Мирас • 23 Қазан, 2024

Іздегенге інжу ілігеді

99 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұшы-қиыры ұшқан құстың қана­тын талдыратын ұлан-ғайыр даламызға кімдер келіп-кетпеген. Арғы-бергі замандарда Қазақияға ат басын бұру­шылардың қатары қалың болған көрінеді. Өкінішке қа­рай олардың көбінің аты-жөнін, жазған-сызғанын біле бер­мейміз.

Іздегенге інжу ілігеді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жатжерлік жиһанкездердің әр­қай­сының басында әртүрлі ойлар болғаны анық. Бірі миссионер, екіншісі ғалым, үшіншісі саяхатшы дегендей. Ешкім еріккеннен ел кезбесе керек.

Мәселен, әйгілі Вильгельм Рубрук сонау ХІІІ ғасырда Франция королі Тоғызыншы Людовиктің тапсырмасымен Моңғол ха­ны­ның Қарақорымдағы ордасына бара жатқанда біздің Отырар, Тараз, Есік секілді көне қалаларымызды басып өткен. Ұзын-ырғасы 38 тараудан тұратын күнделігінде қазіргі Қазақстан картасындағы біраз жер-су аттарын жазып қалдырған. Кәне, кейбір жазбаларына көз жүгіртейікші.

«Олардың үйлерінің керегесі тор­көз­дене тоқылған ағаштардан құ­рас­тырылған. Төбесінде дөңгелек тесігі бар. Жан-жағы киізбен жабылған. Іші-сырты әдемі өрнек­термен әшекейленген».

«Оның (қымыз) қышқыл дәмі жаңа­дан ашытылған шараптай тіліңді тыз еткізеді. Ішкенде аузыңа сүттің дәмі келіп, қаныңды қыздырады».

Мұның бәрі баяғы бабаларымыздың тұрмыс-салтынан там-тұмдап хабар береді. Кешегі кеңестік кезеңде елімізге, жерімізге қатысты елеулі еңбектер ауызға алынбады. Поляк Адольф Янушкеевич сияқты өлкемізге жер аударылған өзге­ше көзқарастағы кісілердің бірді-екілі дүниелері болмаса, басқадай рухани байлықтарға қолымыз жете қоймағаны белгілі.

Тәуелсіздігіміздің арқасында әлемнің әр шалғайынан төл тарихымызға байланысты тың деректер табылып жатқаны әмбеге аян. Бұл құнды құжаттардың көшір­мелері көзіқарақты көпшіліктің игілігіне айналды.

Іздегенге інжу ілігеді. Оның бір айғағы ретінде «Болашақ» бағдарламасымен Америка асып, Джордж Вашингтон уни­вер­ситетінде тағылымдамадан өтіп қайтқан әріптесіміз Дүйсенәлі Әлімақынның архив ақтарып тапқан азды-көпті олжасын оқырман назарына ұсынғанымыз орынды. Тілшіміздің ұлт ұпайын түгендеудегі теңізге қосылған тамшыдай азды-көпті үлесі жарияға жеткізуге әбден лайықты деп білеміз.

Таяуда Дүйсенәлі «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясындағы қаламдас­тары алдында дәріс оқып, мұхиттың арғы бетінен әкелген кітаптармен, қа­заққа қа­тыс­ты басқа да танымдық жазбалармен, суреттермен таныстырды. Көрген-білген­дері мен көңілге түйгендерін айтып, осы төңі­ректегі өзінің ойларын ортаға салды.

– Мен кәсіби тарихшы емеспін, бірақ журналист ретінде тарихымыздың кем-кетігін толтыруға, былайғы жұрт біле бермейтін кейбір жайттарды кеңінен таратуға септігімді тигізгенді жөн көрдім, – деп әңгімесін бастаған ол өзі оқыған университетте ағылшын тілінде қорғаған ғылыми жұмысының қазақша нұсқасын алға тарта сөйледі. – Менің бұл тақырыпқа қызығушылығым «Қазақ әдебиеті» газе­тінде қызмет істеп жүргенімде басталды. Бұрын-соңды жарияланбаған деректерді пайдаланып, соныға соқпақ салуға тырыстым. Содан 1873 жылы Орта Азияны төрт ай бойы аралап, «Түркістан» атты қостомдық бастырған Евгений Скайлердің аталған кітабы жайында мақала жаздым.

Дж.Вашингтон университетіндегі ұстазым Питер Гольбергке Қазақстан мен АҚШ-тың мәдени-рухани байланыстарын зерттеу бағытында ізденгім келетінін айтқанымда, ұсынысымды қуана-қуана құптады. Мынау соның нәтижесі.

Дүйсенәлінің мәнді де мағыналы дәрісі слайдтар арқылы жалғасты. Қарап отыр­сақ, бір ғана қаланың кітапханалары мен мұрағаттарынан қаншама жәдігер та­былған. Қысқа мерзімде қол жеткізген мол мұра әлі де толыға түсері талас тудыр­майды.

