2681 бала оқитын аралас тілде білім беретін орта мектеп 1979 жылы 31 тамызда ашылған. Мектептің ашылуына сол кездегі республика басшысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев қатысқан. Педагогикалық ұжымның өтініші негізінде Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен 2001 жылы №16 орта мектепке Төлеген Айбергеновтің аты беріліп, ақынның мемориалдық музейі ашылды. Оқушыларға сапалы білім беріп жүрген мұғалімдердің көпшілігі – тәжірибелі мамандар, аттестаттаудан өткен педагогтер. Мектеп директоры – Сәуле Әзімханова. Білікті басшының іскерлігі арқасында білім мекемесі жаңарып, жаңғыру үстінде екенін байқадық.
Ақын музейі 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Оны ашуға мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Есаматова көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ поэзия жанашыры, Мәдениет қайраткері Оспан Сүлейменұлы да зор үлес қосты. 2018 жылы елордада өткен мектеп музейлері арасындағы байқауда Т.Айбергеновке арналған мектеп музейі бас жүлдені жеңіп алған.
«Ақын шығармашылығын насихаттау барысында көптеген іс-шара өткіздік. Мәселен, ақынның мерейтойы кезінде конференция ұйымдастырып, ол жайында жазылған эсселер байқауының жинағын шығардық. Сондай-ақ Т.Айбергеновке арналған жыр кеші мен тәрбие сағатын тұрақты өткізіп отырамыз», деді музей жетекшісі Гаухар Жүсіпова.
Музейде ақынның отбасы берген құнды жәдігерлер – қол сағаты мен қолданған ыдыс-аяқтары және өзі тұтынған құралдары қойылған. Экспонаттар өте талғаммен жасақталған. Бірінші қатарда өзі өмірде айрықша құрметтеген, ерекше тағдыр иесі Жібек ана мен Ақтөбеге арналған стенд орналасқан. Одан кейін туып-өскен жері Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы мен апаларының фотолары, оларға арналған «Апаларым» өлеңі тұр.
Төлегеннің поэзиясы туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов шығармашылығы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», деп баға берген. Жиырмадан енді ғана асқан шағында қазақ поэзиясының төрінде жарқ ете қалған ақынды әдеби орта бірден мойындады. Әбділдә Тәжібаев ақынның өлеңдеріне алғаш алғысөз жазып, баспасөз бетіне жариялайды. Қазір Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар. Ақынның «Сағынбай барсаң таулар да сенің, алдыңнан шықпас асқақтап» деген өлең жолдары өмірге өзгеше қырынан қарауға үйретеді.
Салтанатты іс-шара кезінде кеш қонақтары Төлеген Айбергеновтің музейіне саяхат жасап, мектеп дәлізінде қойылған «STEM – барлығы үшін» инновациялық жобалар көрмесімен танысты. Шығармашыл балалардың жел диірмені, суқоймасына арналған жобалары өте қызғылықты, әсерлі болды. Болашақта ғылымға жаңалық әкелетін ғалымдар шығарына шын көңілімізбен сендік, сендік те, оқушылардың қызықты жобаларымен етене таныстық. Қатысушылар қыздарға арналған заманауи жабдықталған Технология кабинетінің ашылу рәсімінде болып, мектептегі әнші, мегажұлдыз Димаш Құдайбергеннің есімі берілген Музыка кабинетінің ашылу салтанатына қатысты. Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова, анасы Светлана Айтбаева, Астанадағы Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров, тағы басқа өнер майталмандары қатысып, үлкендер шашу шашып, өнер қайраткерлері ізгі тілектерін білдірді. Ақынның қыздары Махаббат пен Айнар Айбергеновалар толғана тілек айтып, Айнар Төлегенқызы ақын өлеңін тебірене оқып берді. Елордалық Музыкалық жас көрермен театрының актерлері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, әнін шырқады.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ,
журналист