– Рашида Ерімқызы, тарихымызды түгендеу, шет ел архивтері мен музей қорларындағы өткенімізге қатысты құнды жәдігерлерді елге қайтару ісі мәдени қауымдастыққа үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны мәлім. Мереке қарсаңында көрермен назарына ұсынылып отырған көрменің мән-маңызы, мақсат-міндеті туралы айтып өтсеңіз?
– Ең алдымен елдігіміздің еңселі мерекесі құтты болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек» – деген болатын. Осыған орай Президентің шетел қорларындағы тарихи жәдігерлер мен архив құжаттарын елімізге қайтару жұмыстарын жандандыру және олардың дәлме-дәл көшірмелерін алу тапсырмасы негізінде Орталық музей қызметкерлері Ресейдің Астрахань, Омбы және Орынбор қалаларының архивтері мен музейлеріне іссапармен барып, қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар мен жәдігерлердің тізімін жасап қайтты. Бүгінгі көрмеде сол сапар барысында қолға түскен маңызды материалдарды көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
–Астрахань қаласына археографиялық іссапарға кімдер барды және қандай маңызды материалдар елге әкелінді. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Орталық музейдің Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі Жасұлан Белтенов және Этнография бөлімінің жетекшісі Арай Балаева 23 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астрахань қаласында археографиялық іссапарда болып, «ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстанның тарихы мен мәдениеті» тақырыбы аясында ғылыми материалдарды іздестіру, жинақтау жұмыстарын жүргізді. Астрахань Мемлекеттік бірлескен тарихи-архитектуралық музейінің қорды есепке алу бөлімінен қазақ халқының ХІХ – ХХ ғғ. кезеңдеріне қатысты этнографиялық материалдардан 309 экспонаттың тізімі ғылыми атрибуциясымен қоса алынды. Оның ішінде сырға, шашбау, шекелік сияқты сан алуан зергерлік бұйымдар, бешпент, шапан, сәукеле, қалпақ, кимешек сияқты көптеген киім түрлері, кілем, алаша, текемет, сырмақ сияқты төсеніш бұйымдарынан тұратын заттық мәдениетіміздің үлгілері бар. Сонымен қатар, қазақтың ХІХ – ХХ ғасырдың басындағы өмір тіршілігінен хабар беретін фотосуреттер тізімінің маңызы да ерекше. Астрахань облысының Мемлекеттік архивінен барлығы 15 іс қаралып, 923 беттен тұратын материалдың электронды нұсқасы әкелінді. Архив қорларын іздестіру, жинақтау нәтижесінде табылған құнды құжаттардың бірі – Ресей Империясының императоры I Александрдың 1823 жылдың 20 қарашасындағы жарлығымен шыққан Бөкей ханның ұлы Жәңгір сұлтанға хан шенін беру туралы іс көпшіліктің қызығушылығын тудырары анық.
– Омбы тарихи-өлкетану музейінің қорынан қазақ халқының этнографиясына байланысты бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған материалдардың көшірмелері музей қорына қосылыпты. Оның ішінде қандай материалдар бар?
– Иә, өзіңіз айтып өткендей, Омбы тарихи-өлкетану музейінің қорынан қазақ халқының этнографиясына байланысты бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған 11 фотосуреттің электронды көшірмесі жинақталды. Оны XIX соңы – ХХ ғасырдың басындағы Семей облысы, Павлодар уезіне қатысты: Теріні сұрыптау, Аңшылар шатыры, Мал терісін дайындау базасының аумағы, Терілерді кептіру, Қазақ киіз үйлері, Аңшы, Артель, Астық қоймасы, Қазақтың киіз үйі жанындағы қой еті, Киіз үйдің жанындағы жұмысшылар тобы тақырыбындағы суреттер құрайды. Омбы облысының Мемлекеттік тарихи архив қорынан 45 істің көшірмелері жасалды. Оның ішінде, Саржан Қасымов, Есет Көтібарұлы туралы архивтік құжаттарды ерекшелеп айтуға болады. Бұл материалдарға музейдің Қазақстан тарихын зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Гүлсара Жапақова мен қор сақтаушы Қанағат Аятовтың Омбы қаласына жасаған «XVIII-XIX ғасыр қазақтарының тарихы мен мәдениеті» тақырыбындағы археографиялық іссапары барысында қол жеткізіліп отыр.
– Ел аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру және қазақтың мал-мүлкін тіркеудің алғашқы құжаттық үлгілерін де көзіміз шалып отыр. Бұл да ел тарихын түгендеу жолындағы маңызды деректердің бірі емес пе...
– Орынбор облысының Біріккен мемлекеттік архивінен «Орынбор ғылыми архиві комиссиясының материалдары» тақырыбы бойынша – 620 беттік материалдардың көшірмесі алынды. Онда Орынбордағы музей құрылысы, музейге көне заттарды жинау, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты материалдар бар. Жаңа айтқан, ел аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы құжат пен қазақтың мал-мүлкін тіркеудің алғашқы үлгілері де маңызды материалдар қатарында. Музейлік қор сақтау бөлімінің жетекшісі Маржан Жүнісова мен археология бөлімінің ғылыми қызметкері Ольга Мякишеваның Орынбор қаласына археографилық сапары барысында Орынбор губернаторының тарихи-өлкетану музейіне «ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақтардың тарихи этнографиясы» тақырыбына қатысты бірқатар материалдар анықталып, оларды суретке түсіру және сканерлеу жұмыстары жүргізілді. Ол жерден киім, зергерлік бұйымдар, белдіктер топтамаларынан 21 музейлік зат (57 сурет) анықталды.
– Расында ел тарихына қатысты маңызды материалдарға қол жеткізілген екен. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғаса беретін болар?
– Әрине, бұл жұмыстар жалғаса береді. Өткенге салауат айтпай, келешекке керуен тарту мүмкін емес. Бұл жөнінде Президентіміз Ұлттық құрылтайда баса айтқан болатын. Тарихи ерекшеліктерімізді паш ететін жәдігерлеріміздің негізгі тізімдері жасақталып, оларды елге қайтару бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Музейдің алдағы жаңа экспозицияларында осы жәдігерлерді көрермен назарына ұсынуға асықпыз. Музей ғалымдарының бұл бағыттағы ізденісі музейді тың жәдігерлермен толықтырып, жаңа экспозициялардың көбеюіне жол ашпақ. Тағылым ордасында ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізден сыр шертетін маңызды көрмелер апта сайын өтіп тұрады. Музей экспонаттарын қызықтауға келетін көрермендер саны да арта түскен. Ресей архивтері мен музей қорларынан алынған тарихи, мәдени деректер де келушілердің ынтасын оятары анық.
– Әңгімеңізге рахмет!