Қоғам • 22 Қазан, 2024

Вашиңтоннан сөйлеп тұрмыз...

147 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мұқағалидың америкалық оқырманы

Сол күні сабаққа кешігіп бардым. Кешіккен мен емес, Вашиңтон метросы еді. Біздің топпен кездесуге келген америкалық журналист сөзін аяқтады да, маған қарай бұрылды. «Сіз өлең жазады екенсіз ғой, Мақатаевты білесіз бе?» деп маған қарай жақындады қартаң әйел. «Білгенде қандай, күллі қазақ ол кісінің өлеңдерін жатқа оқиды», дедім.

Вашиңтоннан сөйлеп тұрмыз...

«Керемет, мен ақынның ағылшын тіліне аударылған өлеңдерін оқып, разы болдым» деп тебіренісін жасыра алмай, қолымды қысты.

Электронды поштама ақын туралы жазған эссесін жіберетін болып қоштасты. Алыстан оған ұзақ қарап тұрдым, мен ғана емес, Вашиңтонның жарық шашқан көшелері де қарап тұрғандай сезілді. Өзге елде жүргенде өз еліңнің ақыны туралы біреу жылы сөз айтса, неткен бақыт, нет­кен мерей!

Кеше Мұқағали ақынның америкалық оқырманы электронды поштама ақын туралы мақаласын жіберіпті. Мақаланы оқып, бір серпіліп қалдым.

Түн. Жарықтық Мұқаң осыдан бәлен жыл бұрын «түн маған ұйықтау үшін жаралмаған» деп еді ғой. Арлиңтонның салқын ауасы бетке ұрады. Тоңдырғаны ма, жылытқаны ма – белгісіз. Күбір ішінде жалғыз сөйлем қанат қағып тұр Мұқағали ақынның америкалық оқырманы... Иә, мен сол кісі туралы жазуым керек. Электронды хатында «біздің үйге келіңіз, күйеуім екеуіміз сізбен тағы кездесуге асығамыз» деп қадап айтыпты. Не айтпақ екен? 

 

Кітабы көп ел – қандай ел?

Бір байқағаным, америкалықтар қолы қалт етсе болды, кітапқа үңіледі. Талбесіктен басталған тәрбиенің әсері ме, әлде қоғамның күнделікті тұрмыстың өз деңгейінде дамуынан ба, білмедім. Тұратын үйіміздің қасында бірнеше кітапхана бар, қала берді көшелерде шағын кітапхана толып тұр. Қалаған кітабыңды аласың да, оқып болған соң қайта әкелесің. Ал метрода адамдардың кітап оқып немесе бір-бірімен сөйлесіп отыратыны мені ерекше қызықтырды.

Бірде Вашиңтондағы кітап дүкеніне кірдім, іші толған адам. Кезекке тұрып кітап сатып алып жатыр. 80 пайызы – жастар. Тұрған үйіміздің жаттығу залына барған сайын үнемі бір америкалық жігіттің сонда кітап оқып отырғанын көремін. 2-3 рет жүздесуден кейін ол мені сөзге тартты. Вирджиния департаментінде жұмыс істейді екен. «Жүз жылдық жалғыздықты» төртінші рет оқып жатқанын айтты. «Оқуға тиісті ағылшынша көркем әдебиет өте көп қой, неге бұны қайталап оқисың?», деп едім. күлді де: «Бұны жазған автор қиялға өте бай, сонысы ұнайды», деді. Әлдебір философиялық жауап күтіп едім, ол қарапайым ғана жауап берді. Негізі өмірдің өзі қарапайымдылықтан тұрады емес пе? Қалай десек те Хэмингуей мен Фолкнерді дүниеге әкелген елдің қоғамы осындай болуы керек сияқты...

 

Олар «Күлпәшты» оқыды...

Өткенде жазушы Бейімбет Майлиннің «Күлпәшін» ағылшын тіліне аударып, екі әдеби редакторға және АҚШ-тан шығатын бір әдеби журналға жіберіп едім. Журнал редакторы оқып шыққанын айтып, қайыра хат жолдапты. Хатында шығарма авторының терең ойлы екенін айта келе, өкінішке қарай, қазір америкалық оқыр­ман бұндай ауыр шығармаларды, әсіресе өзге елдің тарихына қатысты көркем әдебиетті оқығысы келмейтінін, егер қазақ әдебиетінде қазіргі оқырмандардың сұранысына лайықты шығармалар болса, аударып жіберуімді айтыпты.

