Білім • 23 Қазан, 2024

ІТ-білім – уақыт талабы

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәстүрлі түрде өтетін «Tech Orda» бағдарламасына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл аталған жобаға қатысуға 35 764 өтінім түскен. Бұл рекордтық көрсеткіш – қоғам тарапынан жасанды интеллект пен ІТ-саласына сұраныс жоғары екенінің бірден-бір дәлелі. Одан бөлек, «Tomorrow School» жобасы да Ұлттық жасанды интеллект орталығын құрудың бастамасы болмақ.

ІТ-білім –  уақыт талабы

Мемлекет басшысы Жолдауын­да кемінде 100 мың IT-маман даярлау туралы айта келіп, жас, білімді әрі ынталы кадрларды қалыптастыру керектігін атап өткен еді. Тапсыр­маға сәйкес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Astana Hub» халықаралық техно­паркімен бірлесіп, 2021 жылы 20 мың IT-кадр даярлауды көздейтін «Tech Orda» бағдарламасын іске қосты. Осылайша, мемлекеттің қол­дауымен әр студентке 600 мың теңге бөлініп, жыл сайын 3 мың­нан астам IT-маман оқыту жоспар­ланды. Бұл бағдарламаның ерек­шелігі – еліміздің 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына жасанды интеллект мүмкіндіктерін үйретіп,  ІТ-мамандықты тегін оқытады.

Осы жылы «Tech Orda» бағдарла­масына 3465 грант бөлінді, оның ішінде 2465-і негізгі лекке, ал 1000-ы мамандандырылған топтар аясында педагогтерге ұсынылды. Атап айтқанда, 300 грант мектеп мұғалімдерінің және 700 грант жоғары оқу орындарындағы оқыту­шылардың біліктілігін арттыруға берілді.

Бағдарламаның 2022 және 2023 жылдардағы нәтижелері білікті кадрларды даярлаудағы маңызын растайды. Бүгінде 91 мектеп 6251 сту­д­ентті оқытты. Жобаға ірі қала­лардың тұрғындары ғана емес, өңір тұрғындары да белсенді қаты­сып жатыр. Нақтырақ айтсақ,  сту­дент­тердің 46%-ы еліміздің түрлі аймағынан жиналған. Бұл IT-бі­лімді ұлттық деңгейде дамы­туға ықпал етеді.

Биыл 79 отандық IT-мектеп пен 1 IT-компания аккредиттеуден өтіп, веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR қосымшалар, киберқауіпсіздік пен IoT, жасанды интеллект, мобильді қосымшалар жасау, сондай-ақ «Big Data» мен «GameDev» сияқты өзекті бағыттар қамтылған 178 курс бойынша мамандар даярлау мүмкіндігіне ие болды.

Статистикаға сүйенсек,  «Tech Orda» түлектерінің  88%-ы жұмыс­қа орналасқан. Соның ішінде «Kaspi.kz», «Halyk Bank», «KPMG», «Ernst&Young», «Теңізшевройл», «Қаз­­Мұ­най­Газ», «Freedom Finance», «Kcell», «Air Astana», «Kolesa Group» сияқты ірі компанияларда қызмет атқарады.

Ал «Tomorrow School» – Николас Садирак әзірлеген «01 Edu» платформасында инновациялық «peer-to-peer» оқыту жүйесін пайда­лана­тын бірегей жасанды интеллект мектебі. Аталған мектеп бағдарламалау дағдыларын нөлден бастап үйретеді. Мұндағы оқыту студенттердің өзара көмегі мен топтық жұмысына негізделген, яғни  мұғалімдер мен дәстүрлі сабақтар болмайды. Одан бөлек, барлық студенттің Астана қаласындағы «Astana Hub» технопаркі алаңында офлайн форматта тегін оқу мүмкіндігі бар. Мектеп тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді, студенттер өздеріне ыңғайлы оқу кестесін құрады.

Іріктеу үміткерлердің логикалық ойлау деңгейін тексеретін 2 онлайн ойыннан және «бассейн» деп аталатын оқытудың кіріспе кезеңіне тікелей қатысуды көздейтін бөлімнен тұрады. Бірінші «бассейн» 17 қарашаға дейін өтеді, мұнда қатысушылар бағдарламалау әлеміне тереңірек бойлап, оқуды жалғастыру үшін өз мүмкіндігін бағалайды. Іріктеуден өткеннен кейін қатысушылар 18 айлық негізгі оқытуға көшеді. Бұл кезеңде олар 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, «Golang», «Rust», «JavaScript», «Python» және басқа да 20-дан ас­там бағдарламалау тілін меңгереді. Соңғы кезеңде қатысушылар ЖИ-инженері, бағдарламалық қам­тамасыз етуді дайындаушы,  мо­бильді қосымшалар әзірлеушісі, DevOps инженері, IT жүйелерінің сәулетшісі, киберқауіпсіздік маманы және бейнеойындар әзірлеушісі сынды мамандықтардың бірін таңдайды.