Президент сайлауы қарсаңында ойланбайтын, толғанбайтын адам жоқ. Ақыл-ойыңның қия шыңына көтеріліп бүкіл елдің, кең-байтақ жердің ол шеті мен бұл шетін шолып шыққанда қазіргі айтар ойымыздың қиын да қастерлі, қат-қабат қойнаулары көп екенін байқап, тоқтап қалуға тура келді. Оның сыры мынандай еді: талай ұлы адамдар жайында жазып жүрміз. Олардың әрқайсысының өзі шыққан биігінен өмір жолына шолу жасайсың да, кедергісіз, сүйсіне отырып оқырман алдында сыр толғайсың. Ал бұл жолғы біздің ой тереңімен толқып отырғанымыз жай ғана ұлы адам емес, елімен, халқымен, жерімен тағдыры тұтасып кеткен, өмір жолы күрделі де қат-қабат, тереңі мен биігі оңайлықпен алдыра қоймайтын астарлы сырға толы жан. Ол – бостандық алған еліміздің бақытты болашағына халқын қайыспай бастап бара жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Нұрекең туралы бір ауыз сөз айтсақ бүкіл халқымыздың бүгінгі тағдыры түгел қозғалады. Өткен тарихымыз бен болашағымыз ойға оралады. Қазақстан сияқты көлемі жағынан алып елдің қай қырын айтарсың. Жұртымыздың әлем аренасындағы тұрақтанып келе жатқан бейнесі, болмыс-бітімі сөз болса осынша күрделі елдің сан-салалы тақырыбының қайсысын қамтырсың. Жер шарындағы халықтар ішінде еншісіне осыншалықты ұлан-байтақ жер тиген және сол жердің асты-үсті бірдей байлыққа тұнған, оны игеру проблемасы жан-жақты қиындыққа айналып отырған ел тағдыры басқа елдер арасында өте сирек болар. Сонысымен де қолға алып отырған тақырыптың бізді көп ойландырып, көп толғандыратын жөні бар.
Бір мәселенің басын ашып алдық. Ол айқындық – Қазақстан Республикасының хал-жайын айтар болсақ, Елбасының Президент сайлауына дейінгі өмірін айтқанымыз болады. Ал Нұрекең жайында ой толғасақ – жас мемлекетіміздің тағдыры жайында тебіренгеніміз болмақ. Өйткені, бұл екі ұғым тұтасып кеткен бір ұлы тұлға іспетті.
Біз Нұрекеңнің тұлғалы азамат болып қалыптасу дәуірі КСРО тұтас тұрған кезде өткенін білеміз. Қазір ол дәуірді толық әңгіме етпесек те, КОКП Орталық Комитетінің «бауырлас республикаларды» қалт қылмай бағып отырған тұста-ақ Нұрекең тастүлек қыранша жетіліп өз елінің, өз жерінің, өз жұртының тізгінін қолына алып, халқының болашағын барлай бастаған еді. Сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясының съезінде сөйлеген сөзімен де жұртты өзіне жалт қаратып, қоғамда ерекше қимыл жасайтын ардагер азамат екенін танытқанын байқағанбыз.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, жұртшылық сол дәуірде-ақ өзінің болашақ көшбасшысын дәл байқап, тура таныпты. КСРО-ның жалғандықтан жаратылған іргетасы қираған кезде бұрынғы алдамшы қуыршақ мемлекетімізді сол бағыныштылықтан бостандыққа алып шығып, нағыз тәуелсіз республика жасады. Алдымыздан тірелген таудай небір қиындықтардың бәрін еңсеріп, ел көшін үнемі ілгері жылжытуда.
