Қоғам • 23 Қазан, 2024

Сақтандыру нарығына түбегейлі өзгеріс қажет - Е.Бейсенбаев

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Аmanat» фракциясының депутаты Е.Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдап, сақтандыру нарығындағы шикіліктер туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сақтандыру нарығына түбегейлі өзгеріс қажет - Е.Бейсенбаев

Фото: gov.kz

Қазақстанда сақтандыру нарығы ширек ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп жатыр. Бірақ қарапайым азаматтар өмірлік қиындықтарда қаржылық қолдаусыз қалып жататыны жасырын емес. Дамыған елдерде сақтандыру қаржылық тәуекелдерді азайтуға арналған әлеуметтік келісімшарт ретінде қарастырылады.

Депутаттың пікірінше, біздің елде сақтандыру компанияларының иелері ғана пайда көреді.

«Мәселен, жол апатында адам қайтыс болған жағдайда мұрагерлерге сақтандыру сомасы төленбейді. Ал марқұмның асырауында мүгедектер немесе тұрақты жұмысы жоқ адамдар болса, төлем қарастырылған. Банк заңнамасының нормаларына сәйкес, несие бойынша қарыздар асырауындағы адамдардың болуын ескермей, мұрагерлерден өндіріліп алынады.

Баланың жол-көлік оқиғасында қайтыс болуы да сақтандыру заңнамасында қарастырылмаған. Ал жол апатынан қайтыс болған үй жануарлары үшін сақтандыру төлемдері міндетті түрде қарастырылған. Сонда жануарлар үшін төлемдер бар болса, адамдар үшін төлемдер жоқ па?!», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат бұл әділеттілік принципі мен парасаттылыққа қайшы келетінін тілге тиек етті. Сақтандыру қосымша мәселе туғызбай, адамдарды қорғауы керек.

«Екіншіден, ұзақ жылдар бойы міндетті сақтандыру үшін төлемдердің ең жоғары сомасы - 600 АЕК. Бұл сома қазіргі жағдайда автомобильдерді жөндеу мен қалпына келтірудің нақты бағасына мүлдем сәйкес келмейді. Мысалы, қымбат көліктің бір ғана фарасы бірнеше миллион теңге тұрады. Ал жөндеу сомасы одан да көп. Бұл ретте жол апатына кінәлі адам қымбат жөндеуді төлей алмайды, бұл сайып келгенде оның бүкіл отбасына, соның ішінде балаларына да зиян келтіреді. Несие алуға немесе қандай да бір мүлікті сатуға мәжбүрлейді», деп түсіндірді Е.Бейсенбаев.

Оның айтуынша. көптеген азамат міндетті сақтандыру залалдың барлық сомасын жабады деп ойлайды, осылайша жол қозғалысына қатысушылар жоғары тәуекел аймағына кіреді.

Оған қоса тәуелсіз бағалаушыларды тарта отырып, жәбірленушілердің бүлінген мүлкін нақты бағалау күрделі мәселеге айналды.

«Заңдағы механизм іс жүзінде жұмыс істемейді. Нәтижесінде сақтандыру компаниялары залал сомасын өз бетінше бағалайды және барлық жерде төлем мөлшерін төмендетеді. Адамдар автокөлікті қалпына келтіру үшін өз жинақтарын жұмсауға мәжбүр. Біз сақтандыру компанияларының өздері үшін қолайлы жағдай жасағанын көріп отырмыз. Қаржылық қорғаудың негізгі функциялары орындалмай жатыр. Жоғарыда келтірілген мысалдар осының айқын дәлелі», деді ол.

Депутаттық сауалын қорытындылай келе, депутат мәселені шешуге бағытталған ұсынысын ортаға салды.

«Сақтандыру компанияларын қайтыс болған адамның мұрагерлеріне сақтандыру төлемдерін төлеуге міндеттеу керек. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін бұрынғы деңгейде сақтай отырып, сақтандыру төлемдерінің сомасын ұлғайту қажет. Сақтандыру саласында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті арттыратын өзгерістер пакетін дайындау керек.

Сақтандыру нарығындағы жағдай түбегейлі қайта қарауды қажет етеді!», деді Е.Бейсенбаев.