Одақтастық байланыс нығаяды
Отырысты ашқан М.Әшімбаев алдымен қатысушыларды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, Мемлекеттік егемендік туралы декларация ғасырларға жалғасқан мемлекеттіліктің қайта жаңғыруының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Депутаттар атап өткендей, келісім Қазақстан мен Өзбекстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылын одан әрі дамытуды көздейді. Нақты айтқанда, бұл бағыттағы бірлескен жұмыс ауа мен судың ластануына жол бермеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды бақылау, биологиялық әралуандықты сақтау, экожүйені тоқыраудан қорғау, құмды дауылдардың алдын алу сияқты бірқатар маңызды шараны қамтиды. Бұған қоса келісімде Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде бірлескен іс-шаралар әзірлеу қарастырылған.
Сонымен қатар халықаралық құжаттың нормаларына сәйкес қоршаған ортаға мониторинг жүргізу саласында бірлескен ғылыми зерттеу жүргізіледі. Заңда әр тарап мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасу регламентін әзірлеу, өзара хабардар ету және қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыда әсер ететін төтенше жағдайлар бойынша қажетті шаралар қабылдау мәселелері де айқындалды.
«Қаралған келісім бауырлас екі елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығын нығайту мақсатымен әзірленді. Келісім аясында ауа мен судың ластануының алдын алу, қатты тұрмыстық және қауіпті қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағыттары бойынша тараптардың бірлескен іс-қимылдары қарастырылған. Сондай-ақ биологиялық әралуандықты сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және басқа да маңызды бағыттар айқындалып отыр. Жалпы, мақұлданған заң екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Осы келісімді қарау барысында құжаттың қазақ тіліндегі мәтінінде қателік кеткені белгілі болды. Сенат төрағасы мұндай олқылыққа жол беруге болмайтынын баса айтты.
«Қазақ тіліндегі құжаттарда қателердің кездесуі – бүгін пайда болған мәселе емес. Бұл проблеманы депутаттарымыз да үнемі көтеріп жүр. Сол себепті қазіргі таңда қазақ тіліндегі мәтіннен қате жіберіп, оны қайта түзету орынсыз», деді Палата спикері.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі нығайып, осы салада кәсіби мамандардың қатары артқанына назар аударды. Сондықтан Сенат төрағасы бұл салада тиісті мамандармен жұмысты күшейту керек екенін айтты.
«Бүгінде шет тілдердегі іргелі ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударып жүрген білікті мамандарымыз бар. Кейінгі жылдары олар белсенді жұмыс істеп келеді. Оны бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан бізде түрлі терминдермен жұмыс істейтін, қалыптасқан мамандар жеткілікті деп айтуға әбден болады. Сол себепті құжаттарда қазақ тіліндегі мәтінде қателік болмауға тиіс. Ал халықаралық келісімдерде бұған мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан тиісті ведомство осы мәселеден қорытынды шығарып, кәсіби мамандармен жұмыс істеуге тиіс. Алдағы уақытта мұндай олқылық қайталанбайды деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Ветеринария саласында бақылау әлсіз
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалын жолдап, өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Арман Өтеғұлов ветеринария саласында тиісті бақылаудың жоқ екенін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды. Бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Депутаттың айтуынша, кейінгі екі жылда кейбір аймақтарда түйнеме сияқты қауіпті аурулар мен тамақтан жаппай уланудың өсуі байқалды. Бұл проблемалар еліміздің өнім экспортына, әсіресе, ветеринарлық стандартқа сәйкес келмеуіне байланысты етті басқа елдерге жіберуге мүмкіндік бермеуге тікелей әсер етеді.
«Қалыптасқан жағдайға талдау жасағанда негізгі себептің бірі – мемлекеттік орган құрылымының тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Функциялардың шашыраңқы болуы, күш-жігердің қайталануы, мүдделер қақтығысы проблемаларды тиімді шешуге кедергі келтіреді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бір-біріне қарама-қарсы әртүрлі міндеттерді атқара отырып, ветеринария саласындағы реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын қалай нәтижелі жүзеге асырады?» деді сенатор.
А.Өтеғұлов осыған байланысты санитарлық, ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты біртұтас мемлекеттік орган құруды ұсынды.
Ара шаруашылығына бағдарлама қажет
Сенатор Закиржан Кузиев отандық омарташыларды алаңдатып отырған проблемаларға тоқталып, өнім сапасының және саланың даму қарқынының төмендеуіне жол бермеуді көздейтін бірқатар шараны атап өтті. Депутат балды сәйкестендірудің ұлттық стандарттарын қабылдау және өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін бақылаудың электрондық жүйесін енгізу қажет екенін жеткізді.
