Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Тең диалогке жол ашады
Ұлттық құрылтай мемлекетіміздегі шетін идеологиялық мәселелерді талқылайтын бірден-бір мінберге айналды. Баяғы түркі бабаларымыздан басталып, Қазақ хандығы дәуірінде салтанат құрып, алашордашылар заманында да жалғасқан елдік мәселелерді шешетін ұлттық танымдағы ресми жиынның жаңғыруы ежелгі қазақ мемлекеттілігінің эволюциялық жолда дамып келе жатқанын көрсетеді.
Билік транзитінен кейін елімізде саяси реформалар жүргізіліп, санамызға «Әділетті Қазақстан» атты ұғым ене бастады. Ұлттық танымымыздағы құрылтай ұғымының өшпей, сақталып қалуы – бұқара мен билік арасындағы тең диалогтің баяғыдан болғанының нақты айғағы. Қазіргі саясатың басты бағыты да қоғамдағы түрлі қарым-қатынастарды қалпына келтіруді көздейді. Осы орайда «Түрлі әлеуметтік топтар мен билік арасындағы тең диалог құруға жол ашатын «Ұлттық құрылтай» атты алтын көпірдің мән-маңызын қоғамға жете түсіндіре алып отырмыз ба?» деген сауал өздігінен туындайды.
Бұл сауалдың жауабын Атырауда өткен ІІІ құрылтайға арнайы қонақ ретінде қатысқанымда таптым. Кейінгі отыз жылдықта ұлттық идеологиямызға қатысты түрлі сындардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Ескі Қазақстан «экономикалық дамуды басты назарда ұстамақ болып», идеологиялық мәселелерді көлеңкеде қалдырды. Мұның салдары экономикалық һәм рухани тұрғыда да тұралауымызға әкеп соқты. Уақыттың өзі екі саланың тізгінін тең ұстамай, алға қадам басудың мүмкін емес екенін айқындап берді.
Идеология деген – заңмен, Конституциямен бекітілетін құндылық емес. Мысалы, кеңестік дәуірдің идеологиясы бір партиялық жүйеге негізделді. Осылайша, кеңестік тәжірибе де тоталитарлық жүйенің іргетасын қалап, әртүрлі саяси көзқарастың дамуына, алуан түрлі пікірлердің өсіп-жетілуіне кедергі келтірді. Кеңестің аяққа тұсау салған идеологиясының соңы алып империяны ыдыратып тынды.
Бұл екі мысал, біріншіден, біздегі идеологияның жүлгесі бұқара мен билік арасындағы тең диалогке негіз салуы керегін көрсетті. Екіншіден, қоғамдағы алуан пікірлерді бір арнаға тоғыстыру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын аңғартты. Үшіншіден, азаматтық қоғамды дамыту үшін олардың үнін жалпы жұртшылыққа естіртуге тең мүмкіндік беретін ортақ мінбердің қажеттігі байқалды. Ол мінбердің міндетін Ұлттық құрылтайдың атқаруы тарихи тұрғыда әділетті болары анық аңғарылды.
Азаматтық қоғам институттарына берілген мүмкіндік
Біреулер айтып жүргендей бізге тәуелсіздікті ешкім қолдан бере салған жоқ. Қазақ халқы саяси ұлт ретіндегі азаттығын алу жолында талай күресті бастан кешті. Тәуелсіздік өз аяғымен келді деу арқылы алғаш отарлықтың қамыты мойнымызға ілінген күннен бастап 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі бостандық алу жолындағы қаншама күресті ұмыт қалдырарымыз анық.
Мемлекеттің түтіні түзу ұшуы үшін де еліміздегі азаматтық қоғамның салтанат құруына мүдделіміз. Мәселен, дамыған елдерде мемлекеттік һәм ұлттық идеологияны азаматтық қоғам институттары жасап береді. Яғни идеологиялық өнімді өндірумен, таратумен, мемлекеттің саяси бағытын айқындаумен қоғамдық ұйымдар айналысады. Бізде мұның институционалдық және құқықтық негізі әлі күнге дейін жүйелене қоймағандықтан, ұлттық идеологияны жоқтаушылардың сын-пікірлерін де негізсіз дей алмаймыз.
Осы олқылықтың орнын толтырып, қоғамдағы түрлі пікірлерді бір арнаға тоғыстырып, ұсыныстарды жинайтын, талқылайтын платформа қажет еді. Қазір Ұлттық құрылтай сол платформаның басты мінберіне айналып отыр. Мәселен, Атырауда өткен құрылтайдың отырысында Президентке жүзден аса ұсыным келіп түсті. Мемлекет басшысы сол ұсыныстарды қарап, тиісті органдарға тікелей тапсырма беріп отырды. Тіпті Президенттің биылғы Жолдауында да сол ұсыныстардың кейбірі мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде көрсетілуі қоғам үнінің билікке жету механизмінің іске қосылғанын көрсетті. Демек, Ұлттық құрылтайды еліміздегі азаматтық қоғам институттарына берілген мүмкіндік ретінде де қарастыруға болады деген сөз.
