Маман • 24 Қазан, 2024

Мәртебелі мамандық, еселі еңбек

76 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мектеп ішіндегі аядай ғана бөлме кітапқа құштар балалардан бір сәт те босамайды. Бірі ертегі оқығысы келсе, енді бірін түрлі-түсті суреті бар кітаптар қызықтырады. Оқушылардың қай-қайсысының да көңілін табуға тырысатын кітапханашылардың бір күндік жұмысы кітап үлестірумен бітпейді. Даталы күндер, конференциялар, кездесулер кестесінен бөлек, оқулықтар, әртүрлі мазмұндағы кітаптарды күтіп ұстауға қатысты шаруамен дамыл таппайды. Осындай қарбаласқа толы күндердің бірінде Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 мектеп кітапханасының меңгерушісі Ғайша Садыровамен әңгімелесіп қайтқан едік.

Мәртебелі мамандық, еселі еңбек

Еңбек жолын өткен ғасырдың 70-жылдары Алматы облысы, Райымбек ауданы Текес орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған Ғайша Әкімқожақызы 40 жылдан бері білім саласында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оның отыз жылы кітапхана ісімен тығыз байланысты.

Ғайша Әкімқожақызы кітапхана қорымен, Президенттің мектеп кітап­ханаларының қорын жаңалау және толықтыру туралы тапсырмасына орай іске асып жатқан жұмыс барысы­мен таныстырды. Қазіргі кезде мектеп кітапханасының қорында 3 мыңнан астам көркем әдебиет, 29 мың оқулық бар. Дегенмен кітапхананың әдеби, танымдық, ғылыми-көпшілік бағыттағы қоры әлі де аздық етеді. Әсіресе қазақ тілді кітаптар қорын толықтыру уақыт күттірмейді.

«2022 оқу жылы қорымыз мемлекет тарапынан берілген 100 шақты кітаппен толықты. Бұл мектебіміздегі кітап оқуға құштар оқушылардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған қадамның бірі ғана. Қордағы кітаптар бірді-екілі данадан сақталатындықтан, қызығып сұраған кітаптарына балалар үнемі қол жеткізе бермейді. Әсіресе қазақ тіліндегі балалар әдебиеті, ертегілер мүлдем аз», дейді Ғайша Әкімқожақызы.

Мектеп директорының оқу ісі жө­ніндегі орынбасары Гүлнар Төлекованың айтуынша, үнемі ізденісте жүретін оқушы­ларды пән бойынша да, сабақтан тыс материалдар көп қызықтырады. Ал олардың үдесінен шығу үшін мектеп кітапханасының жұмысында дамыл жоқ.  «Меңгеруші Ғайша Әкімқожақызы мен кітапхана қызметкері Жазира Ақжол­таева күнделікті кітап қорын сақтау, оқу­лық тарату сияқты көзге көріне бермей­тін жұмыстың бел ортасында жү­ріп, кішкентай оқырмандардың да көңі­лін таба біледі. Кітап қорының сақталуына жауап беру бар да, оқулық­тармен жұ­мыс өз алдына бөлек мәселе. Оқулықты оқушылардан қабылдап алу, оның әр парағын түгендеп, жаңа оқу жылында келесі оқушыға табыстау – үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Кітапхананың көпшілік біле бермейтін ішкі жұмысы мұнымен бітпейді. Меңгеруші Ғайша Әкімқожақызы зейнет жасына қара­мастан, кітапхананың жұмысын жандандырып, үнемі түрлі мәдени іс-шара­лардың бел ортасында жүреді. Осындай кәсіби маманнан жастардың үйренері көп. Бір әттеген-айы, жалақысы мардымсыз кітапханашы жұмысына жастарды тарту өте қиын», дейді Г.Төлекова.

