22 Маусым, 2010

АБАЙ АТА АСҚАҚТАДЫ АСТАНАДА

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан Туризм және спорт министрлігінің алдында хакім Абайдың айшықты ескерткіші бой көтерді. Биылғы жылдың басында, дәлірек айтсақ, қаңтар айында Абай ескерткішін құюға республикалық байқау жарияланған болатын. Онда ең үздік атанған алматылық Болат Досжановтың эскиз-идеясымен құй­ылған Абайдың ескерткіші таң­даулы деп танылып, енді, міне, ел­ордада бой көтерген ескерткіштер қатарын толықтыра түсті. Ескерт­кіштің ашылу рәсіміне Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қа­нат Саудабаев, Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қала­сы­ның әкімі Иманғали Тасма­ғам­бетов, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ұлы ақын ескерткішіне гүл дестесін қойды. Осыдан кейін Парламент Сена­ты­ның Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев сөз сөйлеп, хакімнің ұрпағына қалдырған мол мұрасы қашанда ха­лық жадында екенін айтты. Абай­дың қара сөздері әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, күні бүгінге дейін еш маңызын жоғалтқан емес. Ал қазір бүкіл әлем қазақтың бай­тақ даласынан шыққан дара Абай­дың қара сөздерінің сұлулығы мен дана­лығы алдында бас июде, деді ол. Ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген ұлы ақынның жиені, “Абай қорының” директоры Балтабек Ерсәлімов: “Абай – қазақ халқының бет-бейнесі, төл­құ­жаты. Егемен еліміздің бүкіл идео­логиясы Абайдың өсиетімен, ақылымен, арманымен жүруі керек”, –  деген ойын жеткізді. Хакімнің жаңа ескерткіші сти­ло­баттан, тұғыр мен мүсіннен тұра­ды. Оның жалпы биіктігі 14 метрден асады. Ал жеке Абай мүсі­ні­нің биіктігі – 7, 550 метр. Мүсін­дік композиция еш қоспасыз бір­тұ­тас әзірленіп, таза қоладан құй­ыл­ған. Астана әкімдігі баспасөз ор­талығы таратқан ақпаратқа қара­ған­да, жыл сайын ақынның туған күніне орай ұйымдастырылатын Абай оқулары болашақта осы жер­де өтетін болады. Ескерткіш авто­ры Б.Досжанов Абай бейнесін өз шығармашылық талдауында терең ойға кеткен қалпымен бейнелепті. Мүсінді дайындауға “Көркем-құйма комбинаты” МКК тапсырыс берсе, оны “КазАртБронза” ЖШС дайындап шығарған. Абайдың ай­шықты ескерткішіне тағы да бір рет көз тоқтата қарап тұрып, хакімнің “Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деген сөздері ойға оралды. Шындығында да, өз заманынан асып туған данышпан Абай тұлғасы қаншама жылдар өтсе де көз алдымызда биіктей түсуде. Венера ТҮГЕЛБАЙ. АНАСЫНЫҢ АБАЙҒА АЙТҚАН ӨСИЕТІ Абай бол, аңқау, албырт қазағыңа, Ара түс алапатты азабына! Абай бол, заманыңның желі қатты, Көз сал тек ұлы өмірдің ғажабына. Пайғамбар бола алмассың – міндетін ал. Сөзіңнен тақсын жұртың күнде тұмар. Өмірдің сан саласын ұққан халқың, Қарасын секілденіп күнге құмар. Сом сөзің болсын әр кез еліңе азық, Сол бейнең секілденіп темірқазық. Мәңгіге жұлдыз болып тұрып қалсаң, Халқың да тыныс алар белін жазып. Әр заман заң әкелер басқа-басқа, Сол заңнан өзге ұрпақ тәлім тапса. Сен айтқан адамдықтың қасиетін, Ұмытпас терең мәнін ғылым ашса. Ұлылар дәуірді ақтап алмасады, Ғұмырдың ұлы көші алға асады. Солардың сені мақтан тұтқандары, Жаңа бір жарқыраған таңға асады. Нұрғожа ОРАЗ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.