Асу әлемдегі ең белді промоушенде өте жақсы өнер көрсетіп жүр. UFC-мен былтыр ғана келісімшартқа отырған 30 жастағы файтер сол кезден бері үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Күні кеше ғана ол аталған ұйымның рейтингінде жетінші орында тұрған Бразилияның өте тәжірибелі спортшысы Матеус Николаумен (19-4-1) күш сынасты. Бұл бәсекені Алмабаев мерзімінен бұрын аяқтай алмаса да, әр раунд сайын үстемдігін көрсетті. Айқас аяқталғаннан кейін барлық төреші қандасымыздың мықтылығын бірауыздан мойындады.
UFC рейтингінде осыған дейін 14-орында тұрған Асу Алмабаев соңғы жеңісінен кейін бірден жеті сатыға жоғарылады. Қазір «Зұлпықар» (Асудың жанама есімі) жетінші орында. Бұл салмақтың чемпиондық тәжі бразилиялық Александр «Адам жегіш» Пантожаға тиесілі. Үздік үштіктің қатарында америкалық Брендон «Жаналғыш балақай» Ройвел, мексикалық Брэндон «Дөрекі жігіт» Морено, ирактық Әмір «Ханзада» Албази сынды саңлақтар бар. Егер Асу алдағы екі-үш жекпе-жекте жеңіске жетсе, онда жоғарыда есімдері аталған жампоздардың бірін орнынан ығыстарып, алтын белбеуге бір табан жақындай түседі.