Әскер • 23 Қазан, 2024

Әскердегі әлімжеттік: себебі мен салдары

90 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әскерімізде мерзімді қызметке шақырылған жас сарбаздардың кейбірі айдың-күннің аманында қайғылы қазаға ұшырап жатқаны үміт күткен ұлынан айырылған ата-аналарды зар еңіретіп, қоғамды алаңдатып тұрған жайы бар. Осы келеңсіз құбылысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында назар аударып, әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екенін қадап айтты.

Әскердегі әлімжеттік: себебі мен салдары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Жастар әскерге Отан алдын­дағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жа­уапты», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Парламент Мә­жілісінің депутаттары мен жұрт­шылық өкілдері әскерде әлім­жеттік әлі жойылған жоқ деген пікір білдіргенімен, Қорғаныс министрлігінің басшылары мен әскери мамандар ондай сынмен келіспейтінін айтып, өз уәждерін ортаға салып жүр.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әскердегі әлімжеттікті болдырмау мақсатында Қарулы күштердегі мерзімді әскери қызмет уақыты кеңес әскеріндегі екі жылдан бір жылға дейін қыс­қартылды. Алайда бұл шара әлімжеттікті тоқтату үшін жет­кіліксіз болды. Шет жерде кеңес әскері қатарында қызмет атқарып жүрген сарбаздар бір-бірінің Қазақстаннан екенін естіп-білгенде ұлтына, тіліне, дініне қарамастан «ой-бауырымдасып» құшақтасып, достасып келген болса, жастарымыз енді өз елімізде әскери қызмет атқаруға көшкенде әртүрлі белгі бойынша бөліне бас­тады. Мысалы, 90-жылдардың басында оңтүстік өңірлердің бірін­де әскери міндетін атқарып жүрген көкшетаулық сарбазды қызметтестері «шалақазақ» деп соққыға жығып, ақыры ол үйіне кемтар болып оралғанын білеміз. Әлімжеттік жасаудың басқа да көптеген фактісі әшкереленген. Тек 2015 жылы Қорғаныс ми­нистрлігі әскердегі әлімжеттік жойылды деп мәлімдеді. Мұның негізгі себебі Қазақстан армия­сында келісімшарт арқылы әске­ри қызмет атқарып жүрген аза­маттардың үлесі 70 пайызға жет­кені еді. Содан бері кей сарбаздың өзінен әлсіз жауынгерге күш көрсетуі «жарғылық емес қарым-қатынасқа» жатқызылып келеді.

Қалай болғанда да, елімізде әске­ри қызметшілердің, со­ның ішінде мер­зім­ді әскери қыз­метке алынған жас сарбаз­дар­дың қауіпсіздігі толық қамта­масыз етілмей отыр. Әскери прокуратураның мәліметіне қарағанда, кейінгі үш жылда 270 әскери қызметші әскери міндетін өтеу кезінде қаза тапқан. Осыншама орны толмас шығынның 140-ы Қарулы күштерге тиесілі. Оларға сырқат­тану, жол-көлік оқиғалары, суи­цид, қауіпсіздік шараларын бұзу және тұрмыстық жағдай­лар себеп болған. Қалған 130 әске­ри қызметші Төтенше жағ­дайлар министрлігінде, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Ше­ка­ра қызметінде, Ұлттық ұлан­да және Мемле­кеттік күзет қыз­метінде мерт болған. Сондай-ақ кейінгі төрт жылда күштік құры­лымдарда 86 суицид оқиғасы тір­кел­ген. Оның 40-ы Қарулы күштерде жасалған. Өзіне-өзі қол салғандардың ішінде 7 офицер, 22 келісімшарт бойынша әскери қызметші, 7 мерзімді әскери қызметші және 4 курсант пен кадет бар. Суицид оқиғаларының барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 34 оқиғаны тергеу барысында қайтыс болғандарды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу белгісі анықталмаған. Осыған байланысты қылмыстық істер тоқтатылған. Ал 6 оқиға бойын­ша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Тергеу барысын Бас әскери прокуратура қадағалайды.