Әрине, жаңа мемлекеттің даму жолы оңайға түспейтіні белгілі. Оның үстіне біздің қалап алған жолымыз – қоғам дамуындағы жаңа формация. Ол – бүкіл әлемді баурап алған «нарықтық экономика» деп аталатын жаңа қоғамдық қатынас. Әрине, әлемді жаулап алған қоғамдық құбылыстан шет қалатын бірде-бір ел болмайтыны белгілі. Сондықтан да, жаңа бағытта даму жолына түскен еліміздің соныдан жол салуға тап келген қиындықтарды еңсеру арқылы өтіп жатыр. Нұрекең сол қоғам жаңалығын қайтсем жеңілдетем деген арпалыста.
Осы тұста бір басын ашып алатын пікір таласы бар. Қызмет дәрежесі әр деңгейдегі азаматтардың көпшілігі «капитализмге қайтып келдік» деп жүр. Ал, шындықтың бұлтартпайтын линзасымен анықтап байқасақ, біз қабылдап алған қоғамдық қатынаста социализм де, капитализм де жоқ. Социализмнің жоқтығы айдан анық белгілі. Ал капитализмге келер болсақ, шетелдердегі бұрынғы танымал капиталистердің бүгінгі ұрпағын сол баяғы күйінде кездестіру қиын. Өйткені, ол заманында Савва Морозов болса зауыт, фабрикаларын құрып тастаған, олар мұның араласуынсыз-ақ өнімдерін шығарып жатыр. Ақшасы мұның қалтасына құйылып жатыр. Савва болса Максим Горькиймен әңгіме-дүкен құрады, сұлу әйелдермен саяхат жасайды. Тіпті, досының өтінішімен большевиктерге де ақша беріп қояды, яғни не істеймін десе де шексіз байлықтың иесі екені айдан анық.
Бүгінгі біз айтып отырған нарықтық экономика сол алпауыттар ұрпағының біразын байлық аренасынан ысырып шығарды. Өйткені, жаңа байлық иелері пысықтығымен, алымдылығымен, айла-тәсілімен, білім-парасатымен, ширақ қимылымен төменнен өсіп шыққан жаңа пиғылдағы адамдар. Бұл арада ертеден келе жатқан адамзат қоғамдарының бәріне ортақ мораль, адамгершілік қасиеттер сақтала бермейді. Оған керісінше, өз моральдары, өздеріне тән идеологиялық өлшемдері бар. Біз ол өлшемді әлі ақылмен игеріп, санамызбен саралап бойымызға дарытып үлгере алмай жатырмыз.
Сондықтан да, қазіргі үстімізге келіп орнап жатқан жаңа формацияның қоғамдық қатынасы жайлы жұртшылық әр деңгейде, әркім өзінің ақыл-көлемі жеткенше әр саққа жүгірткен келіспеушілік қалыптарын айтып пікір додасына түсіп жатады. Уақыт өткен сайын, замана ілгері жылжыған сайын жаңа қоғамдық қатынас даурықпадан бастығып, іргесін бекіте беретіні белгілі. Тек оған шыдамсыз жұрт әлгіндей алып-қашты сөзбен әлектеніп жүр. Тіпті, бұған Нұрекеңді кінәлайтын әлжік оппозиционерлер де бар. Әрине, олар соныдан жол салған елдің ұтысын әділ таразыға салмай, бірыңғай көлеңке жағын сөз етіп даурығады. Және сол қиыннан құтылар айқын жолды өздері де нұсқай алмайды.
Бірыңғай баю жолына түскен жандар бірді екі етуді бұлтартпас заңдылық етіп алуы шарт. Сол жолда көзжұмбайлыққа еніп кетіп жемқорлыққа белсенетіндер де бар. Сондықтан да Нұрекең ондай адал жолдан бұрылғандармен аяусыз күрес ашты.
Орынсыз баға көрсетіп, тұтынушылардың несібесінен артық асап қалушылар да жоқ емес, ондайларға қарсы күресетін антимонополия саласы құрылған. Осы тәріздес бір жағынан, елді дамыту, екінші жағынан, ішкі қайшылықпен күрес және сол жолда әділдік туын берік ұстау үшін Нұрекең сияқты қажырлы, қайсар, халқының қамы үшін қиындықтың талайына бел шешіп кірісе алар тарлан тұлғалар ғана керек.
