Университет • 22 Қазан, 2024

Мирас және Сеул Кибер университеттері меморандумға қол қойды

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Корея Республикасы делегациясының Шымкентке ресми сапары барысында Мирас университеті мен Сеул Кибер университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мирас және Сеул Кибер университеттері меморандумға қол қойды

Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше аталған құжатқа Мирас университетінің ректоры Нүркен Халықберген және Сеул Кибер университетінің президенті Энджу Ли қол қойды.

gov.kz

Келісімнің мақсаты – білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту, сондай-ақ екі университет арасындағы академиялық байланыстар мен білім алмасуды күшейту. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттер мен оқытушыларды алмастыру, сондай-ақ конференциялар, семинарлар және шеберлік сыныптары сияқты бірлескен ғылыми зерттеулер мен академиялық іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде келісімге келді.

«Біз Сеул Кибер университетімен табысты ынтымақтастықты асыға күтеміз. Бұл елдеріміз арасындағы достықтың маңызды қадамы, және осы келісім Орталық Азиядағы адами капиталдың сапасын жақсартуға үлкен ықпал етеді деп сенеміз. Оңтүстік Кореяның жоғары білім беру саласындағы озық технологияларына қол жеткізе отырып, біз студенттеріміз бен аймақ тұрғындарына білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынамыз, бұл ретте онлайн технологияларды қолдану арқылы оның құнын төмендетеміз», деп атап өтті Мирас университетінің ректоры Нүркен Ғалымұлы.

Сонымен қатар ол Сеул Кибер университетінің онлайн білім беру саласында үлкен тәжірибесі бар екенін, заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету және озық білім беру технологиялары Қазақстанда жаңа білім беру форматтары мен зерттеу жобаларының дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде, Сеул Кибер университетінің президенті Энджу Ли білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Білім беру – экономикалық және әлеуметтік прогрестің негізгі факторы. Мирас университетімен серіктестігіміз жаңа білім беру форматтары мен зерттеу жобаларының дамуына ықпал етеді», деді ол.

Қол қойылған меморандум күшіне дереу енеді және тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін 5 жыл бойы әрекет етеді.