Кино • 22 Қазан, 2024

Кинотеатрларда «Веном. Соңғы би» туындысы қазақ тілінде көрсетіледі

115 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатары толықты. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бастамасын Sony Pictures компаниясы жалғастырды. «Venom: The Last Dance» фантастикалық экшн туындысы 24 қазаннан бастап көрсетіле бастайды. Әлемдік үздік фильмді «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен Sony Pictures өз қаражатына аударып, дубляждаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кинотеатрларда «Веном. Соңғы би» туындысы қазақ тілінде көрсетіледі

Фото: film.ru

Аты да айтып тұрғандай, бұл – «Веном» трилогиясының қорытынды бөлімі. Алғашқы екі бөлімі үлкен қызығушылық тудырған.

«Sony Pictures компаниясында дубляж бен локализация әрдайым халықаралық маркетинг стратегиясының ажырамас бөлігі болатын. Бұрыннан келе жатқан серіктесіміз, «Меломан» компаниясымен бірлескен жұмысымыздың арқасында, франшизаның жаңа бөлімі «Веном: Соңғы би» туындысында Веном қазақ тілінде сөйлейтініне қуаныштымыз», дейді Sony Pictures компаниясының халықаралық маркетинг жөніндегі вице-президенті Наталия Грымова.

«Голливуд студиялары қазақ тілінің дамытуға белсенді үлес қосып жатқаны біз үшін өте маңызды! Биыл Қазақстанның үлкен экрандарына жаңа «Веном: Соңғы би» блокбастерін шығарамыз. Дыбысталған фильмдер тек көңіл көтермейді, сондай-ақ олардың орасан зор танымдық әлеуеті бар! Елестетіп көріңізші: сүйікті суперқаһармандар сізге жақындай түседі! Веномның өзі ана тіліңізде сөйлейді. Бұл ғажап қой! Ал студияларға көрермендердің қазақ дубляжына деген сүйіспеншілігін көрсетіп, келесі жылы қазақ тілінде шығатын дубляждар мен ғажайып шытырман туындыларды күтеміз», деп пікір білдірді MARWIN/Меломан бас директоры Вадим Голенко. 

«Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдауға шақырамыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің әсіресе балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын», дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Қазақ тіліндегі дубляжды отандық Movie Dalen дубляж студиясы жасады.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше бұған дейін Disney, Pixar сынды халықаралық студиялар әлемдік танымал туындыларын өз есебінен қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орында тұрды.

Айта кетсек, «Веном: Соңғы би» фильмінде Том Харди Веном рөлінде оралады. Трилогияның соңғы бөлімінде Эдди мен Веном қашуға мәжбүр болады. Дұшпандары Жерде де, басқа әлемдерде де қыр-соңдарынан қалар емес. Жаулар шеңбері тарылғандықтан, олар тағдыр өзгертетін шешім қабылдауы керек. Бұл олардың соңғы биі болуы мүмкін.

Режиссёр: Келли Марсел.     

Басты рөлдерде: Том Харди, Чиветель Эджиофор, Джуно Темпл, Рис Иванс, Пегги Лу, Аланна Юбак, Стивен Грэм.

Трейлердің сілтемесі ютубта.