Оның айтуынша, еліміздегі омарташылардың әлеуеті зор болса да қиындыққа душар болып отырған көрінеді. Импорттан бажсыз келетін және сапасы тексерілмей шекарадан өтетін бал тұтынушылардың денсаулығы мен жергілікті өнім өндірушілерге қауіп төндіріп отыр. Ауру туғызатын араны заңсыз әкелу біздегі араның тұқымын жойып жіберетін кененің пайда болуына себеп болады. Сонымен қатар күмәнді химиялық заттарды қолдану жағдайды нашарлатып тұр және мемлекеттік қолдау бағдарламасының болмауы саланы дамытуға мүмкіндік бермей келеді. 2023 жылы елімізде 4 мыңнан аса тонна бал өнімі өндірілді, бірақ экспорт тек 222 тоннаны ғана құрады, бұл жалпы көлемнің 5%-ын құрайды. Ресейдегі балдың сапасына қойылатын талаптардың қатаюы да жағдайды ушықтыруы мүмкін. 1 қыркүйектен бастап Ресейде «бал» ұғымы белгіленді, ал 1 желтоқсаннан бастап тексерулер басталады. Зерттеулер бойынша Ресейдегі балдың 38%-ы жалған екенін ескере отырып, сапасыз балдың елімізге келу ықтималдығы арта түседі.
«Ара шаруашылығын қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдауды сұраймыз, оған қаржыландыру, оқыту және ғылыми зерттеу шараларын да қосу керек. Бал импортын қатаң бақылау орнату, сертификаттауды міндеттеу және стандартқа сәйкес зертханалық зерттеулер енгізу керек. Араның жағдайын ветеринарлық және санитарлық бақылауды да, зиянкестермен күресті де күшейту керек. Сондай-ақ «бал» ұғымын бекіту және жалған өніммен күрес үшін «Ара шаруашылығы туралы» заңға түзетулер әзірлеу маңызды. Сироптар мен қанттың бұрмалануын болдырмау үшін балды сәйкестендірудің ұлттық стандартын қабылдау, сондай-ақ нарықтың ашықтығын арттыру үшін өндірушіден тұтынушыға дейін балды бақылаудың электрондық жүйесін енгізу қажет», деді З.Кузиев.
Қалдықты өңдеудің салығы көп
Сенатор Ернұр Әйткенов қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласына қатысты жоғары салық жүктемесі «жасыл» экономикаға көшу үдерісін тежейді деп есептейді. Сондықтан сенатор Салық кодексіне тиісті заңнамалық түзетулер енгізуді және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелерінде бірыңғай мемлекеттік саясат әзірлеуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, қалдықтарды тиімді өңдеудегі негізгі кедергілердің бірі – қайталама шикізатты жинау мен өңдеуге салық жүктемесінің жоғарылығы.
«Дамыған елдердегі қалдықты басқару жүйесінде жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату сияқты барлық кезең қамтылады. Алайда елімізде бұл үдеріс қоқысты шығару және оны полигондарда көмумен ғана шектеледі. Мұнда қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату деңгейі 24%-ды ғана құрайды. Қолданыстағы заңнама аясындағы керітартпа ықпалды да атап өту қажет. Салық кодексінде осы салаға салық жүктемесі жоғары белгіленген, бұл жалпы қайталама шикізатты жинаудың қымбаттауына әкеледі. Мысалы, 10 кг макулатура тапсыру үшін қабылдау пунктіне жеке куәлік әкелу, сатып алу актісін толтыру керек және ақша төлеген кезде ЖТС-тың 10%-ы ұсталады. Бұл фактілер қайталама шикізат жинаушылардың наразылығын туғызып қана қоймай, күш-қуатты ұлғайтуда шикізат тапшылығын туындатады. Сонымен қатар қазақстандық қайта өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді және нарықтағы үлесін жоғалтуға ықпал етеді», деп атап өтті сенатор.
Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысына ҚТҚ басқару мәселесінде бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу үшін барлық мүдделі тарапты тарта отырып, жұмыс комиссиясын құруды ұсынды.
«Қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері үшін Салық кодексіне салық жүктемесін азайту жөніндегі түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Қайталама шикізатты қайта өңдеушілерді дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасын әзірлеу, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау қажет», деді сенатор Е.Әйткенов.