Саясат • 19 Қазан, 2024

Үкіметаралық комиссия отырысы өтті

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәскеуде өткен Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Үкіметаралық комиссияның 25-отырысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстанның үкіметтік делегациясын Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ресей тарапын Ресей Федерациясы Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук басқарды.

Үкіметаралық комиссия отырысы өтті

Сурет: primeminister.kz

Тараптар транспорт­тық-логистика саласында ынтымақ­тастықты белсенді түрде дамытуда. 2024 жылдағы 9 айдың қорытындысы бо­йынша, Қазақстан мен Ресей теміржолдары бірлескен жұмысының нәтижесінде, контейнерлердің Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау көле­мі 63%-ға, ал Ресей мен Қазақ­стан аумағы арқылы «Қытай – Еуропа – Қытай» бағытын­дағы тасымалдар 2023 жыл­дың сәй­кес кезеңімен салыс­тыр­ған­да 65%-ға артты. Атал­ған оты­рыста тараптар контей­нерлік пойыздардың «Қытай – Қазақстан – Ресей» бағыты бойынша жүк ағынын арттыру үшін Селятино стансасына жақын жерден транспорт инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтауға келісім жасады. Бұл стансада биыл сәуір айында Сиань (Қытай) – Достық/Алтынкөл (Қазақстан) – Селятино (Ресей) маршруты бойынша жүк тасымалдауды барынша тиімді жүзеге асыруға бағытталған CRK Terminal заманауи транспорттық-логис­тика ор­талығын құру жобасы іске қосылды. Бұл орталық халық­аралық транспорт дәліз­дерінің дамуына маңызды үлес қосып, Қазақстан арқылы тран­зит­тік тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Үкіметаралық комиссия отырысы барысында Қазақстан тарапы Ресей жағы­нан отандық карантинге жатқызылған өнімдер импортына шектеулер енгізу мәселесін көтерді. Тараптар жағдайды шешу жолдарын жедел әзірлеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдар арасында екіжақты консультациялар өткізуге келісті.

Кездесу барысында екі­жақ­ты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, өнер­кәсіп, энергетика, транспорт, қаржы, мәдениет, ғылым, білім және туризм сала­ларын­дағы нәтижелері де қаралды.

2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 17,2 млрд долларды құрады.