АҚШ Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасымен киелі Түркістанның ой-қырын шаршамай-шалдықпай шар­лаған дипломат ғалым Евгений Скайлер қазақтың ұлттық ерекшеліктері мен айрықша қасиеттерін қағазға түсірген. Азаттық үшін арпалысқан Сырым, Арынғазы, Кенесары батырлардың ерлі­гін дәріптеп, 1876 жылы Нью-Йоркте жоғарыда тілімізге тиек еткен елеулі еңбегін жарыққа шығарған. Онда ерлердің былғары шалбар, кең жағалы көйлек киетіні, бай-бағландардың қым­бат матадан тігілген керемет шапандар жамылатыны жан-жақты баяндалған.

Айтпақшы, сұңғыла Скайлер Ресейге сапары кезінде орыстың ұлы ойшылы Лев Толстойдың үйінде апталап жатып, классик жазушының кітапханасына қайран қалыпты.

Тарихтың талай сырын бүккен Сыр­дарияның жағасын жайлаған қалың қазақтың тыныс-тіршілігіне қызығып, сағым суреттер салған. Солардың бірі – «Қорқыттың қабірі». Тіпті, қобызын күңіренткен күй-бабаның бойы ағылшын өлшемімен алғанда 14 фут болғанын айғақтайды.

Ал енді Отте Финш Батыс Сібірге сая­хаты барысында Ертіс, Аягөз, Зайсан, Алакөл, Лепсі маңындағы қазақ ауылдарын емін-еркін аралап, көшпелі өмірдің көріністерін суретке айналдырып, әсерлі жазбаларын 1876 жылы Берлинде жария­лапты. Ең қызығы, ұлтымыздың атауын «қазақ» деп қаттаған тұңғыш ав­тор­лар­дың бірінен саналады. ХХ ғасырдың жиырма алтыншы жылына дейін бұратана қырғыз деп бұрыс жазылып келгенімізді жасыра алмаймыз.

Француз Поль Лаббе қазақ сахара­сының қайталанбас суреттерін түсірген. Оның жанында біз әлдеқандай қылып әспеттейтін Самуил Дудиннің суреттері әншейін бірдеңе секілді. Отбасы, ошақ қасындағы әйелдерге дейін әдемі бей­неленіпті.

«Ресейдің Орталық Азиясы» атты (1885 жылы шыққан) сапарнама жазған Британ шіркеуінің қызметкері Хен­ри Лаксделл Шыңғыстаудың шыңына шығып, Арқаттың асқарына көтері­ліп, Тарбағатайдың тасын басып, Семей­де серуендеп, Аягөз асқан. Алакөлге шо­мы­лып, жер жәннаты Жетісудың көр­кем табиғатына көз суарыпты. Ерлі-зайыпты Томас және Люси Аткин­сон­дардың ізімен Ақсу, Сарқан, Бас­қан­ды жағалап, Жоңғар Алатауы­ның ұшқан құс, жүгірген аңын тізімге алыпты.

Ұлыбританияның Қашқариядағы бас консулы болған Томас Езертон қызмет бабын пайдаланып, сол маңайдағы қазақтар қоныстанған Іле, Текес, Күнес өзендерінің бойын армансыз аралапты. Сонда жер-көкті жаулаған алпауыт Англияңыздың уәкілетті өкіліне қазақтың ауылбасы небәрі үш күн ғана жүруге рұқсат етіпті. Кейін кітабына әлгі әкім қазақтың қасқайып тұрған фотосын кіргізіпті. Сол суретті Дүйсенәлі әлеуметтік желіде жариялаған соң аталарын таныған ұрпақтары хабарласып, мән-жайға қаныққылары келетінін жеткізіпті.

Ресей патшалығындағы бірнеше мыс кенішін сатып алған магнат Нэль­сон Фэлль қазіргі Қарағандыдағы Спасск кенішін иемденгенін қанағат тұтып қоймай, Арқаның жақсы-жайсаңда­рымен аралас-құралас болыпты. Кіта­бында Қарқаралыдағы 18 мың жылқы біткен Адамбай, атақты Ақайдың Қасені және т.б. жөнінде тебірене толғапты.

Қазақ даласына саяхаттап, артын­да айшықты із қалдырған ағылшын Ральф Фокс өте қызық адам болыпты. Қайырым­дылықпен де, сауда-сат­тықпен де қатар айналысқан. Қазақтар хақында мәліметтер жинауға да уақыт тапқан. Жиған-терген­дерін тегіс қамтыған кітабына «Қазақ болмысы» деген тарау енгізіпті.

Д.Әлімақын сондай-ақ, АҚШ-тың Гельман кітапханасынан қазақтың 19 ертегісі басылған кітап тапқанына қыс­қаша тоқталды. Өйткені бұл тура­лы «Еге­менде» арнайы материал жаз­ғандықтан, белгілі жайларды қайталап жатпады.

Ізгі ниетті ізденуші қазақтар туралы қорғалған сегіз диссертацияның ксеро­көшірмесін ала келіпті. Бұларда қазақ­тың ауыз әдебиетіне, әлеуметтік құрылы­сына қатысты көптеген мәселе қозғалған.

Рухани басқосуға қатысқан Ас­тана­дағы қолжазбалар және сирек кі­таптар ор­талығының директоры, PhD Жандос Болдықов әріптесіміздің әңгі­месінен әжептәуір әсер алғанын айтып, онымен белгілі бір жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екендіктерін білдірді.

Дүйсенәлідей талапты да талантты жастарымыз дұрыстап ден қойса, халқымыздың өткен-кеткенін өрнектейтін өтімді дүниелер шетел архивтерінде жетіп артылады.