Біз жоғарыда бұрынғы капиталистік қоғамның алпауыттары мен бүгінгі нарықтық экономика дәуірінің байлық иелерін ажырата тану мәселесін бастаған едік. Бұрынғы капитал иелерінің қоғамдағы орны жеткілікті айтылды. Олар – өз байлығының шектелуді білмейтін иегерлері.
Ал қазіргі байлық иелері көбіне шоғырланған монополия иелері. Олар концерн, корпорация, фирма, тағы басқа атаулармен бірігеді. Әрине, орталарында тізгін ұстаған басшылар (көбіне сайлап қойған) бар. Бірақ солар бір-біріне сене бермейді. Өйткені, бір жерде, бір ұйымда отырып-ақ бір-біріне астыртын әрекет жасап, қақпан құрады. Біреуі жасырын әрекетпен акцияларды жиып алады да бүгінгі байлық басында отырғанды ертең-ақ орнынан тайдырып жібереді. Олардың арасындағы бәсекелестік аяусыз. Сондықтан да нарық байлығының иелері бұрынғы капиталистердей жайбарақат жүре алмайды. Бұлардың жұмысы екі бағытта дамиды. Біреуі ашық, айқын, жариялы түрде күнделікті атқарылатын іс. Екіншісі – астыртын, жасырын, сыбырмен, парамен жүргізілетін құпия жұмыс.
Күнделікті іс-әрекеттері осындай болғандықтан олар негізгі жұмысында әртүрлі, әрқилы адамдармен айтыса, тартыса отырып іс атқарса, түнде өзгелерден оңашаланып сол жұмыстарына талдау жасайды. Қай жерден ұттым, қай жерден ұтылдым деген сұрақтарды талдайды. Сол ұжымда жүрген жансыздарын бір-бірлеп алып акциялар орнында ма, сыбыр естілмей ме – соны сұрап, анықтайды. Ол жансыздар бір-бірін білмейді. Яғни, жанын жұлып жеген осындай байлық иелерімен баяғы капиталистерді мүлдем салыстыруға болмайды. Бұл қоғамның күрделілігі де сонда.
Ал солар жасап жатқан қоғамдағы көріністерге қарап тұрсаң – бұрын адам баласының қолы жетпеген жаңалықтар. Тіпті өзге талдауды былай қоялық, көшедегі келе жатқан жандардың үсті-басына қараңыз. Әлі даму деңгейінде ғанамыз деген біздің елдің көшесін айтып отырмыз. Қандай қонымды киімдер, бірінен-бірі асыра сән түзеген жастар көздің жауын алады. Азық-түлікті қараңыз – бұрын біз көрмеген ғажайып жемістер Жер шарының түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Үйлерге кіріп көріңіз – еурожөндеуден өткен хан сарайына бергісіз үй жиһаздарының салтанаты алдыңыздан жайнап шығады. Айта берсең жаңалық көп-ақ. Жұмыссыз, кедейлер де бар ғой деген сөз болар. Әрине, әлі қалыптасып, екшеленіп болмаған қоғамда бәрі де болады. Соның бәрі қалпына келу үшін уақыт қажет. Нұрекеңнің қабырғасына бататыны да осы жағы екенін оның сөйлеген сөздерінен естіп жүрміз.
