Қоғам • 23 Қазан, 2024

Мәслихат сайлауын талдаған еңбек

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Мәслихат депутаттарын сайлау-2023: ерекшеліктері мен үрдістері» атты жаңа ұжымдық монографияның тұсаукесерін өткізді. Іс-шарада мәслихаттардың құрылуының 30 жылдығына орайластырылып, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына жан-жақты талдау жасалды.

Мәслихат сайлауын талдаған еңбек

Сурет: instagram.com@kisi_kz

Бұл еңбекте 2023 жылы өткен мәслихат сайлауының негізгі аспектілері талданған. Зерттеудің өзектілігі мәслихат депутаттарын сайлау форматының жаңа сайлау жүйесіне көшуімен байланысты. Тұсаукесер салтанатына осы кітапты жазуға атсалысқан авторлар, ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева, Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Әмина Үрпекова, Саяси зерттеулер бөлімінің бас және аға сарапшылары Дулат Өтеғали, Қуандық Ықылас, Қуаныш Сайлау қатысты. Сонымен қатар ұжымдық еңбектің рецензенттері, сенатор Бибігүл Жексенбай мен Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов та жиынға қатысып, сөз сөйледі.

ҚСЗИ директорының орынбасары А.Жолдыбалина жаңа сайлау шарттары электоралды және партиялық реформалар аясында енгізілгенін айтты.

«2022 жылғы электоралды және партиялық реформалардың негізгі мақсаты мәслихат депутаттарының өкіл­дігі мен есептілігін кеңейту болатын. Бір мандатты округтерде тәуелсіз кандидаттарды ұсыну мүмкіндігі, бюллетеньдегі «Барлығына қарсымын» бағаны маңызды болды. Партиялық заңнаманы реформалау саяси партиялардың сайланатын органдарға өтуі үшін дауыс шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендетуді және саяси партияларды тіркеу үдерісін жеңілдететін өзгерістерді қамтыды», деді ол.

Авторлар сайлаушылар портретін құрас­тырып, сайлау үдерісіндегі өзін-өзі ұсынудан бастап дауыс беру нәти­желеріне дейінгі кезеңдерге тән ерек­шеліктер мен тенденцияларды атап өтті. Ж.Санхаева сайлау науқандарының өңірлік ерекшеліктеріне ерекше назар аударылғанын мәлімдеп, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу рәсімдерін, дауыс беру нәтижелерін, өңірлер бөлінісінде жаңа сайлау мәдениетін қалыптастыру үрдісін талдады. Сайлаудың гендерлік аспектісін зерттеу маңызына тоқталды.

«Біздің зерттеу нәтижелеріміз көрсет­кендей, еліміздің мегаполистері мен оң­түстік облыстарында жастар жағы сайлау­шылардың айтарлықтай үлесін құраса, солтүстік және шығыс облыстар егде жастағы сайлаушылардың басым болуы­мен ерекшеленді. Гендерлік бөліністе егде жастағы тұрғындар арасында әйел сайлаушылар басым, ал жас сайлаушылар арасында ерлер үлесі жоғары. Еңбекте көрсетілген сайлаушылардың демографиялық құрамы туралы мәлімет­тер мәслихат сайлауын тиімді ұйым­дастыру мен өткізу үшін пайдалы ақпарат. Өйткені өз сайлаушыларын біліп отыру сайлауалды бағдарламаларды құрудағы табыстылыққа тікелей әсер етеді», деді сарапшы.

Ә.Үрпекованың айтуынша, бұл зерттеу еңбегі аралас және мажоритарлық жүйеге көшу өзін-өзі ұсынушыларды ынталандырып, сайлау үрдісін жандандырғанын, бәсекелестікті күшейткенін көрсетті.

«Облыстық мәслихаттар мен респуб­ликалық маңызы бар қалалардың мәсли­хаттарына бір мандатты округтер бо­йынша бәсекелестік бір орынға – 4,3 кандидатты, аудандық мәслихаттарда – 3, қалалық мәслихаттарда 3,4 кандидатты құрады. Сайлау қорытындысы бойынша депутаттың орташа портреті келесідей: 45-48 жас аралығындағы, жоғары білімі бар ер адам, инженерлік, қаржылық, білім салаларында жұмыс істейтін партия мүшесі», деді Ә.Үрпекова.

Еңбекте сайлау науқандарының аймақ­тық ерекшеліктеріне де ерекше назар аударылып, кандидаттарды ұсыну және тіркеу рәсімдері, дауыс беру нәтижелері және өңірлер бөлінісінде жаңа сайлау мәдениетін қалыптастыру үрдісі жан-жақты сипатталған.