“Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Конституциялық заң уақтылы әрі дер кезінде қабылданды деп ойлаймын.
Қазақстанның қазіргі экономикалық қуаты мен әлеуметтік жетістіктеріне дүние жүзіндегі мемлекеттердің барлығы да қызыға қарап отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарайғы 20 жылға жуық уақытта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік, сара саясатының арқасында еліміз молшылық пен тыныштықта өмір сүріп келеді. Аталарымыз еркіндік үшін талай ғасыр алысып өтсе, сол тәуелсіздіктің жемісін халқымыз көріп жатыр.
Бұрынғы байланысып, қалыптасып қалған экономикалық қатынастардың барлығы бірден үзілген, оның үстіне жоспарлы экономиканың орнына нарықтық экономика келген 90-шы жылдардың ауырлығын айтып жеткізу көп әңгіме. Қайда барсаң да тұйыққа тірелген уақыт еді. Міне, сондай кезде тығырықтан жол тапқан, алысты көздеп жол бастаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің жүгі аумай, көшін дұрыстап кетті. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың көбінде осы қиыншылыққа төтеп бермегендіктен, ұрыс-жанжалдар, күн құрғатпаған ереуілдер болып жатты. Солардың біразы әлі де тыншыған жоқ.
90-шы жылдардағы қиындықтар менің де әлі күнге көз алдымда. Бірақ қанша қиналсақ та, күннен-күнге жағдайдың түзеліп келе жатқандығын сезетінбіз. 2000 жылы экономикамыз кәдімгідей еңсе түзеп, елдің тұрмысы жақсара бастағанын да білемін.
Мен тәуелсіздік алған жылдан бастап Елбасы саясатын қолдап келе жатқан азаматтың бірімін. Жыл сайын тотыдай таранып, құлпырып өсу үстіндегі елорда дамыған дүние жүзі елдерінің назарын өзіне аудара бастады. Астана Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіріледі дегенде біраз жұрттың бұл үдеріске күмәнмен қарағанын да білеміз. Осындай сәтте ұтымды да батыл шешім жасаған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерік-жігерінің мықтылығына әрі алысты көре білетініне таңқалмасқа болмайды. Айналасы оншақты жылдың ішінде ерекше үлгідегі әсем қала бой түзеді.
Барлық аналар секілді мен де балаларымның болашағын көбірек ойлаймын. Жас ұрпаққа алдымен бейбітшілік керек. Бүліншілігі тоқтамай жатқан Қырғызстандағы балалар қандай деңгейде білім ала алады? Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде жүргізіп отырған ұлт саясаты бәріміздің де көңілімізге қонады. Орысы, қазағы бар – бәріміз сыйластықпен өмір сүріп жатырмыз. Президентіміздің “алдымен – экономика, сосын – саясат” деген ұстанымы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Қазір еңбек етсең – қарның тоқ. Адамдарға жұмыс болуы әрі экономиканы одан әрі нығайту үшін инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер уақтылы төленеді. Мұнан артық адамдарға не керек?
Нұрсұлтан Әбішұлына деген елдің ықыласы ерекше. Ұлтына қарамай кімнен сұрасаң да “Президентіміз – Елбасымыз аман болсын. Еліміз тыныш болсын”, дегенді айтады. Парламент мұндай заңды қарамай тұрғанда-ақ халық Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Елбасы деп атады. Оның мықты саясаткер ғана емес, ұлт көшбасшысы екені әлдеқашан-ақ шынайы мойындалған. Мына заң елдің сол ықыласын ресми бекітті. Бұл Президент Назарбаевқа –уақыттың, халықтың берген әділ бағасы.
Қазақстандықтардың міндеті Президенттің Жолдауларын, саясатын жүзеге асыруға қолдан келгенше үлес қосу болып табылады.
Ғайнижамал БЕРДАЛИНОВА, “Таза бұлақ” қоғамдық қорының төрайымы.
ҚОСТАНАЙ.
ХАЛЫҚ МОЙЫНДАҒАН АҚИҚАТ
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетімізді әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосу үшін аянбай еңбек етіп, көреген басшыға тән білімдарлықпен, біліктілікпен халқын ең қиын кезеңдерден өзі бас болып, аман-есен алып шығып келеді.
Елбасы ұдайы назарда ұстап отырған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде Қазақстанда тұратын әрбір этнос өзінің тарихы мен рухани құндылықтарын, салт-дәстүрлерін сақтау мен оны дамытуда тең құқықтарға ие болған. Ол еліміздегі дінаралық және этносаралық келісімге ұласып, тіпті халықтар достығының халықаралық ғажайып үлгісіне айналуда.
Еліміздің бірауызды бірлігі мен баянды тірлігі жолындағы бұл игі істе Жамбыл облысындағы Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің де үлесі мол. Жуырда біз облыс орталығында “Этносаралық және конфессияаралық келісім – саяси тұрақтылық пен гүлденудің негізі” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Біз онда жұмысымызды Қазақстан этностарының рухани-мәдени және азаматтық бірлігін ескере отырып, қазақ халқының мәдениеті мен мемлекеттік тіліне басымдық бере отырып жүргіздік.
Елбасымыз бізге әрбір істі бастау мен оны тиянақты аяқтау үлгісін және атқарылатын кез келген оңды іске саяси тұрақтылық, өзара сенімділік пен төзімділік кепіл бола алатындығын өзінің сындарлы саясатымен көрсетуде. Сондықтан біз Қазақстанды, Қазақ халқын және Елбасын мақтан тұтамыз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – біздің шын мәніндегі Көшбасшымыз. Ал Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановтың және Премьер-Министр К.Мәсімовтің қолдары қойылған заңдарға келсек, ол халық мойындаған сол ақиқатты қағаз жүзінде бекіту деп білеміз.
Махаббат ТҰРДИЕВА, Жамбыл облысы бойынша Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы.
Жамбыл облысы.