­рылатын болса, сайын даланың сәні кіріп-ақ қалатыны сөзсіз.

 

Ақмола облысы