Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы бір жарым жылдың ішінде Қоғамдық палатада әр сарапшы кез келген мәселе бойынша өз пікірін еркін жеткізетін сенімді әрі іскер орта қалыптасқанын атап өтті.
– Жалпы, Қоғамдық палата жұмысы қарқын алып, Мемлекет басшысының «Ықпалды Парламент» қағидасын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Ең бастысы, палата қоғамға ашық. Қоғамдық палатаны құрып, сіздерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырғанда осыны мақсат еттік. Біз бұл тәсілді одан әрі дамытып, жетілдіруіміз керек, – деді Е.Қошанов.
Банктер туралы жаңа заң, Салық және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысқа ерекше назар аударылады. Бұл ретте еліміздің түкпір-түкпіріндегі халықтың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, талқылау Қоғамдық палата мүшелерінің маңызды міндеті екені айтылды.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы қабылданған заңдардың іс жүзінде орындалуы жөнінде қоғамдық палата мүшелерінің пікірін сұрады. Оның ішінде лудомания мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған түзетулерді жүзеге асыру да қамтылды.
Спикер биыл заң жобалары бойынша ұсыныстар модулі іске қосылғанын еске салып, мәслихат депутаттарын заң жобалау жұмысына тарту арқылы бұл тетіктің мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.
Жиында Қоғамдық палатаның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер – суицидтің көбеюі, жедел медициналық көмек жүйесіндегі проблемалар және басқа да тақырыптарға ерекше мән берілді. Сонымен қатар Е.Қошанов сайлаушылардың талап-тілегі бойынша Үкімет пен Мәжіліс депутаттарының бірлескен жұмысына назар аударып, Қоғамдық палата мүшелерін осыған атсалысуға шақырды.
– Сессия барысында Үкімет мүшелері бізге осындай мәселелердің шешілу барысы туралы екі рет есеп береді. Сондықтан сіздер де өз ұсыныстарыңызды жинақтап, Қоғамдық палата төрағасына беруіңізге болады. Ол өз кезегінде Қоғамдық палата мүшелерінің атынан Үкіметке сұрақтарын қоя алады, – деді ол.
Өз кезегінде Қоғамдық палата сарапшылары осы сессияның күн тәртібіне қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелерге тоқталды. Еуразиялық тұтынушылар одағының басқарма төрайымы Светлана Романовская тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарын кеңінен талқылау қажеттілігіне назар аударды. «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтұқ Қоғамдық палатаның беделі артқанын атап өтіп, палатаның өңірлердегі көшпелі отырыстарында талқылау үшін тақырыптар ұсынды.
Отырыс барысында палата мүшелері өзге де өткір мәселелерді көтерді. Бұл – Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту, бизнесті дамытуға жағдай жасау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, жалпы денсаулық сақтау саласын дамыту, жаңа салық заңнамасы, жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеу және тағы басқа.
Жиында Ерлан Қошанов қоғам қайраткері, «Astana Open Dialogue» серіктестігінің негізін қалаушы Александр Даниловты және «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуованы Қоғамдық палатаға жаңа мүше болуымен құттықтады.