Әдебиет • 24 Қазан, 2024

Аудионұсқадағы әдеби туындылар

1175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлт руханиятын дамытуда көркем әдебиеттің алар орны ерекше. Осы орайда Атырау облысында танымал ақын-жазушылар шығармаларының аудиокітап нұсқасы жасалды.

Аудионұсқадағы әдеби туындылар

Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысы бойынша өкілі Әлия Дәулетбаеваның айтуынша, «Атырау толқындары» деп аталатын жобаға жергілікті әкімдік қолдау білдіріп отыр. Қыркүйек айында ұлт руханиятын байытуға мол үлес қосқан он қаламгердің аудиокітабы шыққан.

Бұл жоба аясында бел­гілі ақын-жазушылардың туын­дылары аудиокітап түрінде Яндекс пор­талының «Яндекс-кітаптар» платформасына жүк­те­леді. Аталған пор­талмен 5 жылға келісімшарт жасалыпты.

«Жыл соңына дейін 30-ға жуық аудиокітапты «Яндекс-кі­таптар» платформасына жүктеу көз­деліп отыр. Аудиокітапқа қалам­гер­лердің ең таңдаулы туындылары іріктелді. Оның ішінде XV ғасыр­дағы жорық жырауы Қазтуған Сүйінішұлының, алдаспан жырдың ақберені Махамбет Өтемісұлының, зар заман ақыны Мұрат Мөң­кеұлының шығармалары бар. Бұл лекте өмірден ерте өткен Ма­рат Отаралиевтың, поэзиядағы өзін­дік үнімен ел жадына жаттал­ған Фариза Оңғарсынованың туын­­дыларының аудионұсқасы жа­зылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ақша бұлт ақын атанған Әбу Сәрсенбаев, «Жаман Жәутік» романымен оқырман ықы­ласын аударған Есенжол Дом­баев қалдырған туындылардың аудио­кітабы оқырман ықыласын туды­ратыны даусыз», дейді Әлия Дәулетбаева.

Сондай-ақ өнер зерттеушісі, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жа­қановтың, танымал қаламгер Марат Мәжитовтің, Қа­зақстан Жа­зушылар одағының бас­қарма төрағасы Мереке Құл­кеновтің, Нұрлан Қами шығар­маларының аудионұсқасы кәсіби студияда жазылған. Бардтық өнер­ді кеңінен насихаттаған Та­былды Досымов пен жас қалам­гер Бақытгүл Сәр­ме­кованың шығар­маларының аудионұсқасы бар.

«Аудиокітапқа тек көркем шы­ғармаларды енгізумен шек­телмейміз. Алдағы уақытта пуб­­лицистикалық, танымдық туын­­дыларға назар аударылады. Ау­дионұсқадағы осындай шығар­ма­ларды оқырманға ұсынуды жос­­­пар­лап отырмыз», деді Ә.Дәу­летбаева.

 

Атырау облысы