Спорт • 22 Қазан, 2024

Америкада атой салды

191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері АҚШ-та еңбек етіп жүрген еліміздің азаматтары арасында да дарындылар мен қарымдылар аз емес. Солардың бірі – Ба­қыткелді Қасенов. От­­басымен бірге алыс­тағы Америкада тұрып жат­қанына бірер жылдың жү­зі болған қандасымыз спорт саласында елеулі та­быс­тарға қол жеткізіп үлгерді.

Америкада атой салды

34 жастағы Бақыткелді Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тумасы. Сол өңірде ол әр жылдары әлем, Азия чемпионы атанған Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қа­шағанов, Ділдәш Құрышбаева тағы басқа белгілі балуандарды тәр­биелеген майталман маман Ба­қыт Қоқысбековтің қол астында жаттығып, күрес өнерінің қыр-сырына қанықты. Кейін Асан Жолдыбаев, Варвара Масягина, Ермек Нәсиевтен тәлім-тәрбие алды. Қол жеткізген табысы жаман емес. Самбо мен дзюдодан жас­өспірімдер мен жастар арасында облыс чемпионы болды, респуб­ликалық турнирлерде сан мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Спорт пен білімді қатар алып жүрген Бақыткелді Қасеновтің төрт дипломы бар. Әу баста Қа­зақтың дене шынықтыру, туризм және сервис колледжінде оқыса, кейін Спорт және туризм академиясы, Еуразия технология университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетін тә­мам­дады. Түрлі салада еңбек етіп, бірнеше шет тілін жетік мең­герді. Сол еңбегінің жемісін көріп, сонымен қатар білімін же­тілдіру мақсатында АҚШ-қа аттанды. Бұл күндері отбасымен бірге Лос-Анджелесте тұрып жат­қан қазақтың ұлы спорттан да алшақтаған жоқ.

– Бозбала шағымнан балуандық өнерге аңсарым ауды. Кіндік қаным тамған Кербұлақ ауданында дзюдо мен самбоның даму барысы өте керемет. Бақыт Қоқысбеков есімді мықты маман осы спорт түрлерінің Сарыөзек өңірінде дамуына барынша еңбек сіңірді. Мен сол кісінің қол астында жаттығып, Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қа­шағановтай ағаларыма елік­теп өстім. Олардың самбодан бағындырмаған белесі жоқ. Дзюдода да өздерін мойындатты. Келесі айда Бақыт Жәкетұлы 70 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Сөз орайы келгенде, ұлағатты ұстазыма Америкадан жалынды сәлем жолдап, өскелең ұрпақты спорт пен саламаттыққа баулып қана қоймай, өмірде де дұрыс бағыт-бағдар бере білген абзал азаматты атаулы күнмен құт­тықтағым келеді, – дейді Бақыткелді.

Жуырда ғана Америкадан қуа­нышты хабар жетті. Айнал­дырған бір ай ішінде Бақыткелді үш бірдей дүбірлі додаға қа­тысып, барлығында да олжаға кенелді. Атап айтсақ, дзюдодан Нанкадағы «Nanka Fall Tournament», Сан-Хоседегі «San Jose open» турнирлерінде бас жүлдені олжала­ды. Сол жарыстарда мексикалық Хосе Альварадо, жапониялық Кулен Ямосаки, америкалық Ро­берт Никольс, қытайлық Жа­сон Ли мен Дакта Чин сынды танымал спортшыларға сан соқтырды. Сонымен қатар джиу-джитсудан ұйымдастырылған Лос-Анджелестегі додада қола медальды мойнында жарқыратты. Б.Қасеновтің ендігі мақсаты – халықаралық аренада атой салу.