Бұл хат мені терең ойға қалдырды. Біздің мақтап жүрген шығармаларымыздың көбі шынымен бұрын жазылған дүниелер екен.

Әдебиетте де жаңа дәуір басталды. Бірақ жазылып жатқан жаңа шығар­малардың дақпырты мен даналығы қайда? Тұрсынжан Шапайша айтқанда, «бүгін қолым бос болған соң, жатып алып осыны ойлап қайғырдым».

 

Тілге құрмет – елге құрмет

Қызым оқитын мектеп апта қоры­тындысын жеке поштамызға жіберіп тұрады. Бір ғажабы, мектеп барлық ақпаратты ең алдымен, қазақ тілінде жібереді. «Біздің тілімізді білсең біл, білмесең қой», деп мәжбүрлеп жатқан ешкім жоқ. Өткенде қызымның сынып жетекшісі кезіккенімізде: «сіздер үйде қазақ тілінде сөйлеседі екенсіздер, ол қандай тіл? Қанша миллион адам ол тілде сөйлейді?» деп сұрап қызығушылық танытты.

Кеше Ләйлә мектептен қуанып келді. «Ағылшын тілі апайымыз Google аудармашы арқылы қазақша «Рахмет» деген сөзді үйреніп алыпты, сабақ біткен соң маған келіп қазақша «Рахмет» деп айтты» деп мәз болып жүр. Былай қарасаң, болмашы ғана іс. Бірақ осы кішкене істің артында қаншама сый-құрмет жатыр.

Электронды хат сандығымызға мектептен қазақша хабарлама келген сайы­н бір жымиып алатынымыз бар. Біз үшін тілге құрмет – елге құрмет. Мейлі суахили тілінде сөйлесе де, ана тілінде сөйлеген адам бақытты. Сол үшін де олар құрметтелуге тиіс.

 

Елді сағыну

Арлиңтонның көшесінде кетіп бара жатқанбыз, кенет бес жасар ұлым Сүйіндік «әке, елге қай­тайықшы, сонда барып дұрыстап ойнағым келеді, сағындым» деді. Жүрегім дір ете түсті «елді сағын­дым» дегені неткен ғажап сөз еді. Сол сәтте ойы­ма болашақта жазылар өлеңнің үш шумағы түсті.

 

«Қиғылық салма, орныңнан қане тұра ғой,

Кетеміз алда, тағы да біраз шыдай ғой.

«Елімді сағындым» дейсің құлыным,

Сағыну керек, сағынбау оны күнә ғой.

 

Бәрімізде де сағыныш бар-ды сарғайған,

Сағыну деген қып-қызыл жалын қан майдан.

Кең-байтақ қазақ даласын жусан, шөбін де,

Сағыну үшін келдік қой мұнда шалғайдан.

 

Сөздерің сенің жанымның жарқын үні ме?

Бөтен сөйлемдер жоламаса екен тіліңе.

Туған еліңді сағыну керек, ұлым-ау,

Сағынбағандар жетеді оның түбіне».

 

Аляскада жалғыз рет қателескен жөн

Метроға отырғанда америкалық әйел жазушы Кристин Ханнаның «Ұлы жалғыздық» деген романы серігім айналды. Бұл шығарма соғыстан қайтқан сарбаздың өзін өзгерту жолындағы күресін сипаттайды.

«Аляскада жалғыз рет қателескен жөн, егер екінші рет қателессең – ол жерде сүйегің қалады». Романның негізгі айтары – осы. Автор Алясканы айту арқылы өмірді айтып, адамдарға бір реткі қателіктен кейінгі күрестің қаншама машақатты боларын салмақтап жеткізеді.

Сосын ол тағы бүй дейді: «Қыз – батпырауыққа ұқсайды, анасы жіпті мықтап ұстамаса, ол басы ауған жаққа ұшып, тіпті бұлттардың арасына сіңіп жоқ болуы мүмкін». Неткен салмақты сөз. Біздің отбасы тәрбиесі деп жүргеніміз осы емес пе? Автор бұл сөзді кейіпкердің Лени атты қызына қарата айтады. «Бір реткі сүйіс қыздың бүкіл өмірін өзгертеді» дегені де жай пайым емес.