Әлеуметтік кесел һәм құқықтық мәдениет
Ұлттық құрылтай мемлекеттік идеологияның іргетасын қалай бастағанын айттық. Ол идеологияның сар желіп кетуіне қоғамдағы әлеуметтік кеселдер кедергі келтіретіні – айдан анық дүние. Бұл орайда цифрлық қоғаммен ере келген кеселдерге де кеңірек тоқталу қажет сияқты. Себебі қазақ «елемеген бұтақ көз шығарады» дейді. Бізде идеологиялық тұрғыда қаупі жоғары ірі қылмыстармен күресуді маңызды деп санайтын қате түсінік бар. Сол себепті де көзге көріне қоймайтын ұсақ құқық бұзушыларға тіпті назар аудармаймыз.
Ұлттық құрылтайдың идеялық тұрғыда осы қателікті түзеуі қоғамдық санаға үлкен серпіліс әкелді. Бұл еліміздегі құқықтық мәдениеттің өркен жаюына жасалған алғашқы қадам болды. Мәселен, Мемлекет басшысы әлеуметтік кеселге айналған тоғыз түрлі құқық бұзушылыққа (тұрмыстық зорлық-зомбылық, синтетикалық есірткі, лудомания, қыз алып қашу, вейп, насыбай, вандализм, ысырапшылдық т.б.) арнайы тоқталды.
Егер осы тоғыз әлеуметтік кеселді ауыздықтай алсақ, төрт түрлі құқықтық мәдениетті орнықтырар едік. Олар – зорлыққа қарсы мәдениет, қоғамдық орында өзін ұстау мәдениеті, экологиялық мәдениет, адал еңбек мәдениеті. Бұл төрт мәдениеттің мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы мән-маңызын тарқатып айта беруге болады. Мәселен, бір ғана деректі алға тартайық. Елімізде құмар ойынға шырмалып, лудомания дертінен айыға алмай жүрген 470 мыңдай азамат бар екен.
Президент бұл кеселдің жаппай таралуына елдегі адал еңбек мәдениетінің дұрыс дәріптелмеуі басты себеп болғанын айтты. Бір күнде, бір мезетте байып шыға келуге деген құмарлықтың салдарымен күресу үшін оның орнын қоғамдағы еңбек адамына деген құрмет басуға тиіс. Бай болудың басты жолы табанды еңбек пен маңдай тер арқылы келетінін санаға сіңірмей құмар ойынға деген құлшынысты жоя алмаймыз. Демек, әлеуметтік кеселдің орнын жаңа құндылық басуы керек. Егер біздің идеология сол жарты миллионға жуық азаматтың проблемасын айналып өтсе, ол идеяның болашағына да күмәнмен қарауға тура келер еді.
Сенімді нығайта түспек
Ұлттық идеология бұқара мен биліктің бір-біріне деген сенімін нығайтуды басты назарда ұстауға тиіс. Сондықтан да Президент Ұлттық құрылтайды халықтың билікке, биліктің халыққа деген сенімін күшейтетін мінберге айналдыруды мақсат етіп отыр.
Қазіргі таңда жұрттың билікке деген, мемлекеттік органдарға деген сенім мәселесі ең өзекті тақырып саналады. Батыс ғалымдары біз айтып отырған сенім жайын екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – вертикальды сенім. Бұл жалпы халық пен билік арасындағы сенім мәселесін тікелей сипаттайтын сала. Екіншісі – горизонтальды сенім. Бұл бөлім бұқара мен әлеуметтік топтарының өзара бір-біріне деген сенімін нығайтуды көздеуге тиіс. Яғни сенімнің бұл түрі елімізде тұрып жатқан қазақ ұлты мен басқа этнос өкілдерін бір идеяға жұмылдырып, ұлтаралық қақтығыстардың болмауын қадағалайтын сипатқа ие болуы керек. Өкініштісі сол, бізде өзге этностарды былай қойып, жергілікті халық пен қандас ағайын арасындағы сенім мәселесінде де қайшылық бар екенін көріп отырмыз. Яғни Құрылтай осындай мәселелерді шешудің өркениетті жолдарын ұсынуға тиіс.
Ұлттық құрылтайдың алдында бірінші кезекте вертикальды сенімді ғана емес, горизонтальды сенімді де қалыптастыру міндеті тұр. Бір сөзбен айтқанда, бізде өткен құрылтайлар қоғам ішіндегі түрлі топтар мен тұлғааралық қарым-қатынастарды реттемей, жалпыға ортақ құндылықтарды басшылыққа алмай, мемлекетте құқықтық тәртіптің салтанат құрып тұруы қиынға соғатынын дәлелдеп берді. Құрылтай болашақта да өз жұмысын әрі қарай сәтті жалғастыра беретінін байқаймыз.
Республика күні мерекесі қарсаңында Ұлттық құрылтай идеологиямызды түзуден бөлек, біртұтас мемлекет ретіндегі рухымызды тіктеп, аумақтық тұтастығымызды сақтауға, еліміздегі барлық этностың мәдениеті, тілі, дәстүрлерін дамытып, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға жол ашатын жиынға айналғанын да сүйіншілеуге болатын секілді.
Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,
заңгер