«Кітапханаға бастауыш сынып оқушылары көп келеді. Олар заманауи безендірілген, жылдам оқылатын, мазмұны тартымды кітаптарға қызыға­тын болса, жоғары сынып оқушыларын ғылыми-көпшілік, тарихи кітаптар, көркем әдебиет көп қызықтырады.  Алай­да кітапханаға келіп түскен кітап­тар­дың денін аударма әдебиеттер құрай­ды. Кітап оқығысы келетін бала­лар­дың төл әдебиетімізбен сусындап өс­кені маңызды. Биыл кітап­хана қоры Б.Соқбақбаев, С.Мұратбеков, Б.Мо­мышұлы, М.Мақатаев, тағы да басқа қаламгерлердің бірді-екілі шығарма­ларымен толықты. Дегенмен мұның өзі оқырмандар үшін аздық етеді. Мұнда әр кітап кем дегенде 10-15 данадан болғанда ғана оқырмандар сұранысын қанағаттандыра аламыз», дейді кітапхана меңгерушісі.

Кітапхана қорымен таныса жүріп, расымен де «Алдар көсе», «Қобыздың хикая­сы», «Шежірелі жерлер», «Оты­рар кітапханасы», «Қорқыт ата», «Әжем­нің ертегілері», «Жануарлар туралы ерте­гілер», «Қожанасырдың айды аспанға шығаруы», тағы басқа қазақ тіліндегі кітаптардың ескіріп кеткенін көрдік. Осы мазмұндағы тозған кітаптарға жаңа­ша реңк беріп, әр парағын түгендеп оты­ратын мамандар балалардың кітап­қа қызығушылығын арттыра түсу мақса­тында төл әдебиетіміздің бай қоры жасақ­­талуға тиіс екенін алға тартады.

Оқырман қызығушылығын арттыру мақсатында  мектепте bookcrossing бұрышын ұйымдастырып, балалар­дың үйден әкелген кітаптарымен толық­тырып отыруды дәстүрлі шараға ай­налдырған. «Мұнда балалар кітап оқып қана қоймай, қызу пікірталасқа түсіп, кітап жайындағы әңгімелер айтуы – олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді» дейді кітапхана меңгерушісі.

Айтса айтқандай, Ғайша Әкімқожа­қызы өзі жұмыс істейтін кітапхана ғана емес, басқа да білім ошақтарындағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, се­минарларға тұрақты қатысып келеді. Осы жылдардағы еңбегі еленіп, кітапхана саласының үздігі өз ісінің кәсіпқойы ретінде көптеген марапатқа ие болды. Десек те, мектеп кітапханашыларына ортақ мәселеде қордаланып, шешімін табатын жайттар жеткілікті. Қала мектеп­теріндегі кітапханаларда үлкен қор­мен жұмыс істеп жатқан кітапханашылар­­дың қатарын көбейту мәселесі де әлі күнге шешімін таппай келеді. Қазіргі кез­де кітапхана қызметкерлерін толғанды­рып отырған түйткілді мәселенің бірі – оқу­лық­тармен жұмыс. Оқулықты тара­ту, күтуін қамтамасыз ету мен оқу жылы соңында жинап алудың ма­шақаты көп. Сондықтан мектеп кітап­ханасының жұмысы оқулықпен емес, ба­лаларды кітап оқуға, әдеби қорды да­мытуға бағытталуға тиіс. Мектеп кітап­ханашыларының мәселесі Оқу-ағарту министрлігі назарынан тыс қалған. Бұл көптен бері кітапханашыларды толғандырып жүрген жайт. Егер де кітапханашылардың осы уәжіне мемлекет тиісті көңіл бөлетін болса, онда мектеп кітапханашыларының жалақысы да өсіп, әлеуметтік мәртебесі де артқан болар еді. Ал мектеп ұжымы мен жас оқыр­мандардың алғысын арқалап, қалайда оқуға құштар оқушылардың көңілінен шығуға тырысып жүрген мамандардың ісі қашанда зор құрметке лайық.

 

АЛМАТЫ