Әділі керек, Қорғаныс ми­нистрлігі сарбаздарды казар­малық бұзақылықтан арашалау және жергілікті жерлердегі әске­ри құрылымдарда тәртіпті қам­тамасыз ету шараларын мүм­кіндігінше қолданып та жатыр. Әскери бөлімдердің барлығында жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серік­тес», «Пирамида», «Жауын­герлік дос» жүйелері, теле­фон арқылы жақын­да­рымен сөйлесудің «Отбасымен бейне­қоңырау» сервисі қолданылады. Құқық­қа қайшы әрекеттердің алдын алу мақса­тында әскери бөлімдерде кез келген әске­ри қызметші өтінішімен жүгіне алатын профилактикалық кабинеттер мен сенім телефондары жұмыс істейді. Қолжетімді орындарда жазбаша арыз бен өтініш салу үшін арнаулы жәшіктер қойылған. Әскери қызметшілердің мінез-құлқына онлайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, казармалар видеокамералармен жабдықталған. Сарбаз аналары комитеті өкілдерінің барлық әскери бөлім­ге және әс­керге шақырылғандарды жи­нақ­тау пункттеріне тәулік бойына кі­руіне рұқсат берілген. Осын­дай шаралар­дың нәтижесінде кейінгі үш жылда Қарулы күштер­де жарғыдан тыс қарым-қатынастардан болған қылмыс саны 43 пайызға, яғни 40-тан 23-ке дейін азайған.

Алайда қазір әскеріміздің беделі, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағ­дайы жастарды қызықтыратындай деңгейде емес. Келісімшарт негізінде қызмет етушілер мен кіші офицерлер­дің айлығы шайлығына жетпей­ді. Себебі әскерилердің жалақы­сы соңғы рет 2008 жылы ғана көте­рілген. Әйтеуір былтыр әскери ұшқыштардың лауазым­­дық жалақылары өсірілді, әскери ме­дициналық қызметшілер­дің ақшалай үлесі азаматтық медициналық мекеме­лер­дің қызметкерлерінің жалақыла­рының деңгейіне дейін, ал жо­ғары әскери оқу орындары оқы­тушыларының жалақы­ла­ры азаматтық жоғару оқу орын­­­дарының деңгейіне дейін жеткізіл­ді. Әскерилерге бір кезде берілген әлеумет­тік қолдау шараларының біразы тоқтатылып тасталған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, Үкімет биыл күштік құры­лым­дар­дың әскери қызметшілеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйе­сіне көшуді қолдап, оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап екі кезеңде жүзеге асыруды жос­парлап отыр. Нәтижесінде, Қарулы күштердің әскери қыз­метшілерінің лауазымдық жалақылары орта есеппен 50 пайызға өсірілмекші. Бұған қоса әскери қызметшілердің бұрын­ғы жеңілдіктерін қайтару мәселесі де қаралып жатыр. Олардың ішінде әскери қызметшілерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемеақының кө­лемін арттыру, әскери отбасы мүшелерінің жылына бір рет демалыс орнына баруы және қайтуы тегін болуын және әскери қызметшілердің қоғам­дық көлікте ақысыз жүруін қай­тару сияқты шаралар бар. Ал әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ойдағыдай шешілген. Олардың тұрғын үй төлемдеріне арналған ақшалай қара­жат республика­лық бюджетте толық көлемде қарастырылған.

Әскери қызметтің беделін арттыру үшін қолға алынған бір ұтымды шара – үздік сарбаздарға білім гранттарын беру. Мәселен, былтыр 600-ден аса мерзімді әскери қызмет атқарған жігіт жеңілдікпен жоғары оқу орнына түсіп, оның ішінде 189-ы грант иегері атанды. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметке алынған жастардың банктік қарыздары мен микронесиелері бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мәселесі де оң шешімін тапты. Бұл мүмкіндікті қазірге дейін 6 253 сарбаз пайдаланып, олардың жалпы сомасы 1 млрд 828 млн теңге несиесі кейінге шегерілген.

Ал «Әскерде әлімжеттік бар ма?» деген сұраққа нақты жа­уап алу үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізу қажет. Әскерден оралған жігіттер мен мерзімді әскери міндетін өтеп жүрген сарбаздар арасында осы тақырыпта жабық сауалнама жүргізілсе, біраз шындықтың беті ашылары анық.