Енді осы қоғамдағы нарықтық қатынас қалай дүниеге келді деген сауал тууы мүмкін. Біз тарихтан болжап білген қоғамдық формациялардың өзгеруінің бәрі де қантөгіс арқылы іске асқандары белгілі. Біздің мемлекетіміздің қақпасын ашып кірген жаңа қоғамдық қатынас бейбіт жолмен келді. Оны дінге сенетін жұрт Алланың бізге жасаған рақымы деп таниды. Ал, шын мәнісінде, бұл формация – ХХ ғасырда екі рет әлемді дүр сілкіндірген дүниежүзілік соғыстың жемісі еді. Планетамыздың арғы бетінде болған кейінгі серпіліс пен Еуропадағы соғыстан кейінгі серпіліс адамзатты осы қоғамдық қатынасқа әкеп түсірді. Бұдан шет қалатын ел жоқ. Тіпті, социализмге талақша жабысып жатқан Қытай, Солтүстік Корея, Вьетнам, Куба сияқты елдерде де іштей түлеп, өсіп келе жатқан нарықтық экономика социализмнің қалдықтарын жар қабағына ығыстырып бара жатыр. Бұл қоғамдық қатынастың адақтап көзге түсер бір ерекшелігі – әрекетсіз адамға аяушылығы жоқ, талпынбасаң үстіңнен таптап өтеді.
Жаңа қоғамдық қатынас бұрын адамзат жайлаған мемлекеттер басынан өткізбеген жаңа формация екенін дәлелдеген осы тұста тайға таңба басқандай етіп айтатын – бұрын да айтылып жүрген – тағы да қайталап айтатын қоғамдық ғылымның теориясы бар. Ол – тарихтың дөңгелегі кері айналмайды, тек қана алға жылжиды – деген бұлжымас қағида. Сондықтан да нарықтық қатынастан үрікпеген жөн.
Әрине, бұлайша дамудың бір үміті демократияның салтанат құруы деп білеміз. Әзірге әр елде, әр жерде, әр деңгейде дамып жатқан нарықтық қатынастың қалпы танылады. Біздің елімізде Нұрсұлтан Әбішұлының жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанталаса ізденіп, талпынып, өзгелерден көргенін өз ақылының өлшеміне салып байқау арқылы біршама ретке келіп қалған жаңа қоғамдық қатынастың қарқынды беталысын көргенде тәубе деуге болады.
Біз жоғарыда айтқан замананың зор құбылысы қазақ халқына оңайға тимейтіні белгілі еді. Біздің халықтық мінез-құлқымыз мыңдаған жылдар бойғы көшпелілер өркениетінің кең жайлаудағы жайбарақат күйінен туып жатса, әрине, жаңа менталитетті тез меңгеріп кете қою оңай іс емес екені айқын. Соны көрген Елбасы да халқының қамын ойлап қабырғасы қайысады.
Нұрекеңнің бойына біткен қасиеттерінің ішінде өткірлігі, соған орай тез шешім қабылдағыш ширақтығы, ой таласы тұсында жалт етер тегеурінді ақыл-парасаты бізді үнемі қуантып, риза етіп отырады. Сондықтан да біз оған қалтқысыз сенеміз. Сол арқылы халқымыздың үлкен болашағына да сеніміміз мол.
Бүгінгі әлемдік деңгейде мемлекетаралық қатынастар еліміздің болашағын белгілейтін бір фактор болса, бұл тұста да Елбасы өзге мемлекеттердегі тұрғыластарының ішінде ерекше дараланып тұрады. Қай жердегі жиындарда болмасын оны құрметтеп, қошеметтеп ризалықпен сұхбаттасып жатқан мемлекет қайраткерлерін көріп риза болып отырамыз.
Бүгінгі Нұрсұлтан Әбішұлының Президент сайлауы кезінде ойымызда жүрген көп толғаныстың шетін қозғап сыр шертсек, айтпағымыз осындай еді. Халқымыздың тарихындағы Тұңғыш Президентті, елді бақытты болашаққа бастап бара жатқан Елбасымызды өзінің біріншілігін, туған халқы үшін ұлылық дәрежесін мәңгіге қалдыратын арысымыз деп білеміз. Сондықтан да сайлау кезінде халқымыз өзінің сүйікті Елбасына дауыс берді.
Нұрғожа ОРАЗ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.
АСТАНА.